• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қазан, 2020

Қоқыс толы құдықты кім тазартады?

361 рет
көрсетілді

«Egemen Qazaqstan» газетінің 15 қазан күнгі санында Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында былтыр 11 желтоқсанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пайдалануға берілген бес қабатты №47 тұрғын үйдің мәселесін көтерген едік. Негізінен көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қоныстанған жаңа үйдің іргетасы бір жыл өтпей отыра бастағандықтан, біраз пәтердің терезелері сынып, төбе, қабырға сылақтары түсіп қалған. Біз қозғау салған соң үйді тұрғызған «Сыл» серіктестігі терезелерді ауыстырып, пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізе бастаған. Тұрғындар сайлаған үй басқарушысы Қамажай Қасенованың айтуынша, серіктестік өтінім берген 12 пәтердің бесеуінің терезесін орнатып, бірнеше пәтердің сылағы түскен қабырға-төбелерін жөндеп берген.

 

№47 үйдің дәретхана, ваннасынан шығатын кәріз жүйесі де дұрыс істемейді. Тұрғындардың айтуынша, үйді тұрғызған құрылысшылар сыртқа шыққан кәріз құбырлары құйылатын есік алдындағы 4 құдықты құрылыс қоқыстарымен толтырып тастаған. Былтыр қысқы аязда қоқыс толы тайыз құбырдың іші қатып қалғандықтан, кәрізден құйылған жуындының, зәр мен кірдің суы құдықтың аузынан шыға сыртқа ағып, үйдің алдына жайылып, бүкіл аула жып-жылтыр мұзға айналған. Өкінішке қарай, бұл жағдай биыл да қайталанып жатыр. Ал «Қостанай су» мекемесі құбырдың ішіндегі қоқысты тазартудан бас тартып отыр. Өйткені бұл үй әлі күнге дейін қаланың балансында жоқ екен. Есепте жоқ үйдің тұрғындары енді не істерін білмей дал болуда.

– Міне, бір жеті болды, үйге жаман сасық суды кешіп кіреміз. Есіктің алдында балаларымыз осыны басып ойнайды. Бүйте берсе, кәріз мүлде бітеліп, үйдің ішін зәрдің суы алып кет­уі мүмкін. Құдықтың ішін тездетіп таз­а­ламаса болмайды, аяз ұрса мүлде қиын болайын деп тұр. Қыс түсіп кете ме деп жанымыз шығып барады. Бір апта бойы әр жерге қоңырау шалып, айтып жатырмыз. Оған құлақ асып жатқан адам жоқ, – деді №61 пәтердің тұрғыны Сабаш Есенова.

Сабаш әжейдің пәтерінің жел­дет­кіш құбыры бітеліп, сыртқа ауа тартпай­ды екен.

– Үш бөлмелі пәтерде 9 жан тұрып жатырмыз. Ұлымның 4 баласы, өзім, жолдасым, келінім бар, күні бойы бір адам бір рет кіргеннің өзінде дәрет­хананың иісі аңқып кетеді. Бірі­міздің артымыздан біріміз әтірсу ұстап жү­реміз.­ Біздің ойымызша, желдет­кіш құ­бырдың іші де қоқысқа толып, ауа шығатын қуыстың бәрі бітеліп қалған, – деді ашынған әжей.

Пәтер иелерінің қоныстанғанына 1 жыл толған үйдің қала әкімдігінің есебіне қалай кірмей қалғаны түсі­нік­сіз. Тұрғындармен кездесу барысында мұның себебін анықтамақ болып ПИК төрағасы Владимир Васильевке қоңырау шалдық. Ол кісінің айт­уынша, үйді тіркеуге қоятын қалалық әкімдік бөлімі тиісті құжаттарды әлі күнге дейін реттестірмеген. ПИК тө­рағасы мен тұрғындардың сөзіне сен­беген құрылыс бөлімінің мамандары №47 үйдің ауласына келіп, қоқыс толы құдықты ашып көріп, бас шайқап кетіпті. Бірақ ешқандай уәде бермеген.

