• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Қазан, 2020

Таңғалу синдромы

700 рет
көрсетілді

Талантты адамдардың «тәтті тамұғынан» буырқанып, бұлқына шыққан сәтті туындыларына таңғалмақ керек. Жанды картинаға, жақсы өлеңге һәм тәуір шығармаға таңғалу екібастан дұрыс. Әрі өз басыңа бұйырмаған өнерді басқа бір замандасыңнан көріп, тамсана таңғалуың заңды құбылыс сияқты. Яғни бұл да белгілі бір деңгейде мәдениеттіліктің белгісі дейміз. Алайда уақыт өте келе жақ­сыға таңғалудың жөні мен жосығы да өз­гереді екен.

Мәселенки, қазақ әдебиетінің кешегі дәуірінде мықты ақын-жазушылар да, сауат­ты оқырмандар да көп болды. Тіпті кей оқыр­манның деңгейі автормен шамалас ке­ліпті-мыс. Һәм ол кездегі таңғалыс та бөлек: шебердің шеберін ғана мойындаған, жақ­­сының жақсысына ғана таңғалған. Ал ауыл­­дағы қарапайым оқырман анау-мынау жазар­манды менсінбеген. Яғни көркем дү­ниеге қызығудың классикалық үлгісі болды. Ең баст­ысы, ол қоғамда тәуір шығармалардан бө­лек, тек кітап оқымайтын адамдарға ғана таң­ғалған.

Оқырман талғамы, көзқарасы биік сол бір уақыттан бері көп заман өте қойған жоқ. Дегенмен екі қоғамдағы жақсы нәрсеге һәм сұлу дүниеге таңғалудың классикалық үрдісі мүлдем өзгерді. Және жақсы жағына емес. Бұл бөтен өзгерістің себебін бірде қарыштап дамыған қоғамда, енді бірде тіршіліктің соңынан түу алысқа кеткен, яғни «жоғалған оқырмандарда» немесе сананы жаулаған ғаламторда деп жоримыз. Кім біліпті?..

Бүгінгі ең үлкен таңғалатын құбылыс – адамдардың газет-журнал, яки кітап оқуы. Әгәрәки, сіз автобуста немесе саябақта қо­лыңыз қалт етіп, кітап оқи қалсаңыз, айнала­ңыздағы адамдар сізге өте-мөте риза кейіппен қарайды. Себепсіз жымияды. Ал алда-жалда газеттің құлаш-құлаш айқарма бетін аша қалып, бір кесе кофені ұрттап қойып, көшедегі кез келген орындыққа отыра қалсаңыз, сізді «тас дәуірінен» келген адамдай көреді. Тіпті батыстық мәдениеттегі осы отырысыңызға таңғалып, сыртыңыздан суретке түсіріп, әлеу­меттік желідегі парақшасына «Әлі де газет оқитын адам бар екен...» деп, түгел жұртқа сүйіншілеп хабар береді. Өз ойын жасыра алмайтын кей адамдар бағаңызды асырып, сізді бір аристократ, өзін қара жаяу деп ашық айтады. Һәм мұнысына еш қымсынбайды. Өйткені өзі қатарлы кітап оқымайтын жұрт­тың көп екенін біледі. Ал сізге бір сәттік көңілі толғансып, басыңыз – алтын, ал жүрегіңіз нұрдан екен дейді. Сіз де пендесіз ғой, кіта­быңыздың бетін жаба қойып, әлгі есепсіз мақтау-мадақтарға көңіліңіз жіби қалады. Тіпті кейде «сіз де ара-тұра бір кітап оқып тұрсаңызшы» деп аяқасты ақылсына қаласыз.

Сонда сіздің не оқып отырғаныңыз аса маңызды емес. Классика оқып отырсыз ба, әлде су жаңа Нобель сыйлығының иегері Глюкті оқып отырсыз ба, мүмкін Қуаныш Шонбайдың «Екінші болмасын» оқып отырған боларсыз – бәрібір. Бастысы, әйтеуір бірдеңе оқып отырсаңыз болғаны. Тегін таң­ғалулар ағыла жөнеледі.

Қоғамдағы жазу-сызудан тым алыс адам­дардың дені осындай көзқараста екеніне бүгінде етіміз үйренгендей. Һәм қарапайым халықтың мұндай деңгейсіз таңғалысына қазір таңғалмайтын да болдық. Бірақ іште жатқан сұрақ көп: мәселенки, біз 56 миллион халқы бар, дәптері мен кітабын әрең тауып отырған (және көбі оқи алмайтын) Танзания емеспіз ғой. Африкалықтармен салыстырғанда халықтың сауаты әлдеқайда жоғары. Онда неге жұрт кітап оқығанға өзеурей таңғалады? Жалпы, оқу, газет-журнал, кітап деген дүние­лерді халық неге музейдің төріне қойып, «көне­нің көзіне» балайды? Қоғамның осы бір бөтен таңғалысын көріп, Ғафу Қайырбековше айтқанда, «Кісінің келеді екен жылағысы».