Алдымен мәселенің басын ашып алайық. «Қап, бәлем!» мультфильмінің кейіпкерлерін жазушы Бунинмен тек шабадан ғана байланыстырады. Иә, кәдімгі жүк салатын шабадан. Алайда бұл шабаданның ішінде жазушының қилы тағдыры бар екенін ешкім білмейді.
Ал, шабадан, тұра тұр!
Иван Бунин 1931 жылы «Шабадан хикаясы» («История с чемоданом») атты әңгімесін жазды. Һәм шығарма жарық көрген дәл осы жылы Нобель сыйлығын ала алмай қалды. Бұл – Буниннің төртінші рет әйгілі марапаттан үмітін үзуі еді. Кезекті сәтсіздіктен соң ол: «Сыйлық берілмеді, демек, бәрі бітті», деп жазба қалдырды.
Әрине, шығарманы автордың бұл «жеңілісімен» тікелей байланыстыра алмаймыз, әңгімеде сол тұстағы ахуал, жазушының өткерген сезімдері ғана баяндалған. Бірақ бұның өзі де аз олжа емес.
«Менің артымдағы еден қайта күйреді, ал алдыңғы жағымдағысы жоғарыға шапшыды – шабадан денемнің астынан жылдам сусып шығып, тастөбемнен сарт еткізді де, шыркөбелек айналған күйі, айналаны шуға бөлеп, кереуеттің астына зымырай жөнелді. Мен лезде аунап түстім де, оны бір-ақ соққымен сонда сүңгітіп жібермекші едім, алайда ол допша секірген күйі есікке қарай жөнеп берді. Ал мен болсам, көздеген жерімнен кереуеттің темір торының астынан ұрып, иығымды қатты жаралап алдым».
Әңгіме қаhарманы каютадан қашып шығып, жын соққан шабаданды қарғап-сілеумен болады, бұл «Қап, бәлем!» болашақ мультипликаторлары үшін дайын тіркес еді. Иван Буниннің өмірі мен шығармашылығында шабаданның рөлі ерекше. Әңгіме тек соның кілті ғана.
Бір қарағанда, жазушының Түркияға шыққан алғашқы саяхаты туралы естеліктерінен тұратын «Шабадан хикаясы», негізінен, жүктерді тасуға арналған һәм адам өмірінде елеусіз бір орын алатын осы мүлік жөнінде. Ал шабаданның сырты әрқашан иесінің мәртебесін көрсетеді екен. Буниннің айтуынша, ол «адамның ең жақын жансерігі». Әңгімеші шабаданды дүкеннен тапқандықтан, бұл олардың ғашықтық кездесуіне айналды. Ол оның құлыптарына, қапсырмалары мен бағалы былғарысына сүйсіне қарайды, өзінің ғашығына әйелге тән нәзіктікпен бағынады. Тіпті, шабаданның бүлігіне де нақсүйерінің еркелігіне қарағандай, түсіністік танытады: «Еркіндік алғаннан кейін, ол каюта ішінде аласұра жүгіре берді. Бұрынғы бағыныштылығы үшін әлдекімнен кек алып жүргендей әсер қалдырды».
Егер болашаққа көз жүгіртер болсақ, екі жылдан соң Нобель сыйлығын алғанда, Бунин еркіндік туралы (бірақ шабаданның емес, жазушының) нобельдік академиктерге былай дейді: «Жазушы үшін мұндай еркіндік айрықша қажет – бұл ол үшін догмат, аксиома...»
Алмалар мен махаббатқа толды
Біз алғашқы қомақты шабаданды 1897 жылы жазылған «Тексіз» әңгімесінен табамыз. Бунин жиырма алты жаста еді. Оның кейіпкері махаббат шырғалаңына түсіп, көңілдесінің табандылығынан құтыла алмай әлекке түседі: «Маған сіздің қарабайыр сезіміңіздің қажеті жоқ». Әлгі де айтқанынан қайта қоймайды: «Ал маған декаденттік достық керек емес!»
