Сәтті шыққан әлдебір көркем туындының авторы деп ойлап қалмаңыз. Кейіпкеріміз бейнеті мен зейнеті қатар өрілген екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін шын мәніндегі өнегелі өмірдің авторы, замана құбылыстарының дауылына қыңқ етпей төзіп, сынық кірпішін жерге түсірмеген тұйықтағы шағын ауылдағы ырыс-берекеге толы құтты тұрмыс-тіршіліктің авторы. Әңгіме бүкіл аймақтың мақтанышына, бүтін елдің игілігіне айналған Әулиекөлдің асыл тұқымды етті ірі қарасын шығаруға ат салысқан авторлардың бірі, елдің еңбекторысы атанған Зейнолла Жаңбыршинов жайында өрбімек.
Әулиекөлдің асыл тұқымды сиыры – отандық бренд
Бүгінде еліміздің он екі өңірінде 113 шаруашылық жалпы саны 30 мыңнан астам асыл тұқымды Әулиекөл сиырын ұстап отыр. Ал енді осы мол ет беретін, арқаның арқыраған аязына қыңқ етпей қыста да далада жүре беретін ыстық-суыққа төзімді әрі тез көтерілетін Зеңгі баба тұқымын будандастырып шығаруға табаны күректей 30 жыл уақыт кеткенін екінің бірі біле бермейді.
Сәл тарихқа үңілсек, өткен ғасырдың 60-шы жылдары КСРО-да мал шаруашылығын, оның ішінде асыл тұқымды етті ірі қара басын көбейту мықтап қолға алынады. Бұл кезде Одақ көлемінде герефорд бұқасы мен қазақ-қалмақ сиырынан алынған қазақтың ақ бас сиыры деп аталатын ірі қараның жалғыз етті тұқымы бар еді. Ал Батыс Еуропа елдерінде, мәселен, Англияда асыл тұқымды етті сиырдың герефорд, абердин-ангусс, галловей және шортгорн деп аталатын төрт түрі, Францияда шароле, лимузин, обрак, салерс, ақ аквитан сияқты он шақты түрі, Италияда маркиндажи, киан, романьола деген үш түрі бар еді. Бұл асыл тұқымдар сол кезде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға ден қойған көптеген елдерде, әсіресе, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Аустралия құрлықтарында кең тарай бастаған кез еді. Осы тұста Одақта қазақтың ақ бас сиыры мен шетелдің асыл тұқымын будандастыру арқылы Солтүстік Қазақстанның шұғыл континентальды климатына төзімді арнайы ет бағытын дамытуға арналған ірі қара түлігінің жаңа тұқымын шығару міндеті алға қойылды. Бүкілодақтық маңызға ие аса жауапты міндетті жүзеге асыру үшін бұған асыл тұқым алуда мол тәжірибе жинақтаған әрі мал басы көп, азық қоры жеткілікті Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты Москалев кеңшары таңдалып алынды.
Жаңа тұқым алу жұмысы Мәскеу облысының Дубровицы қаласындағы Бүкілодақтық мал шаруашылығы институтының қызметкерлеріне тапсырылады. Ғылыми-өндірістік тәжірибеге Социалистік Еңбек Ері, академик Н.Ростовцев, профессор И.Черкащенко, Ы.Мусин сияқты ғалымдар жетекшілік етті. Осылайша, Мәскелеу кеңшарында бүкілодақтық институттың тірек пункті жасақталып, кеңшар асыл тұқымды мал зауыты болып қайта құрылды. Алайда ұзақ уақытты қажет ететін ғылыми-өндірістік тәжірибені мал шаруашылығын жете меңгерген жергілікті мамандардың қатысуынсыз толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес еді. Бұл іске сол кездегі шаруашылық басшысы Михаил Карпов бастап, Зейнолла Жаңбыршинов қоштаған кеңшар ұжымы білек сыбана кірісті.
