Жуырда Қызылорда облыстық Полиция департаменті осы жылдың 9 айындағы жұмысын қорытындылады. Жыл басынан бері тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға төмендеген. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалған қылмыстардың да азайғандығы байқалады. Топ болып, сонымен қатар мас күйінде тәртіп бұзатындар да сиреген.
Облыс полицейлері қылмыстық істі электронды форматта жүргізу жөнінен республика бойынша алғашқы орында тұр. Істі ашық жүргізудің барлық талаптары сақталады. Осы саладағылардың арасынан сыбайластыққа немесе теріс қылыққа жол бергендерге қатысты қатаң шаралар қолданылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен адамның жеке басына қарсы жасалған қылмысқа, мал ұрлығы мен кейбір басқа да қылмыстарға жаза күшейді. Осыған дейін біреудің мүлкін ұрлаған немесе малын қолды еткендер залалын өтеп, құтылып кетіп жататын. Заң талабы қатайғасын, ұрылардың да аяғын тарта бастағаны байқалады.
– Былтыр облыс орталығындағы белгілі кәсіпкердің үйіне қарақшылық шабуыл жасағандар толық ұсталып, биыл оларға қатысты сот үкімі шықты. Қарақшылар салған дене жарақатынан үй иесі қайтыс болды. Қазақстанның әр түкпіріне бой тасалап кеткен қылмыскерлер толық ұсталды. Келтірілген материалдық залал өтелді. Қарақшылар алды 24, соңы 4 жылдан арқалап кетті. Осы істі тергеп-тексеру барысында департамент тергеушісі А.Жәуенов кәсіби шеберлік танытқанын айрықша айтқымыз келеді, – дейді департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Байжан Байгелді.
Жалпы, қылмыстың төмендегені байқалғанымен кейбір жекелеген түрлері жиілеп тұр. Департаменттегілер әсіресе алаяққа алданатындар әлі де көп екендігін айтады. Ескерту, алдын алу жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатқанымен интернет алаяқтардың қақпанына түсетіндер азаймай тұр.
Техника дамыған сайын жұртты алдап, табыс табатындар да әдіс-айласын жетілдіріп келеді. Мысалы, қазір әлеуметтік желіде «Банк пен шағын несие ұйымдарының кредитін жауып беремін» деген жарнама толып тұр. Соларға сеніп, айтқан ақшасын аударып, алданып қалып жатқандары қаншама. Туыстары мен таныстарының атына онлайн несие рәсімдеп, оларды миллиондаған қарызға батырып жатқандар да кездесіп қалады.
Солардың бірі облыс тұрғынына «Балаңды «Қазақмыс» мекемесіне жұмысқа орналастырып беремін» деген уәде берген. Әрине, тегін емес. Екі арадағы делдалдық қызметі үшін 7 миллион теңгеге жуық ақша алған. Танысының айтқан уақыты ұзап бара жатқасын ақша берген тұрғын полицейлерге арыз жазып, сол бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Қазан айының басында қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының тұрғыны алаяқтық фактісі туралы арызданып, онда көктемде бір танысына 5 245 000 теңге бергенін жазады. Әлгі танысы осы ақшаға қолжетімді бағамен баспана сатып алуға, сіңлісін университетке түсіруге көмек көрсететінін айтып ант-су ішіпті. Жедел-іздестіру шаралары барысында облыс орталығының бұрын сотты болған 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Алаяқтардың арасында арзан пәтер алып беруге, жұмысқа орналастыруға, жеңіл табыс табуға шақыратындар көп. Өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, біреудің телефонын алып кеткен де оқиға кездескен. Әрине, жұртты жер сипатып кеткендердің бәрі жазасын алды. Биыл «Гарант 24 ломбард» ЖШС-нің осындай қаржылық пирамидасының қақпанына түскендердің саны 2242 адамға жетіпті. Департамент тергеушілері осы істі мұқият қарап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Әлеуметтік желіні жұртты алдауға пайдаланатын пысықайдың бірі былтыр «Whats App» мессенджері арқылы «Айлуна Голд» деген атаумен бірнеше топ ашады. Сол арқылы қысқа мерзімде аз ақша салып, қомақты қаржы табуға болатыны туралы жарнама таратады.
– Қаржы айналымынан сәл де болса хабары бар адам 1 аптаның ішінде салған қаржысын 60 пайыз үстемақымен қайтарамын дегенге күдікпен қарайды ғой. Бізде соған имандай сенетіндер көп екен, айналдырған 2 айдың ішінде оңай олжадан дәмелі 345 тұрғын «Qiwi Кошелек» пен «Kaspi Gold» банкомат картасы арқылы әлгі азаматшаға 534 млн теңгеден астам қаржы аударып берген. Бұл қылмыс та ашылып, ісі сотта қаралды. Бірақ жеңіл ақшадан дәмелілердің десі сонда қайтпай тұр, – дейді департамент бастығының орынбасары.
Полицейлер бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Олардың айтуынша, алаяқтардың құрбаны болмас үшін жаңа танысыңыздың іс-әрекеті немесе сөзі күдік тудырса, ең алдымен оның кім екендігін анықтауға тырысқан жөн. Куәлік, сенімхат, сертификат секілді құқық белгілейтін құжаттарын көрсетуін талап ету де артықтық етпейді. Істің мән-жайын анықтағанға дейін оған ақша бермеген және ешқандай құжатқа қол қоймаған дұрыс. Тұрғындар алданып қалғанның өзінде дереу құқық қорғау органдарына хабарласқаны абзал. Оны кешіктірсеңіз күмәнді іспен айналысатындарды анықтау қиынға түседі.
– Сонымен қатар құжаттарды рәсімдеуде, несиелер мен тұрғын үй, әлеуметтік көмек алуда күмәнді қызметтерін ұсынатын бейтаныс адамдарға құлай сенудің қажеті жоқ. Оның орнына аталған мәселелерді шешудің заңды жолын қарастыру керек,– дейді сұхбаттасымыз.
Әрине, құқық қорғаушылар құқықбұзушылықтың алдын алуға, қылмыс жасалған жағдайда шара қолдануға міндетті. Бірақ алаяққа жем болмау ең алдымен өзімізге байланысты. Құқықтық сауатымызды көтеріп, қай нәрсеге де сергек қарасақ әркімге алданатындар да, барын соларға беріп, бәрінен баз кешкендей күйге түсетіндер де азаяр еді.
Қызылорда