• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қараша, 2020

Қостанай академиясында Талап Қабденов атындағы дәрісхана ашылды

421 рет
көрсетілді

Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденов атындағы дәрісхана ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Дәрісхананың ашылу рәсіміне оқу орнының басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамы, генералдың бұрынғы әріптес достары мен туған-туысы жиналды.

Заманауи технологиямен жабдықталған оқу залының лентасын ЖОО-ның бастығы полиция полковнигі Нұрлан Биекенов пен отставкадағы судья Бақытқазы Ордабаев қиды.

– Осы білім ордасының қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген белгілі тұлғалардың есімі ұмытылмауы тиіс. Олардың өнегелі өмірі мен еңбек жолы бүгінгі жас буын үшін үлгі-өнеге болуы қажет. Осындай мақсатта бүгін ашылған жаңа дәрісханада өтетін сабақтар ішкі істер органдарына ерен еңбек сіңірген қайраткер, осы жоғары оқу орнын бірінші болып басқарған Талап Қабденұлының қызметімен сабақтаса өтуі керек деп ойлаймын. Курсанттарымыздың бойына отаншыл сезім ұялатып, Талап ағаның еңбек жолын өнеге ете білсек, жастардың нағыз елшіл, мемлекет мүддесіне адал азамат болып қалыптасуына өз септігімізді тигізе алғанымыз, – деді НұрланБиекенов.

Zoom платформасында ұйымдастырылған шараға Талап Қабденовтің өзі де қатысты. Ол: «Бейне байланысқа шығып, өздеріңізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Қиын кезеңде ашылған жоғары мектептің – институт, одан әрі академия болып қайта құрылғаны, оған Шырақбек Қабылбаев есімінің берілуі зор абырой. Шырақбек Қабылбаев – ішкі істер органдарының қара нары іспеттес болған тұлға. Осыны әрдайым ескеріп жүрсеңіздер, бүгінгі игі шараларыңыз да жастарды тәрбиелеуге септігін тигізсе екен деймін. Озық оқыту құралдарымен жарақтандырылған зал оқытушыға қанат бітіреді. Өзінің білімін аудиторияға ұғынықты түрде, жан-жақты жеткізуіне жол ашады. Сондықтан да білім нәрін сіңіруде заманауи дәріс залының рөлі қашанда зор.Сіздердің осындай әр оң қадамдарыңыз мені қатты қуантады» – деп ризашылық сезімін білдірді.

Бұдан әрі LED экраннан жоғары оқу орнының тарихынан, оның тұңғыш бастығы Талап Қабденұлының өнегелі өмір жолы мен ғибратты қызметінен сыр шертетін деректі фильм көрсетілді.

Шара соңында, мәні ерекше игі іске жиналғандар генералдың көрнекі портреті аясында суретке түсіп, білім ошағының мұражайымен танысты.

 

Қостанай облысы