Әлеуметтік желіні оңды-солды қолданып жатқандар көп. Алайда парақшасына пайдалы жазбаларды жиі жүктеп тұратын жастар да жоқ емес. Солардың бірі жас ақын – Нұркен Нұрғазы есімді азамат. Оның пайдалы жазбаларынан бұрын пәлсапасы терең поэзиясымен қаламгерлер қауымы жақсы таныс. Десек те, айтпағымыз жас ақынның шығармашылығынан бөлек ерекше жайттарға елеңдей жүретіндігі.
Мысалы, жуырда фотожурналистика бағыты бойынша өтетін World Press Photo байқауының 2020 жылғы номинанттары мен жүлдегерлері туралы жазған Нұркеннің кішкентай ғана ақпараты оның ерекше ойлау жүйесін, зердесін, жаңа көзқарастарын аңғартты.
Аталған байқауда жапониялық фототілші Ясуеси Тибаның «Тұнық дауыс» атты суреті үздік деп танылғанын жазған Нұркен суретте қолына жарығы қосылған ұялы телефон ұстаған жастар мен әлемді бейбітшілікке шақырып өлең оқып тұрған судандық азамат бейнесіне ерекше үңіледі.
Суреттегі ақын жанын Жер шарының әлдебір бөлігіндегі екінші бір ақынның қапысыз сезінуі бізді бейжай қалдырмады. Бізді сондай-ақ Нұркеннің бұл кішкентай ғана жазбасы қазақтың ақиық ақыны Мұқағалиды есімізге түсірді.
Мұзарт Мұқаң «Чили – шуағым менің» деген өлеңінде:
Барлық ақын – баласы бір ананың,
Ақын келсе өмірге, қуанамын,
Ақын өтсе өмірден – жылағаным.
Барлық ақын – баласы бір ананың.
Барлық ақын – бауыры тірі адамның!
– деп жырлайды. Бұл өлең және үлкен поэманың алғашқы шумағы. Поэманы ақын Мақатаев Пабло Нерудаға арнайды.
Жә, суретке оралайық.
Суданда қарсылық акциялары 2018 жылдан басталып 2019 жылға дейін жалғасқан. Жергілікті билік бейбіт шеруді тоқтату үшін электр қуаты мен интернет желісін сөндіріп қойған.
«Бұл Судандағы мен көрген халық жаппай қатысқан жалғыз ғана бейбіт шеру болды. Сол күні шеруге қатысқан халықтың қайтпас қайсарлығы қайта тұтанған көмірдей екенін сездім», депті фотограф.
Қазылар алқасының мүшесі Крис МакГрат суреттен алған әсерімен бөлісе келіп: «Бұл бүкіл әлемде бейбітшілік орнауын қалайтын жандар мен сол шеруге қатысқандардың ішкі қарсылығын көрсетіп берген ғажап туынды», деп түйеді.
Әлемдік фотобайқауда жеңімпаз болған суретке қарап тұрып ұялы телефондардың жарығынан да жарық ақын көзіндегі отты көрмеу мүмкін емес. Оны байқаған біздің жас шайырдың жүрегі де жап-жарық екенін сезесің...
Қудаланған, жәбір көрген, зорлықтан көз ашпаған, түнектер мен қапастарда жатқан халықтарды осындай отты көздерден тараған жарықтар ешқашан адастырмайтынына сенуіміз керек.