Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Торайғыров университетінде болды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кешенді таныстыру экскурсиясы студенттерге қызмет көрсету орталығынан басталды. Бұл жерде «бір терезе» принципі бойынша оқу-білім беру үрдісі үшін қызметтер көрсетіледі. Студенттер жатақхана орнын ресімдеп, жеңілдіктерді алу мақсатында көмекке жүгінеді. Орталықтандырылған жұмыстың арқасында уақыт үнемделеді.
Студенттік конструкторлық бюрода мейманға интерьердің сәулеттік жобалауы және дизайнын жүзеге асыру идеялары паш етілді. Кейін Алик Жатқамбайұлы оқу орнының жағдаяттық орталығының жұмысымен танысты. Бұдан кейін Алик Шпекбаевтың назарына ғылыми жобалар мен бизнес-идеялар ұсынылды. Нақтырақ айтқанда, тримарандар, органикалық косметика және вирусқа қарсы құралдар өндірісі, антисептиктер мен сұйық сабын қайнату, креативті жиһаз жинау және соғылған бұйымдарды жасау цехтарының жұмысымен танысты.
Жұмыс сапары университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен өткен кездесуге ұласты. Алик Шпекбаев басқарудың коммерциялық емес формасына көшкен оқу орны енді кәсіпкерлік қызметпен айналыса алатынын атап өтті. Бұл аймақ пен университетке аса тиімді.
«Мұнда «Қарапайым заттар экономикасы» бағытындағы қажетті жобалар шоғырланған. Студенттер өздерінің идеяларын жүзеге асыра алады, демек, жастардың танымы өзгеріп келеді. Бүгінде қоғам Агенттіктің қызметімен таныс болуы керек. Мекеменің жұмысын Мемлекет басшысы бақылайды. Бұған дейін жемқорлықтың салдарымен күрессек, енді біздің мақсатымыз - алдын алу және тәрбиелік сипаттағы жұмыстарды қолға алу», - дейді ол.