• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 29 Қазан, 2020

Иіс иерархиясы

521 рет
көрсетілді

Биологиядан білетініміздей, паразит – белгілі бір организмнің, айталық паразиттің екінші бір организмді тіршілік ортасы ретінде пайдаланып, сонда өсіп дамуы, қоректенуі. Былайша айтқанда біреудің есебінен біреудің күн көруі. Қазақша айтқанда жатып ішу. Жалпы паразиттердің көптігі сонша, бұлар тірі ағзалардың ішінде де, сыртында да, вирустарда да, бактерияларда да, өсімдіктерде де, жануарларда да, тіпті адамдарда да бар.

 

Әрине, адамға басқа паразиттердің жабысып өмір сүруін түсінуге болады, алайда адамның адамға паразит ретінде селбесуін бірден қабылдай қою қиын. Бірақ өкінішке қарай бұл құбылыс күн өткен сайын адам санасына дендеген үстіне дендеп барады. Сіз білетін паразит кім? Болмаса сіз кімнің паразитісіз?

Былтыр «Оскар» жүлдесін жеңіп алған оңтүстіккореялық кинорежиссер Пон Чжун Хоның «Паразиттер» кино кар­тинасы бізді осы ойларға жетелеп әкетті. Бүгінде адамның көлеңкесінде адамның күн көруі қалыпты жағдайға айналып барады. Бұл ең алдымен адамдық рухани құндылықтардың құлдырауына, қоғамның іріп-шіруіне әкеліп соқтырады. Адамзаттық апаттың ең қауіптісі – адамның құнсыздануы. Аталған фильм де осы туралы, қоғамдағы адам құнының жәндіктен де жаман бағалануы жайлы баяндайды. Оны кино басталған бетте байқау қиын емес. Сеулдің кедей аудандарының біріндегі сасық жертөледе жан бағып, өлместің күнін кешіп жатқан Кимнің отбасындағы жұпыны көріністер көрерменді бірден жиіркендіреді. Режиссердің шеберлігі де шығар, сіз адамға емес, әлгілерге құдды бір жәндіктерден жиіркенгендей мұрныңызды еріксіз тыжырасыз. Тыжырмағанда ше? Аспалы шамға шұлық жайылып тұрған қуықтай бөлмеде отырған топты жанның асханасы қайсы, дәретханасы қайсы, бәрі аядай ғана төрт қабырғада тығылып алған. Біз адам құны жәндіктен де арзан деп бекер айтпадық. Әлгі көріністер бітер-бітпестен әлдебір жұмыскерлер келіп жаңағы жер­төлелерге улы газ шаша бастайды, таңданатын ештеңесі жоқ, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, тарақан-тышқандарды улайтын дәрі сеуіп өтеді. Бітті. Адам деген қасиетті сөз көз алдыңызда улы газға тұншығып, беттерін тұмшалай жан-жаққа қаша бастайды. Тура, тарақандар сияқты.

Фильм «Үздік фильм», «Үздік шетел тіліндегі фильм», «Үздік режиссер», «Үздік түпнұсқа сценарий» деген төрт ата­лым бойынша топ жарды. Бәйгені берсе бергендей. Байқаған адамға біз айтқан әлгі көріністерде режиссер камерасы үне­мі төменді жоғарыдан түсіріп отырады. Жертөленің өзі теңіз деңгейінен төмендегі тұрақ. Жағдайы төмен жандар.

Алайда келесі кадрда бағанадан бері қысылып-қымтырылып отырған қу жаны­ңыз кенет еркіндікке шыққандай кеңіп сала береді. Оның себебі, режиссер камерасы кенет үлкен форматқа көшіп, Сеулдің ең бай аудандарының біріндегі зәулім коттедждің тыныс-тіршілігін көрсете бас­тайды. Жап-жасыл құрақ, жылы жекежай, атшаптырым аула, ішкені алдында, ішпегені артында бақуатты Пак әулеті.

Алғашында кино осы екі әулетті параллель ұстап отырып қоғамның қотырын баяғыша қасиды деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ режиссер көрерменнің санасын кенет бұрылған көліктей төңкереді де тастайды.

Әлгі сіңірі шыққан кедей Кимнің балалары, ұлы мен қызы сіз бен біз ойлағандай әлжуаз емес. Ұл баласы Ки У ағылшын тілін жетік білетін маман ретінде ауқатты Пак әулетіне жалған құжатпен репетитор болып жұмысқа орналасады. Сәйкесінше жалған құжатты компьютердің құлағында ойнайтын оның әпкесі Киджон жасап береді. Кейін Киджон да әлгі үйге психолог болып жұмысқа кіреді. Репетитор Пактың үлкен қызына, ал психолог кенже ұлына керек болады. Былайша айтқанда кедейлер байларды оқыта бастайды. Алайда фильмнің кульминациясы бұл емес. Екі бала небір құйтұрқы әрекеттерге көше жүріп Пактың үйіне әкесі мен ше­шесін де жұмысқа орналастырады. Әлбетте төртеуі бір-бірін танымайтын адам­дардың рөлдерін ойнай жүріп небір зы­миян әрекеттерге барады.

Күндер өте береді. Ешкім ештеңеден сезіктенбейді. Пактың әйелі де аңқау, ақкөңіл біреу. Алайда таңертең бүкіл қылмыстың бетін Пактың кішкентай ұлы ашып қала жаздайды. Жас бала әкесіне: – Осы менің психолог мұғалімім мен сенің көлігіңді жүргізуші ағайдың, үй қызметшісі мен ағылшын тілі репетиторының үсте­рінен шығатын сасық иіс бірдей, – деп қойып қалады. Оны әкесі де қоштай ке­теді. Шынымен де жүргізушінің иісі өте жа­ғымсыз болатын. Сасық жертөледегі көгерген заттардың исі сияқты сасық иіс олардың үстерінен мүңкіп тұратын. Бірақ ең қызығы бұл иісті кедей Кимнің әулеті өздері сезбейді, бәлкім үйреніп кеткен.