– Михаил Григорьевичтің ең басты еңбегі Мәскеудің атақты ғалымдарының жетекшілігімен Солтүстік Қазақстанның қатаң климатына төзімді жаңа тұқым шығаруға ат салысуы. Бұл жұмыс 1962 жылы басталып ұзақ уақыт қажырлы еңбектің арқасында 1992 жылы 26 қазанда Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен етті ірі қараның жаңа Әулиекөл тұқымы болып апробацияланды. Жаңа тұқым суыққа төзімді. Тұқымдық бұқалардың тірідей салмағы 850 килодан 1 тонна 110 келіге дейін тартады. Ал сиырларының салмағы 560-700 килоға дейін барады. Тәжірибе басталған жылы мен көбіне зертхана жұмыстарымен айналыстым. Аналық малды жергілікті ауа райына төзімді қазақтың ақ бас сиырынан алдық. Одан кейін сол кезде мәрмәр етті ірі қараның ішінде көш бастап тұрған ағылшынның абердин-ангусы мен француздың ірі салмақты шароле тұқымының екі айлық және одан үлкен бұқаларын алдырдық. Абердин-ангус өсімталдығымен, еттілігімен, ал шароле дене тұрқының ірілігімен ерекшеленеді. Шаруашылықта қазақтың ақ бас сиырын бағудың қыр-сырын әбден меңгерген кәнігі мамандар жеткілікті еді. Әулиекөл тұқымы – қырық шақты ғалым-селекционерлер мен мал шаруашылығы мамандарының ұзақ жылдық табанды еңбегінің жемісі, – дейді Зейнолла Абайұлы.
Ол кез еңбек майданына жаңа ғана араласқан Зейнолла ағаның нағыз жанып тұрған шағы. Көп кешікпей ғылыми-өндірістік тәжірибе өз нәтижесін бере бастады. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде 12 бұқашықтың оны І дәрежелі диплом алды. Бұлардың ішінде мәскелеулік мамандар «Пилот» деп атап кеткен 15 айлық бұқашық 520 кило салмақ тартып, одақ жұртшылығын қайран қалдырған еді.
Мәскелеу кеңшарында 1962 жылы басталған күрделі ғылыми селекциялық тәжірибе 30 жыл бойы үздіксіз жүргізіліп, 1992 жылы Әулиекөлдің асыл тұқымды етті ірі қарасы деп аталатын жаңа отандық тұқым түбегейлі қалыптасты. Кейін Зейнолла аға Қазақ мал шаруашылығы институты ғалымдарының жаңа тұқымның сапасын арттыру жұмыстарын жалғастыруына мүмкіндік жасап, қолдау білдірді. Осылайша, белгілі ғалым зоотехник, профессор В.Крючковтың басқаруымен малдың генеологиялық құрылымы жасақталып, алты бұқаның арғы тегі анықталып, олардан тараған ұрпақтары іріктеліп алынды. Крючковтың жетекшілік етуімен алғаш рет «Москалевте» құрылған тірек пунктінің жетекшісі болған, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ы.Мусин, ғалым Ә.Жұманбай және Зейнолла ағаның тікелей қатысуымен басқа да ғалымдардың, шаруашылық мамандарының қажырлы еңбегінің арқасында 2007 жылы осы бұқалардың екі аталық із тобы апробацияланды. Бұл кезде алынған «Табакур» атты бұқаның салмағы 1350 кило, «Зенит-Шұбат» атты бұқаның салмағы 1165 кило тартқан еді. Одан кейін ғалымдар асыл тұқымның әлеуеті жоғары төрт туыстық тобын анықтайды. Бұл жолғы ғылыми өндірістік тәжірибе жөнінде ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты Әбсаттар Жұманбай: «Әулиекөл тұқымы өсімтал келеді. Оған нақты дәлел 2002 жылы Женева қаласында өткен көрмеде сапалы мал өнімі үшін бас жүлдені жеңіп алды. Ал 2004 жылы «Москалев» шаруашылығы тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет осы Әулиекөл тұқымының авторы ретінде №1 патентті алды. Қазір Әулиекөлдің үстінен өтетін күре жолдың бойында әулиекөл бұқасына биіктігі 3 метр болатын ескерткіш орнатылды. Бұл мүсін Зейнолла ағаның еңбегіне көрсетілген құрмет екені айтпаса да түсінікті», дейді.
Бүгінде отандық брендке айналған Әулиекөл асыл тұқымын шығаруға тікелей қатысып, авторлық құқыққа ие болған селекционер-мамандардың ішінде әулие қонып, бақ дарыған Әулиекөл өңірінің бүгінгі абыз ақсақалы Әкімбек қажы Қабденұлы да бар. Еңбек ардагерінің айтуынша, ширек ғасырдан астам уақыт бойы жүргізілген ғылыми-өндірістік тәжірибе негізінде алынған жаңа тұқымның түбегейлі үлгісі тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі өтпелі кезеңмен тұспа-тұс келген. Бұрынғы кеңшарлар жаппай ыдырап, ауыл халқы қалаға ауып кетіп жатқан шақта іргелі шаруашылықты сол күйінде ұстап қалып, отыз жылдық еңбектің жемісі – отандық асыл тұқымды ірі қараны сақтап қалған Зейнолла Жаңбыршинов ерлікпен парапар еңбек сіңірді деп біледі.
