Ұлттық банк «Баспана хит» ипотекалық несиелеу бағдарламасына өзгерістер енгізді. Жаңашылдыққа сәйкес, енді үлескерлік құрылысқа қатысуға болады. Сондай-ақ пәтерді салынып жатқан үйден алуға мүмкіндік туды. Бұдан бөлек, сатып алынатын үйдің шекті құны ұлғайтылды. Мұның бәрі қазақстандықтардың баспаналы болу мүмкіндігін арттырмақ.
Үлескерлік құрылысқа қатысуға болады
Осыдан тура екі жыл бұрын Қазақстанның тұрғын үй нарығында «Баспана хит» атты жаңа бағдарлама пайда болды. Ол екінші деңгейлі сегіз банк арқылы қайталама нарықтан пәтер алуға мүмкіндік береді. 2020 жылғы 26 қазандағы дерек бойынша, «Баспана хит» аясында барлығы 306,8 млрд теңгеге 35 769 займ рәсімделген. Демек, бағдарлама мыңдаған адамның баспаналы болуына жол ашты.
Екі жыл ішінде бағдарламаға қатысты азаматтар мен банктер, құрылысшылар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан түрлі сын-ескертпелер, ұсыныс-пікірлер айтылды. Соларды негізге ала отырып, Ұлттық банк тиісті түзетулерді енгізді. Ондағы мақсат – баспанаға деген қолжетімділікті, бастапқы тұрғын үйге деген сұранысты арттыру.
Сонымен жаңартылған бағдарламаға сәйкес, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қарағанды қалаларынан сатып алынатын үйдің шекті құны ұлғайтылды. Мәселен, бұған дейін «Баспана хит» арқылы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан сатып алынатын үйдің құны 25 млн теңгеден аспауы керек-тін. Енді 35 млн теңгеге дейінгі үйлердің иесі атануға мүмкіндік бар. Сол секілді Шымкенттен үй алудың шекті құны 25 млн теңгеге дейін, ал Қарағандыда 20 млн теңгеге дейін өсті.
Үлескерлік құрылыс шеңберінде баспана сатып алу «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңға сәйкес жүзеге асырылады. Бағдарламада лимитті арттыру тетігі қазірдің өзінде қарастырылған. Жаңа бағытты іске қосу үшін бағдарлама операторы серіктес банктермен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізуде. Оның басталғаны туралы ақпарат қосымша хабарланбақ.
БЖЗҚ да – бір мүмкіндік
Алдағы уақытта 700 мыңнан астам қазақстандықтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын білім алуға, емделуге және тұрғын үй жағдайын реттеуге пайдалана алатыны белгілі. Сарапшылардың пікірінше, көпшілік салымын білім мен денсаулыққа жұмсамайды. Демек, олар мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдалана отырып, баспана мәселесін реттеуге тырысады. Алайда бұл өзгеріс тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне жол ашуы ықтимал.
Бұған дейін жазғанымыздай, 700 мыңнан астам қазақстандықтың шекті сомадан асқан қаржысы 1 трлн 400 млрд теңгені құрап отыр. Оның негізгі бөлігі тұрғын үй алуға бағытталса, бұл нарыққа әжептәуір серпіліс әкелмек.
«Мұндай мүмкіндікке ие адамдар – осы күнге дейін тұрақты жұмыс істеген, зейнетақы салымын үздіксіз аударған орта таптағы жандар. Қисынға салсақ, мұндай адамдардың басында баспанасы бар. Яғни мұқтаж емес. Демек, олар өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып комфорт-кластан, бизнес-кластан жайлы пәтер алуға тырысады. Осы жағдайды ескерсек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы комфорт-кластағы, бизнес-кластағы үйлердің бағасы қымбаттайды», деген еді бұл жайында экономист Рахым Ошақбаев.
