Саламатты өмір салтын және бұқаралық спортты насихаттау. Ең бастысы, волонтерлер мен әлеуметтік осал топтарды қолдауға назар аудару. Бұл «Ашық жүрек» қайырымдылық теннис турнирі ұйымдастырушыларының көздеген мақсаттары.
Биыл 11 қазанда Ақтөбе облысының Волонтерлер лигасы үлкен теннистен «Ашық жүрек» кубогының қайырымдылық турнирін өткізді.
Волонтерлер қозғалысын кеңінен насихаттай отырып, халықты саламатты өмір салтын ұстануға шақыру, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, үлкен теннисті дамытуға үлес қосу және адамдардың қайырымдылық жасауға деген ниеттерін арттыру мақсатында өткізілетін турнирдің қатысушылары биыл көп болды.
Волонтерлер лигасының бұл бастамасын Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров қолдап, турнирдің ашылу салтанатына қатысты. Өз сөзінде шаһар басшысы қоғамдағы волонтерлердің атқарып жатқан еңбегінің жоғары деңгейде екенін атап өтіп, барлық қатысушыға алғысын білдірді.
«Бүгінгі турнирдің өтуі ақтөбеліктердің кез келген жағдайда шет қалмайтындығының дәлелі деп түсінемін. Біз әрдайым көмек қолын созуға дайынбыз. Арамызда тек сөзбен емес, іспен дәлелдейтін азаматтарымыздың саны көп, бұл – біздің ауызбіршілігіміздің көрінісі. Қоғамдағы мұқтаж жандарға қашанда көмек көрсетуге дайынбыз, қолұшын беріп қатарымызға тартуға асықпыз. Біздің күшіміз – бірлікте», деді қала әкімі Асхат Шахаров.
Қайырымдылық турниріне 50-ге жуық адам қатысуға ниет білдірді. Барлық қатысушылар 2-3 мың теңге көлемінде жарна төлеп, үш топқа бөлініп бақтарын сынады. Алғашқы топта бірыңғай ерлер, екінші топта әйелдер болса, үшінші топ волонтерлерден құралды. Бір күн көлемінде өткен жарыста барлық қатысушы белсенділік танытып, спортқа деген ынта-жігерін көрсетті. Аталған қайырымдылық турнирінен түскен барлық қаражат Волонтерлер лигасынан көмек сұраған мұқтаж отбасыларға аударылады.
Айта кетейік, бұл Волонтерлер лигасының бастамасымен өткізіліп отырған алғашқы спорттық шара емес. Бұған дейін де әуесқойлар арасында осындай футбол және волейболдан турнирлер өткізілген болатын.
Осы орайда жастар арасында волонтерлік бастамаларды ілгерілетуге бағытталған «Ашық жүрек» жобасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылып жатқанын айта кеткен жөн.