Күллі көңілдестерінен құтылған оның «кереуеттің астынан хаттарға, қағаздар мен ноталарға толы шабаданын алып шығысымен», көңіл күйі нілдей бұзылады. Өйткені ескі жылдардағы жып-жылы естеліктерінің бәрі осында еді. Бұл шабадан жалғыз әрі сенімді досына айналғалы қашан?! Оны ашқан бойда, естеліктер мезет ойға орала берді: уездік қалашық, тас-талқаны шыққан шонжар үйі, жастық шағы мен ұмыт қалған отаны. «Осы тозығы жеткен шабаданға заттарымды салған сайын өзіме былай деймін: міне, тағы да бәленбай жыл өте шықты, өмірімнің тағы бір бөлігі келмеске кетті... Тіпті, бұл туралы айтуға сұмдық қиналамын».
Буниннің ата-бабасынан мұраға қалған, кейін бауырларымен бірге сатып жіберген Озерки үйін өмір бойы сағынып өткенін білеміз. Жазумен айналыса бастаған он сегіз жасынан бері ол бір дамыл таппады. Орелдан Полтавадағы ағасымен екі ортада жүрді де қойды. Өлең жазды: қашан мойындалатынын тағатсыздана күтті. Жарияланған дүниелерінен жақсы қаламақы күтті. Бірақ түскен ақша судай аға берді. Варвара есімді корректоры бар еді – ұшты-күйлі жоғалды. Өзі ерекше құрметтейтін Антон Чеховтың қарындасы Марияға құда түскенімен, ол да тоғышарлықты жек көретін болып шықты. Сөйтіп, одессалық баспагердің қызы, қалыңмалы мол Анна Цакниге үйленіп еді, соңы дау-дамаймен аяқталды. Кейін мәскеулік шенеуніктің қызы Вера Муромцевамен бас қосты. Осының бәрі шабадандардың сарт-сұрт дыбысымен өткен еді.
Ашса – ішінен аса қызықты «Антонов алмалары» шашылды. Әңгіменің оқырмандары мен сыншыларын Буниннің сағынышы таңғалдыратын: «Мен крепостнойлық құқықтың не екенін білмедім һәм көрген де емеспін. Бірақ апайым Анна Герасимовнаның үйінде оны сезетінмін». Әңгімеде бұрынғы заманның қаншалықты берік болғандығы егжей-тегжейлі, көркем тілмен суреттеледі: «Аулаға кіргеніңде, қызметшілер дереу жиналып, тағзым ететін. Ал бау-бақшада шетен үстіне жайғасқан сайрақтар шықылықтайтын, шелектерге түсіп жатқан алмалардың дыбысы естілетін. Әлемнің соншама үйлесімділігі мені қайран қалдыратын. Әркім өз орнын білетін еді».
«Шөп беруші кенеп көйлегін киіп жатып: «Қанеки, қыздар!» деп айқайлайтын. Қыздар қырмандағы жұмысын жылдам аяқтап, зембілдері мен сыпыртқыларын ұстап зыр жүгіретін. Қожайын қақпа алдында тұрып, қараңғыда қызылды-жасылды орамалдардың, қолдардың, тырмалардың, сабанның әрі-бері қозғалғанына қарап тұратын. Осының барлығы барабанның бірқалыпты соққысымен және ат айдаушының ысқырығымен бірге істеліп жататын».
Шабаданда не бар еді? Бунин Чеховтың шығармаларына сүйсініп: «Сізде халықтың қаны бар», деді. Ол болса: «Ал сізде ақсүйектің қаны бар» деп жауап қататын да, Буниннің есінде қалғанындай, дереу «мұның әлдеқайда жақсырақ» екенін қосып қоятын, себебі «мұжықтар мен көпестер өте жылдам азғындалып барады».
Осы азғындау хақында Буниннің «Деревня» атты әңгімесі бар. Мұнда антоновканың иісі де шықпайды, азғындау туралы баяндалып, әңгіменің ортасында жас бала Дениска пайда болады. Ол тозығы жеткен шабадан мен «Зорлық шынжырына маталған күнәсіз қыз» бен «Ресейдегі пролетариаттың рөлі» жөнінде кітапшалар сатып алады. Кітапшалар қалтада (кішкентай әрі түкке тұрмайтын), ал шабадан иесінің жаны тәрізді бос.
Сыншылар Бунинді байларға тән қылықтары үшін сөгіп, мін тағатын. Ал жазушы бұл сөздерден соң Максим Горькийге: «Менің бәтіңкелерім (жұрт лакталған деп жатады), зәулім үйлерім, басымның сақинасы мен мұжық көтерілістеріне деген қорқынышым бар деп жатады. Ал менің шабаданнан басқа ештеңем болған емес», деп мұң шағады.
Іле-шала «Сан-Францисколық мырза» жарық көрді. Мұнда байлыққа қол жеткізе алған бейбақ, жаңа буржуа, «кезінде үлгі етіп алған» ақсүйектерге өзін тең санай бастайды. Оның шабадандары да тамаша – оларды «алып каприйлік қатындар» көтеріп жүреді. Бірақ барлығы бекер екен. Табиғатты алдай алмайсың. Әлгіні талма алып ұрады. Сансыз көп «отты көздері бар» пароход қайтарда оны жоғарғы палубада емес, трюмде алып қайтады: шабаданның орнында – табыт. Өзгенің орнын алмауы керек еді.
Буниннің туысқаны Пушешников жазушының Каприге барар жолда шабаданын ерекше қастерлегенін көріпті. Иван Алексеевич шабаданын арқалаған күйі жоғарыға шығып, оның сыймай жатқанына кейіс білдірген. Шабаданы қойылған соң заттарын қалауынша орналастырып, диванға титықтай отырып, папиросын шегіпті. Содан соң астары қызыл былғарыдан тігілген қара былғары күртесін жамылып, басына қара жібек телпегін киеді де, шабаданынан жиналмалы күміс шамдалын алып шығып, терезе алдындағы балауыз майшамды жағып, өлең жазылған сақтиян дәптерлерін қарай бастайды...
Шабадандар тәлкегі
Революциядан соң қасіретке толы заман туды – буниндік шабадандар үшін нағыз сынақ енді басталды. Алдымен «Орақ пен балға астында» («Под серпом и молотом») кейін «Қарғыс атқан күндер» («Окаянные дни»). Буниндер Одессаға эмиграция алдында келеді. Алыпқашпа әңгімелер олардың үрейін ұшырады: «Сандықтарды, шабадандар мен себеттерді тартып алатын көрінеді».
Бірде Буниндер галантереялық дүкенге шұлықтар мен бәтіңкелер алуға барады. Бағалар шарықтап тұрғандықтан, ештеңе алмапты. Ал кейбір алба-жұлба адамдар еш талғамастан бәрін бірдей сатып алып жатады. Түсінікті, «бұлар қашып бара жатқандардың есебінен пайда көрушілер», деді Вера Бунина, – пароходқа алып кіру үшін әр шабадан үшін 1000 рубльден алатын, ал ұрлап алғандары қаншама».
Өзіміз құрмет тұтатын де Рибастарға қонаққа барып келдік: олардың барлық шабадандарын тастай сала, Киевтен қашуына тура келіпті.
«1920 жылғы ақпанның басында жолға шықтық», деп жазды Вера Бунина күнделігінде. Шабадандарды шағын арбаға тиедік, оны өте кәрі, мас адам сүйреп жүрді. Сандықтар, шабадандар мен себеттер тиелген арбалардың арасымен айлаққа әзер кірдік. Ақыры «Спарта» пароходына «шабадандарымызды сүйреп кіргіздік». Француздар француз пароходындағы каюталар тек орыстарға бұйырғанына қатты ашуланды». Бұл Буниндердің елден мәңгілікке кетулері еді.
