Түркістан облысының полицейлері браконьерден борсық тәркіледі, – деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“Браконьер” жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Түркістан облысының ПД табиғат қорғау полициясының инспекторлары жабайы жануарларды заңсыз аулау фактісін анықтады. Атап айтқанда өткізілген рейдтер кезінде Бәйдібек АПБ полицейлері Алғабас кентінің маңында борсық аулаған Шымкент қаласының тұрғынын ұстады.
Тәртіп сақшылары браконьерден борсықты алып, мән-жайды анықтау үшін азаматты полиция бөліміне жеткізді. Құқық бұзушыға қатысты полицейлер ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабы 1-бөлігі (Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Шымкент қаласының тұрғынына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, Республика аумағында табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды, оның ішінде браконьерлікті, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға және экологиялық қылмыстарды ашуға бағытталған “Браконьер” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Аталған жедел-алдын алу іс-шарасы 2020 жылдың 11 қарашасына дейін жалғасады.