«Отандастар қоры» КеАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның отырысы өтті. Іс-шараға Парламент Сенатының депутаты, комиссия төрағасы Мұрат Бақтиярұлы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, сондай-ақ депутаттар, министрлік пен қоғам өкілдері қатысты.
Жиынға төрағалық еткен Мұрат Бақтиярұлы алдымен комиссияның жаңа мүшелерін таныстырды.
Одан кейін Ақмола облысы «Нұрлы көш» (Красный Яр) ауылындағы қандастарға салынған үйлердің заңдастыру мәселесіне тоқталды. Осы орайда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы бұған дейін атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге қандастарға пәтер алу үшін қойылған талаптарды түсіндірді.
Қазақстан бойынша облыстарда, оның ішінде елді мекендерде ауылшаруашылық мақсатында қолдануға жарамды, бос жер телімдері және оларды ерікті қоныс аударушы қандастарға беру мәселесі де комиссия отырысында сөз болды.
Қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында солтүстік өңірлердегі қандастарға қатысты ұзақмерзімді тұрақты көші-қон саясатын жандандыру мүмкіндіктері де комиссия назарынан тыс қалған жоқ. Сонымен бірге Солтүстік Қазақстан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Алмаз Қошманов аймаққа шетелдерден қоныс аударушы қандастарды үй-жайлармен қамтамасыз ету және бейімделуіне жәрдемдесу бағытында атқарып жатқан іс-шаралар жайын баяндап берді.
Қоғамдық комиссияның қорытындысы бойынша шетелдегі отандастарды және Қазақстанға ерікті түрде қоныс аударған қандастарды қолдау шаралары жөнінде ұсыныстар беріліп, сондай-ақ қандастар мәселелеріне қатысты басқа да сұрақтар талқыланады.