Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдерді қолдау мақсатында ерекше арт-инсталляция қойылды. Бәрібаев көшесіндегі 36-шы үйдің орталық көшеге қарайтын қабырғасына төрт метрлік өрілген бұрым ілінген.
Бұл бұрын Өзбекстан елшілігі ғимараты болған еңселі, ақ шаңқан үй. Егер Алматының күзгі ауа райы қолайлы болып жатса, білектей бұрым күздің соңғы күндеріне дейін ілулі тұра бермек. Шашбау тағылған бұрым әйелдердің қатаң тұрмыс шырмауында қалған шарасыздығын бейнелейді. Art Prospect аясында іске асырылған «Шаш» жобасының авторы – алматылық суретші Меруерт Қунақова.
«Бұл идея карантин кезінде ойға келді. Әсіресе осы бүкіл әлем жаппай оқшауланған тұста тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары көбейді. Еуропада тіпті «маска-19» деген арнайы код ойлап тапты. Яғни дәріханаға келген әйелдер осы арқылы өзіне қауіп төніп тұрғанын жеткізіп, әйелдерге көмек көрсетілген еді», дейді суретші.
Ол әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғауға және олардың мүмкіндіктері ауқымын кеңейтуге бағытталған ағарту бағытындағы іс-шаралар елімізде ауық-ауық көтерілгенімен, жалпы бұқаралық сипатқа ие емес екенін айтады. «Қазақстанда, өкінішке қарай, карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайы күрделі болды. Дегенмен менің ойымша, бұл тақырып біздің елде аса бір ушыға қоймағандай көрінді. Пандемия кезінде біздің билік індет мәселесіне шұғыл назар аударып, тіпті осы тақырыпта қабырға суреттері де жасалды», дейді Меруерт Қунақова.
Art Prospect – жыл сайын өтетін қоғамдық өнер фестивалі. Осы уақытқа дейін фестивальға әлемнің жиырма шақты елінен 250-ден астам суретші қатысып, шығармашылық қозғалысты жаңаша жандандырды. Мұндағы мақсат – суретшілерге және жергілікті тұрғындарға қалалық ортаны зерттеуге, оның эстетикалық, тарихи, мәдени және әлеуметтік өлшемдерін анықтауға және қайта пайымдауға мүмкіндік беру. «Менің ойымша, суретші үшін эмпатия өте маңызды. Өзгелердің мәселесіне ешуақытта бейжай қарамаңыз. «Шаш» идеясын тудырған да осындай көзқарас», дейді Меруерт.
Меруерт көтеріп отырған әйел мәселесін өнер арқылы үндеу идеясы құрметтеу, құқық беру және қорғау секілді тұғырлы ұстанымдарды негізге алады. Осы тұста Мұхтар Әуезовтің: «Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйелдің басындағы тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал қазақ мешел болып қаламын демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» деген тағылымды сөзі қоғам талабына айналғандай. Ендеше, қазақ қызының басынан бір тал шаш түспесінші!..