Пандемия кезінде таптырмас заттардың бірі қорғаныш құралдары болды. Алматы облысында аталған жабдықтарды шығаратын цех жұмыс істейді. Кәсіпорын атауы – «Техно Авиа Груп» ЖШС. Сәуір айында облыс орталығы Талдықорған қаласынан ашылған еді. Енді өрістері кеңейіп, Текелі қаласынан орын теуіп отыр.
Тігін цехы бір реттік медициналық бетперделер, халаттар, комбинезондар және басқа да арнайы киімдер шығарады. Аталған серіктестік филиалының басшысы Жарылқасын Болатұлының айтуынша, цехтың алып жатқан аумағы 350 шаршы метрді құрайды. Бүгінде өндіріс орны 50 жоғары жылдамдықты, 10 арнайы өндірістік тігін машиналарымен қамтамасыз етілген. Жұмыс орнында 70 адам еңбек етеді. Қызметкерлер екі ауысымда жұмыс істейді. Алғашқы елуі күндіз, қалған жиырма тігінші кешке қызметіне кірседі.
Қадамын енді басқан кәсіпорынның ғұмыры ұзақ болары сөзсіз. Алғашқы кезеңнен бастап күніне 18-20 мың дана, айына 400 мың дана бетперде тігіп отыр. Сонымен қатар айына 35 мыңға жуық халат шығарады. Бұл жоспарды іске асыру үшін 19 млн теңге қаржы бөлінген. Істің алға басуына міндетті түрде жүйе керек. Осы тұрғысында өндіріс орны ешкімнен қалыспайды. Барлық әрекеті мен бағдары алдын ала дайындалған. Яғни қолға алған істерінде реттілік бар.
Цех басшылығының жоспарына сәйкес жұмыс кестесі толық әзірленген.
Кәсіпорын тамыз айынан бастап жеке компанияларға, яғни мұнай, энергетика саласындағы өндіріс орындары үшін арнайы киім әзірлей бастаған.
Жауапты тұлғалар кәсіпорын жұмысының әлеуметтік сипатына үлкен мән беруде. Сондықтан цех қызметкерлері үшін Текелі қаласы бойынша тасымалдау және тегін түскі ас қарастырылған.