– Қалалық құрылыс бөлімі бұл үйді қашан балансқа енгізетіні бел­гісіз. Ең бастысы, құдықтан шық­қан құсықтың жертөлеге кіріп кет­пе­уін қадағалау керек. Есіктің ал­дына кете берсін, оның жарасы жеңіл. Мен, расын айтсам, не істе­рім­ді білмей қалдым. Барлық пәтер тұрғындарының басын қосып, әкім­дік­ке, «109» нөміріне күн са­йын қо­ңырау шаламыз. «Қостанай су» мен қалалық әкімдік ешбір шара қол­данбай отыр деп жаппай шағым түсі­ріп жатырмыз. Бізге көмектессе, сол ғана көмектеседі, – деді ПИК тө­ра­ғасы.

Бірінші қабаттағы №44 пәтер­де тұратын көпбалалы ана Гаухар Елеуованың ваннасы мен дәрет­ха­насындағы кәріз жолы бітеліп қал­ған­дықтан, су бірден ағып кетпей, қал­қып тұрып қалады.

– Біреуіміз 15, енді біреуіміз 19 жылға ипотека төлеп отырмыз. Қала әкімдігі бұл үйді қалай қабылдап алғанын білмейміз. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаның 10%-ын жинап, әзер дегенде қол жеткен баспанамыздың түрі осы. Жолдасым 80 мың теңге айлық алады. Өзім үйде бала бағып отырмын. Әкімдік көпбалалы ана ретінде берілетін 45 мың теңгемен жолдасымның 80 мың теңгесін қосып санап, атаулы әлеуметтік көмектен қақты. Балалардың аузынан жырып айына 48 мың теңге несие төлеп отырмыз. Ипотека мерзімі – 18 жыл. Осылай алған үйіміздің кәріз құбыры дұрыс жүрмейді. Дәретхананың суын ағыза алмай әуре болып күн өткізіп жатырмын, – дейді төрт баланың анасы.

Өткен жұмада №47 үйдің әлі күнге дейін балансқа қойылмау себебі мен кәрізден шыққан зәрдің суына батқан тұрғындарға қашан көмек көрсетілетінін білмек болып, қала әкімдігіне қарасты құрылыс бөліміне хабарластық. Бөлім басшысының хатшысы «Күте тұрыңыз» деп бастығына кіріп кетті де, сәлден соң «Бастық дүйсенбіде сағат 11.00-де босайды. Сол кезде келіңіз» деді. Дүйсенбі күні сағат 11-ге таман бара жатқанымызды хабарлап едік, басшысы жиналыста екенін айтып, нендей мәселемен келе жатқанымды қайта сұрап, сәлден соң өзі хабарласатынын айтты. Содан кейін хатшы да жоқ болды, басшы да жоқ болды. Бірнеше рет соққан қоңырау жауапсыз қалды.

Осы күні кешке таман үй бас­қа­рушысы Қамажай Қасеновамен сөйлестік. Ол: «ПИК төрағасына ең болмаса сантехник жібер, 10-15 мың теңге сыйақы төлеп, құбырға түсіріп, кәріз құбырының бітеліп тұрған жерін тазалап көрсін дедім. Сантехник басында бұл менің жұмысым емес деп бас тартып еді, кейін келіскендей болды. Құбырдан 4-5 шелек қоқыс алып шықты. Қазір су жүре бастаған сияқты. Бірақ бұл уақытша нәрсе. Біраздан соң қайта бітеледі», деді.

Осылайша аталған үйдің тұр­ғын­­дарының жанайқайы қала шенеу­ніктерінің құлағына жетер емес. Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рым­да­масы Қостанайда осылай жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан еститін мемлекет құру үшін әуелі «тас керең» шенеуніктерді «емдеп» алған дұрыс сияқты.

 

Қостанай облысы