Мұнайлы өңір орталығында көшелерге орнатылған камералар арқылы көлік қозғалысына, қоғамдық тәртіптің сақталуына тәулік бойы бақылау жасалып отыр. Облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтың мәліметінше, биылғы тоғыз айда 759 сыртқы бақылау камерасымен 186 қылмыс ашылыпты.
Сондай-ақ жол жүру қағидаларын бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 1224 камерасы қала аумағындағы автокөлік жолдарының 153 желілік учаскелеріне және 51 реттелетін көше қиылысына орнатылған. «Сергектің» бейнебақылау камералары арқылы жолда жүру ережелерінің бұзылуы пошта байланысымен, СМС хабарламасы арқылы көлік иелеріне жеткізіледі. Биылғы 10 қыркүйекте іске қосылған құрылғының көмегімен осы кезге дейін 6006 жол жүру қағидаларын бұзған құқықбұзушылық анықталды. Құқық бұзушыларға 42 млн теңгеден астам көлемінде айыппұл салынып, 8 млн 590 мың теңгесі өндірілді.
Жолда жүру ережесін әлденеше рет бұзғанымен қоймай, айыппұлын төлемейтін жүргізушілер ұсталып, көліктері айып тұрағына қойылып жатыр. Өңір полицейлері 15 қазанда басталған «Борышкер» іс-шарасы кезінде осындай жүргізушінің біріне салынған айыппұлдың мөлшері 1 млн теңгеден асып кеткенін анықтады.
– Жол қозғалысы ережелерін бұзу, оның ішінде жылдамдықты асыру фактілеріне қатысты фото-бейнетіркеуді жүзеге асыратын, жалпы автокөлік қозғалысын бақылауға алатын «КОРДОН М-2», «КОРДОН М-4» кешендерінің бейнекамераларына Армениядан әкелінген «BMW-525» автокөлігі түскенін анықтады. Көлік жүргізушісі 55 рет жылдамдықты асырып, 1 миллион 83 мың 420 теңге көлеміндегі айыппұлды төлемегені үшін ұсталды. Жылдамдықты 40 рет үдеткен «ВАЗ-21144» көлігінің жүргізушісіне салынған айыппұлдың мөлшері 666 мың 720 теңгені құраған. Сондай-ақ «ВАЗ-2108» автокөлігінің жүргізушісіне 21 мәрте жылдамдықты асырғаны үшін 333 мың 360 теңге айыппұл салынған. Ал 28 рет жылдамдығын асырған Ресей Федерациясының есебінде тұрған «ВАЗ-21014» көлігінің жүргізушісіне салынған айыппұл 494 мың теңгеге жеткен, – дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлназира Мұхтарова.
Патрульдік қызмет полицейлері иелері айыппұл төлемеген тағы 37 автокөлікті анықтап, тоқтатты. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 785-бабына сәйкес, борышкер атанған жүргізушілердің көліктері айып тұрағына қойылды.
Атырау облысы