Алматыдағы Абай даңғылы мен Әуезов көшесінің қиылысындағы көпқабатты үйдің қабырғасына «қисайтып» салынған ұлы данышпанның муралына көзіміз үйренбей-ақ қойды... Нақтыласақ – кезінде қолданыстан түскен 20 теңгелік банкнотты тігінен «тұрғызып» бояп салған демеуші, яки жебеуші «көздеген» арманына жеткен-ау деген ойда қаламыз! Өйткені...
Автобус пен троллейбус аялдамасы, метро бекеті, бәрі – осында. Сол себепті, шаһар тұрғындары мен қонақтары шоғырланғанда бәрінің көзіне бірден түсетін көріністі әдейі жасалған келемеж демеске уәж таппайсың. Әйтпесе, ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы үстінде «20 теңгені» жұлып тастап, жаңа мурал салуға уақыт та шаш етектен жетті. «Атакент» павильоны алдындағы сабаннан салынған шөмеле-тиіннің шашбауын көтереміз деп шаршап жүріп, қалалық әкімшіліктегі мәдениет басқармасының бірнеше басшысы ауысты. Сол шіркіндердің, ең болмаса, муралдағы Абайдың бейнесін көпе-көрінеу «қисайтпай» – жантайтып кескіндеуге де шамалары жетпей кетті...
Ең сорақысы, мұны да әдейі жасалмаған деуге дәтің бармайды: әшкерелі банкнот салынған биік үйдің қасындағы екінші зәулім ғимаратта үлкен әріптермен баттитып «Ұят емес» деп жазылып қойылған!!! Бұлары – бейне ұлы ақынның «қисайтып» салынған суреті ұят емес деген «ақталу» іспетті!
«...жас бала қызыл шоқтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен» деген ұлы ақынның Бесінші сөзі сананы сілкілеп-ақ тұр. Амал, нешік!..
Талғат СҮЙІНБАЙ,
журналист
Алматы