– Тоқсаныншы жылдардың басында облыс орталығына жақын болғанымен, күре жолдан шалғай тұйықта жатқан Мәскелеу ауылы үшін күнкөріс қиындады. Мал бағасы құнсызданып кетті. Қант, шай, ұн қатқа айналып, тұрмыстық тауарлар қымбаттады. Бір кездері өрісте малы шұрқырап, ошақта қазаны бұрқырап жататын біраз ауылдың қалқиып қаңқасы ғана қалды. Осы тұста ақыл-парасаты мол санаулы ғана сұңғыла азаматтар туған жерге тұтқа, елге ес бола біліп, шаруашылықты аман сақтап, елдің босып кетуіне жол бермей қалды. Осылайша, шатқаяқтап тұрған шағын елді мекендердің еңсесін қайта тіктеп, халықтың ауылға тұрақтап қалуына ықпал етті. Мәскелеудің мақтанышы да, бар байлығы да – Әулиекөлдің асыл тұқымды сиыры ғой. Сол тұста осы тұқымның Ресейден ағылып келіп, малдан мал, техникадан техника қоймай тауарға айырбастап, тиынға сатып алып кетіп жатқан көлденең көк аттыға жем болып, жойылып кетуіне жол бермей қалған бірден бір азамат – осы Зейнолла. 2012 жылы Зекеңнің тікелей араласуымен Әулиекөлдің асыл тұқымды ірі қарасын республика көлемінде насихаттап, көбейту мақсатында арнайы республикалық палата құрылды. Палата мәліметі бойынша, қазір экспортқа кеткен мал басын есептемегенде, елімізде 30087 Әулиекөл етті тұқымы өсіріледі, – деді Әкімбек Қабденұлы.
Жауапкершілігі шексіз серіктестік
Әрине, тоқсаныншы жылдары мал басын сол күйінде сақтап қалу мүмкін болмады. Өйткені жұмысшы, малшы, механизаторлардың жалақысын төлеу, мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарды ұстап қалу аса қиынға соқты. Ауылды қысқы отынмен қамтамасыз етуге қаржы табылмады. Бұл тығырықтан шығу үшін сол тұста Мәскелеу сиырларының біразы етке өтіп кетті.
– Кеңес тұсында кеңшар Мәскеуге бағынды. 12 мың ірі қара болды. Кейін нарық келгенде халық аңтарылып қалды. Ауылда электр жарығы болмады. Отын жоқ. Қаржы жоқ, амалсыз көмір алу үшін ақша орнына арзан бағамен мал беруге мәжбүр болдық. Қазір содан қалғаны 3 жарым мың бас ірі қара. Осыған да шүкір деп отырмыз. Халыққа шөбін шауып, үйіне әкеп үйіп береміз. Жемін де осы шаруашылықтың есебінен алады. Қазіргі мақсатымыз – асыл тұқымды мал басын көбейту болып отыр. Үкіметке рахмет, қазір мемлекет сиыр басына 20 мың теңгеден дотация беріп отыр. Мемлекет біздің асыл тұқымды сатып алған адамға да үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Мысалы, біздің шаруашылықтан 300 мың теңгеге бір бұқа сатып алсаң, оның 150 мыңын мемлекет қайтарып береді. Осыған қарағанда, қазір біздің малға сұраныс өте жоғары. Биыл 7 мың тоннадай шөп жинап алдық. 2 мың тоннадай қысқы пішен дайындап қойдық. Арпа, сұлы, бидайымызды да қамдап қойдық. Қысқасы, мал азығы биылғы қысқа жетеді, – дейді Зейнолла Абайұлы.
Өтпелі кезеңдегі қысталаң шақта ауыл халқын, шаруашылықты ұстап қалу үшін көп күш-қайрат жұмсалды. Бұл кезеңдегі ең басты қиындық – қайткен күнде де ауыл халқын көшірмей ұстап қалу мәселесі болды. Бірақ соған қарамастан өзге ұлт өкілдерінің көбі тарихи отандарына қоныс аударды. Енді олар тастап кеткен бос үйлерді сақтап қалу керек. Білікті басшы осы тұста облыстың шалғай аудандарынан қалаға қарай толассыз көшіп жатқан қазақтардың біразын осы ауылға қоныстандырудың қамына кіріседі. Осылайша, Торғай, Науырзым өңірлеріне техника жіберіп, 50-ден астам отбасыны көшіріп әкеліп, Мәскелеуге орнықтырды. Ауыл мектебінен қазақ сыныптарын ашу туралы бастама көтеріп, ауылға келген қазақ тілді пән мұғалімдерін тегін баспанамен қамтамасыз етеді. 2000 жылы мешіт салып, халықты имандылыққа шақыратын діни мекеменің жұмысын жандандырады.
