«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент дайындайтын Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Оқырман назарына ұсынылып отырған екі мақала да қазіргі таңда өзекті екені сөзсіз. Бұған дейінгі нөмірімізде Нобель сыйлығының лауреаты Марио Молинаның бүкіл әлемге төніп тұрған қатер – жаһандық жылыну туралы мақаласын жариялаған едік. Онда автор Арктиканың еруін жер-жаһанның дәл төбесінде тұрған «бомбаға» теңеп, Солтүстік полюстегі әр мұздық еріген сайын «бомбаның» жарылатын уақыты жақындап келе жатқандай әсер қалдырады деп ой түйіндеген еді.
М.Молинаның мақаласының жалғасы іспетті бүгін Арктика мәселесіне қатысты екінші мақаланы ұсынып отырмыз. Швецияның премьер-министрі қызметін атқарған Карл Билдт өз мақаласында Арктика мұзының еруі аймақтағы ахуалды күрделендіре түсетіні туралы ой қозғайды. Оның айтуынша, мәңгілік мұз жабынының жойылуымен мұндағы мол ресурстарға талас басталуы әбден мүмкін.
Біріншіден, Арктиканың астында қазба-байлық көп. Қазіргі таңда бұл өңірге Арктика Кеңесіне мүше 8 мемлекет иелік етсе, келешекте Солтүстік полюске қызығатындар саны артпаса, кемімейді. К.Билдттің пайымдауынша, екінші мәселе – Арктика арқылы өтетін теңіз жолының қысқалығы да маңызға ие. Бұл да келешекте дауға айналуы мүмкін.
СТОКГОЛЬМ. Келешекте Арктика мәселесінде ынтымақтаса жұмыс істейміз бе, әлде бәсекелесеміз бе, оны уақыт көрсетеді. Бірақ қазірдің өзінде бұл аймаққа бұрын-соңды болмаған назар аударылатыны қазірден-ақ түсінікті.
Мұның басты себебі – климаттың өзгеруі екені анық. Соның әсерінен мұз қабаты жойқын жылдамдықпен еріп, арктикалық ауа температурасының жаһандық орташа деңгейден екі есе артуына әкеліп соғып отыр. Оның қарқыны мен ауқымын ескерсек, мұндай өзгерістің географиялық, экономикалық және стратегиялық салдары болатыны сөзсіз. Бүкіл аймақты қамтып жатқан мұз жабыны ерігеннен кейін жаңа жерасты байлығы табылып, оны тасымалдау жолдары ашылады. Олардың қатарында Ресейдің Сібір жағалауы бойымен өтетін Солтүстік теңіз бағыты және Канаданың солтүстік архипелагін бойлайтын Солтүстік-батыс жолы бар. Дегенмен мұндай үдеріс мәңгі тоңдардың жібуіне жағдай жасап, құны миллиардтаған долларға жететін инфрақұрылымдарды нық жерде тұрғызып емес, саз балшыққа батыруы мүмкін.
Оған қоса, мыңдаған жыл бойы Арктиканы мекендеген жергілікті тұрғындар өздерінің күнделікті өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып дабыл қағып отыр. Арктикадағы топырақтың жартысына жуығы Ресей территориясында жатыр. Сондай-ақ өңірді мекендейтін 4 миллион адамның 70 пайызы да Ресей азаматы. Олардың көпшілігі Норвегия мен Финляндияға таяу маңдағы Кольский түбегін мекендейді. Бұл жерде Ресейдің Солтүстік флоты мен су астындағы ядролық қаруға қарсы кешендері орналасқан. Алайда аймақтың басқа бөліктері де стратегиялық әрі демографиялық тұрғыдан маңызды. Шамамен Канаданың арктикалық аймағын мекендейтін тұрғындардың үштен екісі – байырғы халық. Сондай-ақ Гренландияда тұратын 56 мың адамның да басым бөлігі жергілікті тұрғындар (Гренландия шағын құрлығын көлеміндей).