Софияда жазушы қонақ үй бөлмесінен он минутқа шыққаны сол-ақ екен, келісімен, есінен танып қала жаздады: «Біздің күллі мүлкіміз салынған шабадан тып-типыл етіп тоналған екен, еденде ешқандай құны жоқ ұсақ-түйектер ғана шашылып жатты, сөйтіп, біз дымсыз, аса ауыр жағдайда қалдық. Шабаданның құлпы сирек кездесетін болғандықтан, оған кілт табу қиын еді. Бірақ мен ұйқыдан ояна салысымен, шабаданды өзім ашып, уақытты қарау үшін алтын хронометрді алдым да... қараған соң, шабаданды ашық тастап кеттім».
Кейін Буниннің шабаданынан ертегідегідей жұқа «Митяның махаббаты» («Митина любовь») шығады, онда алғашқы махаббат кенеттен қазамен аяқталады. Кейіпкердің өмірі екіге бөлінеді – сүйікті Катясымен бірге және жалғыз өзі «еден сұрапылында». Шекараны шабадан белгілеп берді, жолға шығар алдында ол «шабаданды тұншықтырмақшы болды», қалтыраған қолдарымен «шабаданды байлады».
Шабадандағы Нобель
Орыстың классикалық прозасының дәстүрлерін дамытқан жинақы шеберлігі үшін 1933 жылы ол Нобель сыйлығының лауреаты атанды.
Жолға ақшаны қарызға алып, Верамен және отбасылық достары Галина Кузнецовамен бірге шығады. Стокгольмге барар жолда бельгиялық кеденшілер олардың шабадандарынан секем алыпты. Буниннің хатшысы Андрей Седых «сыйлық туралы бірдеңе айтқанымен, бұл бельгиялықтарға әсер етпеді». Шабаданды ашқанда, ішінен дәптерлер, альбомдар мен қолжазбалар шыққанда, бельгиялықтар «дәрменсіздіктен қолдарын бір-ақ сілтеді».
Сондағы сыйақы 733 514 француз франкі еді. Чек салтанатты рәсім кезінде жоғалып кете жаздаған. Бунин оның жартысына жуығын әдебиетшілерге, жәрдемшілер мен қайыршыларға таратып беріпті. Екінші дүниежүзілік соғыстың басына қарай ақша тым аз қалды, әйтеуір бір себептермен құртыла берді.
1933 жылы Буниннің сәтті шығармаларының бірі «Арсеньевтің өмірі» («Жизнь Арсеньева») жарық көрді. Әдетте, Нобель сыйлығын осы лирикалық-автобиографиялық романмен байланыстырып жатады. Егер мұқият оқыса, мұнда да көптеген жасырын серіппелер мен құпия тетіктер жетерлік: «бар байлығы шабадан мен бірнеше кітапшадан тұратын», «дәліз қызметшісі шабаданды бөлменің ортасындағы кілемге ақымақ кейіппен қойып жатады» немесе кейіпкер «шабаданын алып, есіктің қасындағы бұрышқа жайғасады да, естеліктерге бой алдырады». Содан соң «шабаданын алады» және «қош, гимназия!» – алғашқы махаббат көрген түстей өте шықты».
