Түркістандық үздік волонтерлер екі күнін ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігімен танысуға арнады. «Ауылдағы бір күнім» телевизиялық реалити-шоуы аясында «Мал мен егін – көл-көсір өнім» сайысы өткізілді.
Жастардың ата кәсіпті жаңғыртуға назарын аудару, еңбекке баулуды мақсат еткен конкурсқа қатысуға ниет білдіргендер қарасы көп болды. Ұйымдастырушылар жастарды ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік белсенділікке ынталандыруды да көздеп отырғанын жеткізді.
Бұл жобаға Түркістан өңірі аудандарынан 30-ға жуық волонтер қатысып, «Алатау», «Қаратау», «Сырдария» және «Тұран» деген төрт командаға бөлініп жарысты.
Жарыстың алғашқы күні Қазығұрт ауданындағы бақтан алма терумен басталып, жігіттер қауымының қой қырқуына ұласты. Алғашқы сайыста «Алатау» құрамасы басым түссе, қой қырқу кезінде «Сырдария» жігіттері ептілігімен алға шықты. Жігіттердің айтуынша, қой қырқуда қолына алғаш рет қайшы алғандары да бар, соған қарамастан олар ұйымдастырушылардың тапсырмасын жоғары дәрежеде орындауға тырысты.
Ал сайыстың екінші күні Сауран ауылдық округінде картоп қазып, оны жинаумен басталды. Бұл жерде байқауға қатысушылардың картоп жинаудағы жылдамдықтары мен салмақ бойынша басымдылықтары есептеліп, нәтиже бойынша «Сырдария» тобы алға шықты. Әрі қарай қатысушылар сайысты мақта алқабында жалғастырды. Еліміздің оңтүстігі – ақ алтынның Отаны екені бәрімізге белгілі. Сондықтан бұл жарыста аталған сайыстың болуы заңды. Мақта теру кезінде қатысушыларға баға берген қазылар терілген мақтаның тазалығына, салмағына жіті мән берді.
«Тұран» командасының капитаны Әйкерім: «Жарыста берілген тапсырмаларды бұрын естігенімізбен, ешқашан орындап көргеніміз жоқ. Мысалы, өзім мақта алқабына бірінші рет келіп тұрмын. Алма, мақта, картоп тере жүріп, осы салада бұрыннан қызмет ететін шаруалардың еңбегін түсініп жатырмыз. Мұндай жобалардың болуы еңбек адамдарына деген құрметті арттырады және жастарды да соған баулиды деп ойлаймын», дейді.
Жарыстың бір қызығы – жастар өздері туған өңірдегі кәсіп түрлерінен болған додада ептіліктерін байқатты. Мысалы, мақтааралдықтар мақта терімде бірінші болса, «Алатау» құрамасы алма мен картоп теруде көзге түсті.
«Бұл – жастарды еңбекке баулуға арналған жақсы жоба. Біздің Түркістан облысы халқының 80 пайызы ауылда тұрады. Өңірімізде ауыл шаруашылығы әлеуеті қарқынды дамып келеді. Бұл – атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсіп. Ата кәсіптің жандануы, ауыл шаруашылығындағы инновациялық даму, шаруашылыққа жаңа технологияларды енгізу – ендігі жастардың еншісінде. Қазақстан келешекте әлемдік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өзінің табиғи ресурстарына сай, лайық орнын алады деп сенеміз. Осы мақсатта қызмет етеміз», дейді «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Амалбек Өміртай.
Жастар екі күн бойы нағыз ауыл өмірін сезініп және өздерінің еңбекке қаншалықты қабілетті екенін дәлелдеді. Жобаға ауылшаруашылық саласының мамандары, шаруа қожалықтарының иелері, көпбалалы аналар қазылық етті. Нәтиже бойынша, «Қаратау» командасы III орын, ал «Алатау» II орынды иеленді. I орынды «Сырдария» құрамасы еншілеп, бас жүлдені «Тұран» қанжығасына байлады. Жеңімпаз жастарға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды.