Иран Мәжілісінің төрағасы Мохаммад Багер Галибаф коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды Egemen.kz ISNA агенттігіне сілтеме жасап.
ISNA агенттігінің хабарлауынша, Галибафтың коронавирусқа тапсырған тесті оң болып шықты, қазір ол карантинде. Мәжіліс төрағасы әзірге өзінің міндеттерін орындауды қашықтан жалғастырады.
Соңғы күндері Иранда коронавирус жұқтырғандар санының өсуі қайта байқалды. Көрсеткіштердің салыстырмалы түрде төмендеуі жаздың соңында болған еді. 31 тамызда індет жұқтырушылар санының тәуліктік өсімі соңғы апталарда минимумға дейін төмендеді. Ол уақытта тәулігіне 1 642 адамнан коронавирус анықталған. Кейінірек вирус жұқтырушылар саны қайтадан күрт өсе бастады.
Еске сала кетейік, Иранда коронавирустың екінші толқыны 15 шілдеде жарияланды. 27 қазандағы мәліметтерге сәйкес, Иранда жұқтырғандардың жалпы саны 581 824-ке жетті, 463 611 адам сауығып, қайтыс болғандардың жалпы саны 32 953-ке жетті.