Ауқатты Пак тағы мынаны айтады: бұрынғы жүргізушімдей емес, мына жүр­гізуші көп әңгімеге араласады, алайда өзі­нің шекарасын біледі, тек оның иісі ғана ше­караны білмейді, көлігімнің салонын оның иісі алып кетеді деп тыжырынады. Төртеуі бір-бірін танымайтын бейтаныс біреулердің рөлін ойнаса да, жағымсыз иіс олардың бір тап өкілдері екенін, тіпті бір отбасының адамдары екенін әшкерелей жаздайды.

Бай мен кедейдің арасын бөліп тұрған иіс – үлкен деталь. Пактың көлігіндегі иіс бірте-бірте француз әтірінің хош иісі аңқып тұрған үй ішін түгел жайлай бас­тайды. Исі өздігінен қалай жайласын, иіс деп отырғанымыз сол иістің иелері, кедей Кимнің отбасы.

Паразиттердің кімдер екенін бағамдап отырған боларсыздар. Бай әулеттің үйіне түрлі маман иелері болып жұмысқа кіріп, олардың ас-суына ортақтасып, жалақы алып, ауқатты адамдарды теспей соруға кіріскен Кимнің отбасы нағыз паразиттер. Бірақ режиссер бұл картинада тағы бірнеше паразит жасырып отырғанын кейін көрсетеді. Фильм шым-шытырық оқиғамен әрі қарай жалғасады.

Ким Пактың үйіндегі жалғыз паразит емес екен. Оның әйелі, балаларынан да басқа паразиттер бар.

Жалпы Пактың үйі кішігірім мемлекет сияқты. Сөйтсек Ким мен Пактың әулетінен бөлек, бұл үйде ешкім білмейтін үшінші отбасы да өмір сүріп жатқанын білгенде шалқаңнан түсе жаздайсың.

Олар кім десек, Кимнің ұлы мен қызы арандатып, өтірік өсек тасып, істеп жүрген жұмысынан шығартып жіберген үй қызметшісі (әйел) де күйеуі екеуі сол үйдің ешкім білмейтін есігі арқылы жер­төлесінде күнелтіп, қаншама жыл жасырынып келген жарлы-жақыбайлар екен. Міне, сіздерге тағы паразит керек болса?!

Әйелін сол үйдің жұмысына салып қойып, ара-арасында тамақ тасытып, өзі жертөледе бірнеше жыл өмір сүріп жатқан әлгі еркектен асқан паразит жоқ дерсіз? Бірақ бәрібір сұрақ туады, бай әулетте жұмыс істеу үшін мұнда күнін көріп жүргендерді қулық-сұмдықпен қуып шыққан Ким бе, әлде қарызға белшесінен батып, әйелінің көлеңкесінде күн көріп жатқан жертөледегі кейінгі еркек пе? Бәлкім кедей-кепшіктің білімін, жұмысын, тығырыққа тірелген жағдайларын, күш-қуатын пайдаланып өмір сүріп жатқан ауқатты Пактың өзі паразит па?

Сұрақ өте ауқымды сияқты. Бірақ біз­дің алғашқы танығанымыз Кимнің отба­сындағы паразиттер. Пактың үйі жалпы көп дүниені еске түсіреді. Оның ішіндегі па­разиттер де көптеген типтерді көз ал­дыңа әкеледі. Біреудің байлығын тес­пей со­руға еш арланбайтын, өз күні үшін өзгенің тағдырын табан астында қиып жі­бе­ретін адамның ашкөздігін ашық көрсет­кен кинокартина кез келген қоғамда өзекті болса керек.

Киноның шырқау шегі қайғылы аяқ­талады. Пактың кішкентай ұлының туған күнінде коттедждің жертөлесінде бірнеше жыл күнелтіп келгені әшкереленіп, сол кикілжіңдердің арасында әйелі опат болған әлгі еркек туған күн үстінде Кимнің қызына жүгіріп келіп пышақ сұғады. Оны Кимнің әйелі кәуәптің шыбығымен түйреп өлтіреді. Қызы мен әйелін құтқармақ болып жатқан Ким кенет қолына пышақ ала салып Пакты жарып тастайды. Оған себеп, Пак сол бір аласапыран арасында Кимнің үстіндегі иістен жеркеніп мұрынын баса қалады. Соған үнемі намыстанып жүрген кедей Ким Пакты пышақтайды да, ешкімге білдіртпей зәулім үйдің әлгі жертөлесіне кіріп, есікті ішінен жауып мәңгі сонда қалады. Әрине, өлмейді. Ара-арасында шығып, кейіннен үйді сатып алған басқа қожайындардың мұздатқышынан тағам алып жеп жүреді. Паразиттік паналауды өзінің өмір ырғағына айналдырады. Ұлы мен әйелі оны өлдіге санайды. Ол шынымен де өлген болатын. Моральдық тұрғыдан оны тірі ағза деп қана қараған дұрыс. Баласы кейін әкесінің жертөледе екенін ұғады. Іштей өзіне әкемді құтқарып алам деп серт береді.

 Жә, ол ұл байып та кетер, үйді де са­тып алар, әкесін де бостандыққа шығарар, бі­рақ иісті қайтпек? Иіс кете ме? Жертөле­дегі жағым­сыз иіс олардың киіміне ғана сіңді ме?

Мәселе сонда...