Атырауға тағы бір жылжымалы зертхана келді. Оны М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі Зият Әбдел облыстық обаға қарсы күрес стансасына тапсырды. Бұл зертханада күніне 500 адам ПТР сынамасын тапсыра алады.
– Мұндай мобильді зертхана бактериялық, инфекциялық зерттеулерді жедел анықтауға жол ашады. «КамАЗ» көлігіне орнатылған соңғы үлгідегі зертхананы аудандарға да апарып, зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар. Өйткені Еуро-5 стандартына жататын зертханасы бар көлік құмды, таулы-тасты, далалық жолмен жүре алады. Жылжымалы зертхананы алыс елді мекенде, далада аса қауіпті инфекцияларға, дербес және инфекциялық ауру ошағында стационарлық сараптама орны ретінде пайдалануға болады, – дейді Зият Әбдел.
Оның айтуынша, көліктегі зертхана бактериологиялық, серологиялық, иммуноферменттік талдау жүргізу жиынтығымен, желдету, қорғаныш құралдарымен жабдықталған. Онда дәрігер мен зертханашылардың қауіпсіз жұмысы үшін барлық жағдай жасалған.
Атырау облысы