1936 жылдың қазанында Бунин Прагаға оқырмандармен кездесуге барыпты. Ол қалай қайтқаны туралы күнделігіне былай деп жазады: Линдау қаласында неміс кеденшілері «менің шабадандарым мен портфелімдегі әр затты үш сағат бойы мұқият қарағаны соншалық, мені бір кісі өлтіруші деп ойлап қалуға болар еді. Мен немісше сөйлемейтінімді, өйткені бұл тілді түсінбейтінім туралы жүз қайтара айтсам да, олар маған сұрақтар жаудыруын қоймады». Сөйтіп, кедендік бақылау қорлауға ұласты: Бунинді тыржалаңаш шешіндірді, қалпағының астарын жұлып алды, бәтіңкесінің табанына бірдеңе тығылмады ма деген оймен, оны да жұлып алмақшы болды. Мұндай «қарғыс атқан күндерді» басынан кешіріп көрмеген еді.
Соғыс жылдарын өткерген Грас қаласына кетер алдында олар бар жылы киімдерін жинады. Сонда бір ғана шабаданға сыйыпты.
Соғыс жылдарында
Қырқыншы жылы жазылған «Генрих» әңгімесінде (ол «Қараңғы саяжолдар» («Темные аллеи») жинағына енді) Буниннің шабадандары тағы «сахнаға» шығады – бұл кездейсоқтық емес. Алдымен кіріспесі бар: «барлығы жиналған, шабадандар дайын» кейіпкері секілді олар да текті, әсем. Атқосшы Касаткин оны шабадандарымен қоса, пойызға апара жатып, басын күйзеле шайқап қояды: «Демек, шекара асып барамын деңіз...» Бұл дегенің, азаттықтан айырылу емей немене!» «Шынымен, осы мен неге кетіп барамын?» Ақын Надяны, кербез Лиді, сыған Машаны тастап, аудармашы Елена Генриховнамен (Генрих – лақап аты) Ниццаға бақыт іздеп барады. Венаға пойызбен бара жатқандағы түн – махаббат түні. Ол аустриялық жазушы, болашақ күйеуімен жүздесу үшін сонда қалды. Еленаны Ниццада қанша күтсе де келмеді. Оқиға кейіпкердің шабадандарға заттарын мұңая һәм ызалана салуымен, «мән-мағынасыз, баянсыз сапарын ұмытуға тырысуымен» аяқталады. Бірде кездейсоқ көзіне түскен газет оған қатты әсер етеді: сүйікті Генрихын қызғаншақ жігіті Венада атып тастапты.
Әрі қарай соғыс басталды.
Бунин тұратын Грасе Шығыстан келетін хабарларға мұқият зер салатын. Жазушының күнделігі шайқалған пароходтағы шабадандай тербелетін. Әрине, қырық бірінші жылдың қазанында жасалған мына бір жазба жүрекке оқтай қадалады: «Немістер жеңіске жететін сияқты. Бәлки, бұл жаман емес те шығар?..» Дегенмен күнделік өзі үшін жазылатын дүние ғой, оған жазушының ғана емес, айналасындағы адамдардың да ойлары әсер етпей ме?!
Күллі Еуропа Гитлермен бірге оның Ресейге жабайы жорығын «коммунизмге қарсы киелі соғысымен» ақтағысы келгендей. Мүмкін, бұл рас та шығар? Оның өзі де қызыл «челкаштарды», большевиктерді, төңкерісшілерді жек көрмеуші ме еді. Десек те, Тула маңындағы Ефремов түбіндегі шайқастардан хабар келісімен оның жан-дүниесі төңкеріліп кететін. Бұл жерде «антикоммунизмнің» қатысы қанша? Оның барлық жақындарының молалары өртеніп жатыр. Қырық бірдің желтоқсаны: «Апокалипсис! Орыстар Ефремовті, Ливнаны және тағы басқа жерлерді қайтарып алды. Немістер Ефремовта болған! Бұл ақылға сыяр емес! Қазір Ефремов қандай күйде екен, мұнда ағасы Евгенийдің үйі, оның, Настяның, біздің анамыздың молалары жатыр ғой».
