Жабасақ – облыс орталығынан 450 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен. Әдетте шалғай ауылдардың тұрғындары қартайып барады, жастар жаппай қалаға кетіп жатыр дейміз ғой. Алайда журналистік сапар барысында Жабасақ ауылынан мұндай көріністі байқай алмадық. Айталық, округ аумағында 32 шаруа қожалығы болса, дені орта жасқа дейінгі жастардың жұмысы екені сүйсіндіреді.
Әлбетте, малдың санын түгендеп, жанның саны мен саулығын сұрауды екінші кезекке ысырып тастайтын әдеттен де құралақан емес екенімізді жасырып қайтеміз. Осы орайда соңғы жылдары Жабасақ ауылындағы тұрғындардың саны табиғи өсім есебінен толығып келе жатқаны қуантады. Ауылдық округ әкімі Әкімгерей Ақмурзиннің айтуынша, жабасақтық жас отбасылардың әрқайсысы 4-5 бала тәрбиелейді. Тек биылғы жаңа оқу жылында шағын ауылда 22 балдырғанның даярлық тобына баруы ауыл басшысы айтқан әңгіме шындықтан алыс емес екенін айғақтайды.
Бұған қоса мектеп жанындағы интернатта 25 бала оқып жүрген көрінеді. Зәулім де сәнді клуб пен кітапханаға келіп, рухани тұрғыдан ой-өрісін байытып жүрген ауыл азаматтары да аз емес. Бүгінде интеллектіні дамытудың басты көзінің бірі – ғаламтор. Осы орайда ауылдағы интернет желісі жылдамдығының төмендігі ел мен жер, әлем тынысын білмекке құмар ауыл жастары мен зиялыларының жігерін жасытып жүргендей көрінеді. Жабасақ ауылы тұрғындарының туған ауылына деген сүйіспеншілігі, тұрмыс мәдениеті жоғары деңгейде екені аңғарылады. Айталық, газ құбыры өткізілмеген, күн сайын көмір, қи жағып отырған ауылда күл-қоқыстың көрінбегені таңғалдырды. Мұның сыры – арнайы полигон жасақталып, қажетсіз тұрмыстық қалдықтар сол жерге апарылып жойылады екен.
Жабасақта ауыз су мәселесі толық шешімін тауып, су құбыры өткізілген. Оның сапасы өте жоғары екенін тұрғындар риза кейіпте әңгімелеп берді. Сонымен бірге жергілікті жолдардың жөнделгеніне және оған орташа деңгейде күтім жасалғанына куә болдық. Мұның басты дәлелі – қатқыл табанды грейдермен жолға қиыршық тас төселген. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің айтуынша, бұл жергілікті құрылыс материалы көршілес Хромтау ауданынан жеткізілген екен.
Ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары иелерінің басты кәсібі – мал өсіру, оның өнімдерін өндіру. Бұл мәселеде түйткіл туғызып жүрген тұстар да жеткілікті. Мәселен, Жабасақ ауылында шағын шаруа қожалықтарының көп болуы аталған елді мекен тұрғындарының еңбекқор кейпін көрсетеді. Бұл талас жоқ, қолдауға тұрарлық оң құбылыс. Әрі бұл көрініс жастарды ата кәсібіміз мал шаруашылығына икемдеудің таптырмас жолы да, түптей келгенде еңбек тәрбиесі дегеніміздің өзі де – осы. Ал екінші бір қырынан қарастырғанда, ұсақ шаруа қожалықтарының лизингке техника сатып алуға, мал тұқымын асылдандыру мен селекциялық жұмыстарды жүйелі жүргізуге әлеуеті бола бермейтіні де басы ашық мәселе. Бұл ретте ұсақ та болса өзіне тиесілі шаруаны шашау шығармай қамдастырып келген қожалық иелерінің кооперативке біріге қоюының да өзіндік иірімдері аз емес. Біз барған кезде Жабасақ ауылдық округінің әкімі Әкімгерей Ақмурзин осы мәселенің кілтін іздеп жүргенін жеткізді.
Шаруа қожалықтары жетекшілерімен әңгімелесу кезінде олар несиелік қаржы институттарына қатысты сөзбұйдаға салынып жүрген жайттарды жіліктеп берді. Мұның ең бастысы, құжат жинақтау мен жасақтау кезінде орын алатын әкімшілік кедергілер. Соның салдарынан бұл үдеріс тым ұзаққа созылады. Соның ішінде «Даму» несиелік құрылымынан несиеге қол жеткізу аспандағы айды алып берумен бірдей қиын іс болып кеткенге ұқсайды.
Әңгімемізді түйіндей келе, адал еңбегінің құнын өз деңгейінде пұлдай алмау, жүн мен терінің ешкімге керексіз болып қалуы, мал өсіруге кеткен шығынның ақталмауы – Жабасақтағы мал өсірушілердің қабырғаларына қара тастай батып жүргенін айта кеткіміз келеді. Әрі бұл көрініс бір Жабасақ ауылына ғана емес, облыстың бірқатар мал өсіретін ұсақ құрылымдарына тән құбылыс десек, тиісті өкілетті органдар бұл мәселені шешу мен реттеу тетігін қарастырғанын қалар едік. Іздестіре білсе, оның жолдары жеткілікті деуге болады. Бұл мәселенің тұтқасы табылса, Жабасақ ауылының еңбекқор жандарының мал өсіруге деген құлшынысы одан әрі арта түсетініне сенім мол.
«Жабасағым – жас өлкем,
түлеп қайта жасап жаңарған.
Болашағың әсем – ән өлкем, таң нұрындай таралған.
Мақтан етіп өзіңді, әнге қоссын ұл-қызың,
Отанымның төрінде, жайнай берсін жұлдызың», деп жергілікті ақын Қуаныш Алтынбаев жырға қосқандай, жабасақтық жастардың жұлдызы жоғары бола берсін демекпіз.
Ақтөбе облысы,
Әйтеке би ауданы,
Жабасақ ауылы