Осы орайда, қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы шекті сомадан асқан қаржыны бастапқы және қайталама нарықтан баспана алуға, жер учаскелерін сатып алуға, құрылыс жүргізуге және үйді жөндеуге жұмсауға құқылы. Сондай-ақ қолданыстағы ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға немесе оларды өтеуге пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы соманы пайдалану тұрғын үй нарығындағы сұранысты арттырады дегенге келіспеймін. Біріншіден, қазір екінші деңгейлі банктер қарыз алушыға қойылатын талаптарды қатаңдатты. Ипотекалық займ алу үшін бастапқы жарнаны ғана төлеу жеткіліксіз. Әдеттегідей несие тарихы тексеріледі. Ал Қазақстандағы әрбір үшінші тұрғынның несие тарихы бұзылған. Екіншіден, пандемия бизнеске де, жеке тұлғаларға да ауыр соққы болып тиді. Олардың «қауіпсіздік жастығы» ретінде сақтап келген қаржысының түбі көрінді. Демек, тұрғын үй нарығындағы сұраныс анау айтқандай жоғары болмайды, – дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Айқын Тәжімбетова.
Ипотекалық қарыз алушылар қолдауға ие
Айтпақшы, жуырда Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер енгізілген болатын. Бұл бағдарлама 2015 жылы іске қосылған еді. Мақсат – ипотекалық қарыз алушыларды қолдау. Дәлірек айтқанда, бағдарлама қарыз алушының жалғыз тұрғын үйін сақтауға, борыштық жүктемені төмендетуге және валюталық тәуекелді болдырмауға бағытталған.
Бағдарламаның бірінші бөлігі аясында, яғни 2004-2009 жылдар аралығында берілген және жалғыз тұрғын үймен қамтамасыз етілген 50 млн теңгеден аспайтын ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру көзделген. Осы орайда Ұлттық банк бағдарламаның бірінші бөлігін іске асыруға 130 млрд теңге бөлді.
2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша бағдарлама шеңберінде 28,3 мың қарыз алушыға 176,7 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілген. Олардың 123,3 млрд теңге көлеміндегі сыйақы, айыппұл (өсімпұл), комиссиялар бойынша жинақталған берешегі кешірілді.
Бағдарламаның екінші бөлігі валютамен ипотекалық қарыз алған адамдардың борыштық жүктемесін төмендетуге және валюталық бағамдардың құбылмалылығына деген тәуелділікті болдырмауға бағытталған. Осылайша, 2018 жылғы наурызда жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарын Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы (1 АҚШ доллары – 188,35 теңге) бойынша теңгемен қайта қаржыландыру басталды.
Бағамдағы айырманы өтеу үшін банктерге 111,4 млрд теңге бөлінді. 2020 жылғы 1 қыр-
күйектегі жағдай бойынша банктер валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға 9,2 мың өтінімді (83 млрд теңге) мақұлдады. Оның ішінде 70,1 млрд теңгеге 7,9 мың қарыз қайта қаржыландырылды. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2020 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2019 жылғы желтоқсанда бағдарламаның үшінші бөлігі іске қосылды. Ол банктің балансында тұрған қарыз алушының жалғыз баспанасын меншігіне қайтару мақсатында қаржы институттарына қарыз алушыны жылдық 3 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі бойынша қаржыландыруды немесе оған тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беруді және басқа да жеңілдіктерді қарастырды. Алайда бағдарламаны іске асыру кезінде мұқтаж азаматтар мемлекеттің қолдауын ала алмаған. Сондықтан өткен айда бас банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағдарламаның талаптарын жақсартатын және жаңа мүмкіндіктерді ұсынатын түзетулерді бекітті.
Яғни еңбекке жарамсыздыққа әкеп соғатын және ипотекалық кредитті өтейтін кірістерден айыратын әлеуметтік маңызы бар аурулардың жекелеген түрлерімен ауыратын азаматтардың қарыздарын қайта қаржыландыру қарастырылды. Оған аурудың 5 түрі енген. Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабында айқындалған ХӘОТ-қа жататын (халықтың әлеуметтік осал тобы) қарыз алушыларды мемлекеттік баж салығын төлеуден босата отырып, нотариустың атқарушылық жазбасы арқылы банктің пайдасына берешегі өндіріп алынған қарыздарды бағдарлама бойынша қайта қаржыландыруға жол ашылды. Бұдан бөлек, қарыз алушыларға «Астана банкі» АҚ және «БТА банк» АҚ балансына өткен жалғыз баспанасын, сондай-ақ банктер күмәнді активтерді басқару ұйымдарына берген баспананы меншігіне қайтару мүмкіндігі қарастырылған.
Жаңа түзетулер бағдарлама аясында қосымша шамамен 5 мың қарыз алушыны қамтуға жол ашпақ.