Күнделіктер жазылған қойын дәптерлер кезекті шабадандарға салынуда. Қырық екінің қысында хабар келді: «Немістер орыстардың айрықша қасарыса қарсыласуын Франциядағыдай, Бельгиядағыдай және т.б. елдердегідей «l intelligence» бар адамдармен соғыспауымен, Ресейдегі соғыс өз өмірін бағалай білмейтін, өлімге немқұрайды қарайтын тағылармен жүріп жатқандығымен түсіндіреді». Осы жолдардан соң іле-шала былай деп жазылған «Ресейде 35 гр. аяз (Ц. бойынша). Орыстар шабуылдауда және аямай соққылауда».
Ол Шолоховтың «Тынық Донын», Бабель мен Зощенконы оқып жүрді. Бұл бірде керемет, бірде қайтадан «озбырлық», «ұсақ та азғын өмір» туралы «қарабайыр тілмен жазылған». Дегенмен ол қайтадан оқиды. «Елге қайту жайында жиі ойлаймын. Ол күнге жете аламын ба? Мені онда не күтіп тұр?» Қайтадан: «Өлерімнен бұрын Ресейге жету туралы жиі ойлаймын! Неліктен? Аман қалғандардың қарттығын (кезінде бірге болған әйелдердің де), кезінде бірге тыныстаған жандардың молаларын көру үшін бе?»
Соғыста бетбұрыс болады деген үміт сыйлаған 1942 жылы, Бунин күнделігінде өзінің ең үздік әңгімелер жинағы – «Қараңғы саяжолдарды» аяқтағанын атап өткен.
Бірақ бұл оған жеңілдік әкелмеді. Буниннің күнделігі майдан хабарларына, қуанышты сезімдерге толы: «Орыстар келеді, келеді. Одесса алынды. Қуаныштымын. Жағдай қалай өзгеріп шыға келді! Псков алынды. Бүкіл Ресей азат етілді. Бұл нағыз алапат шаруа атқарылды деген сөз!»
Соғыстан соң олар Парижге келді, шабадандар тағы да өз жұмыстарына кірісті. Осы тұста Вера Бунина: «Күйеуім өз мұрағатымен жұмыс істей бастады, оның кабинеті шабадандарға толы еді. Бұл жақсы белгі, демек, ол жұмысқа бел шеше кіріскені», деп еске алады.
Ол Симоновпен және Кеңес елшісімен кездесті, Твардовскийді, Паустовский мен Катаевты мақтады. Горькийдегі ортасына жататын ескі досы Телешовпен хат алмаса бастады. Енді оған коммунистка Эльза Триоле хат жазып жүр. Бунин мұрағатының күндердің бір күнінде Ресейге қайтатынына әлсіз үміт білдіретін.
1950 жылы Көкшіл жағалаудағы Антибке барып қайтады. «Біздің шабадандарымызға бола, пойыз бірер минутқа кешікті. Олардың саны жетеу еді, үшеуін мен өзім алдым. Мұнда мүлгіген тыныштық, адамдар жоқтың қасы. Тамақтары жақсы», деп жазады Бунина. Осылайша, сексен төрт жастағы Бунин 1953 жылы Парижде, шабадандарының қасында көз жұмды.
Сонымен...
Бұл тағдырлы шабаданды қайдан көруге болады?
Иван Буниннің Елецтегі Әдеби-мемориалдық музейінде жазушының 1933 жылы Стокгольмге Нобель сыйлығын алуға барғанда ұстаған шабаданы сақталып тұр. Шабадан француздікі, берік, айтарлықтай жеңіл, кенеп мақтамен қапталған, бұрыштарында былғары жапсырмалары бар.
Қаскөйлер 2009 жылы музейге терезе арқылы кіріп, басқа экспонаттармен қоса, шабаданды да ұрлап кеткен. Жоғалған заттар жарты миллион рубльге бағаланған. Кейін ұрылар қолға түсіп, Иван Буниннің шабаданы қайта оралды.
Айтпақшы, биыл Буниннің туғанына 150 жыл толып отыр.