Биыл жазда бір ғасырлық желкенді «Седов» кемесі Солтүстік теңіз бағытымен жүріп өтіп, мүлдем мұзға кезіккен жоқ. Мұндай сапарлар бұрын ең жылы айларда ғана мүмкін еді. Ал жылдың қалған бөлігінде одан өту үшін көбінесе қуатты мұзжарғыштардың сүйемелдеуі бар арнайы кемелер қажет болатын. Соған қарамастан, Ресейдегі Сібірде дамып келе жатқан ірі энергетикалық жобалардың арқасында теңіз тасымалы үнемі өсіп келеді. Қытайлық және француз компанияларының әрқайсысы Ресейдің бақылауындағы Ямал газ кен орындарынан сұйық табиғи газды шығаратын компанияның 20 пайыздық үлесіне ие. Оңтүстік Кореяда жасалған танкерлер бұл газды Еуропаға жеткізіп жатыр. Келешекте Шығыс Азияға апарады. Бұдан басқа да көптеген жоба туралы айтудың қажеті жоқ.
1996 жылдан бастап 8 арктикалық мемлекет – Ресей, Норвегия, Швеция, Дания (Гренландия), Исландия, Канада және АҚШ Арктика Кеңесі аясында ынтымақтаса жұмыс істеп, қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне алаңдаған еді. Бірақ қазіргі таңда Арктика әлемдік деңгейдегі маңызды аренаға айналып келе жатқандықтан, басқа елдер де қызығушылық білдіріп отыр.
2013 жылы Қытай, Үндістан, Сингапур, Оңтүстік Корея және Жапония Кеңестің бақылаушылары мәртебесін алды. Оның есесіне, олар зерттеу саласына көмектесіп, болашақ тасымал жұмысына атсалысуы тиіс. Сауда байланысына әсерінің келешегі ауқымды. Мәселен, Жапонияның Йокогама қаласынан Германияның Гамбург қаласына дейінгі Арктика арқылы өтетін бағыт Суец каналы арқылы жүретін жолдан 40 пайызға қысқа.
Бәлкім, алпауыт державаға таласу бәсекесі Арктика мәселесіне айтарлықтай әсер етер. Былтыр Финляндияда өткен Кеңестің министрлер арасындағы кездесуде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео климат өзгеруі туралы айтылған ортақ құжатқа қол қоюдан бас тартып, баршаны таңғалдырды. Оның орнына, Трамп әкімшілігі аймақтағы жоспары үшін тиісіп өтті.
Келер жылы мамырда Исландия Кеңеске екіжылдық төрағалық ету құқығын Ресейге тапсырады. Өз кезегінде олар екіжылдық мерзімді босқа жібермейтіні анық. Өткен он жылда Кремль Арктикадағы өз позицияларын бекемдеу үшін көптеген қаржы құйды. Кеңестік әскери нысандарды жаңғыртып, жаңасын да салды. Мұндай әскери ұмтылысқа НАТО тарапы дабыл қаққан. Әйтсе де, жүргізілген зерттеулер нысандардың ақ аюлардан басқа ешкімге қаупі жоқ екенін анықтады.
Әлі де талқылауды қажет ететін мәселелер бар. Ресей Солтүстік теңіз бағыты арқылы өтетін жүк тасымалын бақылауда ұстайды. Сондықтан олар Арктиканың басқа бөлігі мұз астында жатқанда, ауқымды территорияның қызығын көрмек. Бірақ мұз көбірек еріген сайын, жаңа теңіз жолдары ашылып, Ресейдің юрисдикциясына кіретін аймақпен өтпейді. Бұл жаңадан заңдық мәселелер туындатады.
Осындай бәсекелестіктің тұсында Финляндияда өткен саммит ең нәтижесіз екені түсінікті. Алдағы айда Рейкьявикте өтетін Арктика Кеңесінің жоғары деңгейлі кездесуінде қандай болашаққа бағыт алғанымызды білеміз.
Қазіргі таңда Ресей, АҚШ, Қытай мен басқа елдердің тартысатын мәселелері жетерлік. Бірақ олардың бәрі әлемнің ең солтүстік аймағын сақтап, ашық әрі бірлесе дамытуы тиіс ортақ мүддесі бар екенін ескеруі керек. Қалай дегенмен, Арктиканың әлемдік сахнада маңызы артатыны сөзсіз. Мұны соғыс емес, өзара тиімді ынтымақтастыққа айналдыру бәрімізге қажет.
Карл БИЛДТ,
Швецияның бұрынғы премьер-министрі және сыртқы істер министрі
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org