• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қазан, 2020

Пандемия – қауіп әрі мүмкіндік

388 рет
көрсетілді

Әр нәрсенің екі жағы болатыны – заңдылық. Сондықтан жұртты әбігерге салған пандемия қоғамға төнген қауіп деп қана қарамай, оны тұрғындарға берілген тың мүмкіндік ретінде де қарастырған жөн. Өйткені кейде осындай бір жағдайлар жасырын жатқан салалардың бағын ашатыны бар.

 

Биыл пандемиядан кәсіпкер­лердің зардап шеккені рас. Бірақ жаңа нарықтарды, жаңа дағды­ларды игеріп, тыңнан түрен салған да дәл осы кәсіпкерлер. Мұны Алматы қалалық «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықовтың мына бір сөзінен-ақ аңғаруға болады.

– Пандемияға байланысты кәсіпкерлер қиын жағдайға тап болды. Жүріп-тұрудың жә­не кәсіпорындар қызметінің шектелуі оларды қиын­дыққа тіреді. Десе де, бұл жағдай кәсіп­кер­­лерге жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Мәсе­лен, Алматы қаласында пандемияға дейін 194 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істесе, нау­рыз-қыркүйек аралығында бұл көр­сет­кіш 201 мың­ға жетті. Яғни кәсіпкерлік субъек­­ті­­лері­нің саны қысқарған жоқ, керісінше көбейді. Бұған дейін дамымай келген кәсіпкер­лік түр­лері пан­демия барысында алға басты. Биз­нес панде­мия жағ­дайында да дамуы керек, – деді ол «Назар­баев моделі – ХХІ ғасыр­дың сын-қатерлеріне стра­тегиялық жауап» тақы­ры­бын­да өткен жас ға­лым­дардың халықаралық онлайн-форумында.

Пандемияға қауіп ретінде емес, мүмкіндік ретінде қарау керек деген ойды «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы Corporate Governance & Stewardship бөлімінің төрағасы, профессор Александр Ван де Путт те қолдады.

– Әлем жұртшылығы соңғы жүз жылда болмаған жаһандық дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Он жыл бұрынғы дағдарыспен салыстырғанда оның зардабы да зор болмақ. Бұл ретте шағын және орта бизнес субъектілері пандемияны қауіп әрі мүмкіндік деп қарастыруы керек. Олар пандемиядан кейін жедел қалпына келуге, тұрақты дамуға бет бұруы тиіс. Өкі­ніш­ке қарай, әлемге әйгілі сарапшылар адамзатты бұдан да зор қауіп-қатерлер күтіп тұрғанын айтып, дабыл қағуда, – деді ол.

Оның айтуынша, алдағы уақытта Еуразия кеңістігі дамудың нағыз орталығына айналады. Жаһандық сауда ағынының көп бөлігін, яғни 38 пайызын Еуразия құрлығы құрап отыр. Одан кейінгі орында Азия құрлығы тұр (34 пайыз). Демек, Еуразия мен Азия арасындағы сауда ағыны қарқынды түрде жақсарып келеді. Мұның бәрі кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Сондықтан қандай жағдайға қарамастан, экономикалық белсенділікті әрі экономикалық негізді сақтау маңызды. Сондай-ақ стратегиялық жаңаруға, сыртқы факторларға да айрықша мән беру қажет.

– Стратегиялық жаңаруға назар аудару керек. Шикізатқа иек арту кезеңі осыдан бес жыл бұрын аяқталды. Алдымен осыны ескеру қажет. Одан кейін қоғамның бағыты, стереотиптері өзгеруде. Цифрландыру процесі өмірімізге енді. Мұндай үдеріс Қазақстанда ғана емес, тұтас әлемде жүріп жатыр. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері пайдалы қазбалардың орнын басып келеді. Сөз жоқ, Қытай мен Батыс Еуропа энергетика, тамақ өнеркәсібі саласында алда тұрады. Бірақ Қазақстанның бұл бағыттағы мүмкіндігінің жоғары екенін естен шығармаған жөн. Экономиканың циклдік дамуының да маңыздылығы артпақ. Оның үстіне, төртінші индустриялық революция жағдайында өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауға тиіспіз. Сон­дықтан осындай мүмкіндіктерге ие Қазақстанда тыңнан түрен салуға жағдай жасалуы керек. Ол үшін негізгі үш бағытты – инвестиция, цифр­ландыру және кәсіпкерлікті одан әрі жандандыра түскен дұрыс, – деді профессор А.Путт.