– Қыста отын-су керек, кейде бір қажет дүниелер жетпей қалып жатады, сондай кезде Зейнолла ағаға барып айтамын. Сөзге келмей, бірден көмектеседі. Қазір карантинге байланысты, бұйрықты орындап намазды тоқтатып тұрмыз. Жыл сайын осы мешітте әр ауылдан екі-үштен алдырып, балаларға сабақ ұйымдастырамыз. Жазғы лагерь сияқты ғой, екінші қабатта жатып оқиды. Көрші Целинныйдан, Тимофейден, Сосновтан, Құсмұрыннан, Аманқарағай, Әулиекөлден балалар келеді. Сол кезде Зейнолла ағамыз екі мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырып береді. Өзім мұнда Амангелді ауданынан көшіп келдім. 2018 жылы Зейнолла ағаның демеушілігімен қажылыққа барып келдім. Осы ауылдың өсіп-өркендеп, гүлденуі үшін барын салатын ағамыздың үйіне барсаңыз, өте қарапайым, қазіргінің байлары сияқты жылтыр дүниеге құмартпайды. Осы ауылдың қарапайым тұрғындарымен қатар тіршілік кешіп жатыр, – деді мешіт имамы Ораз Қалмағанбетов.
Өзге ауылдарда әлеуметтік нысандар жаппай жабылып жатқанда, Мәскелеуде миллиондаған қаржыға мәдениет ошақтары мен мектеп, емхана, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету мекемелеріне автономды жылу жүйесі өткізіліп, ауылды абаттандыру жұмыстары жүріп жатты. Таза ауыз су, газ мәселесі де дәл осы жолмен шешілді. Зейнолла Абайұлы 1992 жылы өз қаржысына ауылда спорт залы, асхана, кітапханасы бар мектеп ашты. Бүгінде жергілікті шаруашылық есебінен ауыл мектебінің оқушылары бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Серіктестік көпбалалы аналар мен зейнеткерлерді, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауылдың дарынды жастарын өз қамқорлығына алып, жүйелі түрде демеушілік жасап отырады.
Тоқсаныншы жылдары жергілікті серіктестік ауылдың мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, сапалы музыкалық құрылғылармен жабдықтап берді. Еңселі ғимарат бүгінде ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етуде.
– Қазір мәдениет үйінде 11 шығармашылық үйірме жұмыс істейді: 3 домбыра үйірмесі, балалар және ересектер хоры, ауылдың кішкентай балғындары мен жасөспірімдерге арналған екі би тобы, отбасылық дуэт және жеке вокал үйірмесі бар. Осының бәрін «Мәскелеу» серіктестігінің арқасында ұстап отырмыз. Сұраған нәрсеміздің бәрін бір сөзге келмей алып беріп отырады. Облыс деңгейінде өтетін мәдени шараларға барып-келу шығынын да осы серіктестік көтереді. Жалпы, Зейнолла аға бізден көмегін аямайды. Керек кезінде өнерпаз балаларды Қостанайға апарып, ең қымбат шеберханалардан концерттік костюмдер мен ұлттық киімдерді сатып алып беріп отырады, – деді мәдениет үйінің басшысы Бақытгүл Жамахина.
Зейнолла Абайұлы еңбек жолын қатардағы малшы, механизаторлықтан басталды. Кейін зоотехник, бас зоотехник болып қызмет атқарды. Ғылым мен тәжірибені тиімді ұштастырып, Мәскеудің Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясында «Әулиекөл тұқымының шығу тегі және оның параметрлері» тақырыбына ғылыми диссертация қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. Әулиекөл тұқымы туралы бірнеше ғылыми-танымдық еңбектер жазды. Ұстазы М.Карпов дүниеден өткеннен соң, көпшіліктің қалауымен кеңшар басшысы болып тағайындалды. Тәуелсіздік таңы атқан жылдары бүтін бір ауылдың ауыртпалығын көтеріп, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан білікті маман кісілік пен кішілік қасиетінен бір сәт айныған емес. Тоқсан ауыз сөзді Зейнолла ағаның өз ойымен түйіндесек, «азаматтың бағасы оның ел алдындағы еңбегі мен жауапкершілігіне байланысты. Атақты сатып алуға болады, бірақ абыройды сатып ала алмайсың, оны халық береді. Ал осы халық жүрегіндегі абырой-бедел тек адал еңбекпен ғана келеді».
Қостанай облысы,
Әулиекөл ауданы,
Москалев ауылы