Түркияның Измир қаласында жер сілкініп, 30-ға жуық адам қаза тапты. Жараланғандар саны мыңнан асты. Сондай-ақ 20 шақты ғимарат қираған. Бүлінген ғимараттардың маңында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
Измир – Түркиядағы ең ірі үшінші қала. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, жер сілкінісінен кейін Измир қаласының тұрғындары түнді далада өткізген.
Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою басқармасының хабарлауынша, 30 қазан күні зілзала жергілікті уақытпен 14.51-де тіркелген. Дүмпу ошағы Эгей теңізінің жағалауында, 16,5 шақырым тереңдікте орналасқан көрінеді. 15 секундқа созылған жер сілкінісі Измир қаласынан бөлек Түркияның батысындағы көптеген ауданда сезілген.
Түркия ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, жер сілкінісі салдарынан Измир қаласының Борнова және Байраклы аудандарындағы бірнеше үй қираған. Түркия Экология және қала құрылысы министрі Мурат Куруманың келтірген деректеріне сүйенсек, қаза тапқандар саны 30-ға жуықтады. Бұдан бөлек, мыңнан астам адам жарақат алған. Құлаған үйінді астында қалғандарды құтқару мақсатында Түркия үкіметі 3 миллион лира бөлді. Құтқару жұмыстары әлі жүріп жатқандықтан, апаттан қанша адамның зардап шеккенін нақты айтуға әлі ерте. Қираған 17 тұрғын үйдің сегізінде іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды.
Дүмпу Грекия қалаларында да сезілген. Дүмпулер Афинада да сезілді. Карловасидегі Теотокос шіркеуінің бір бөлігі қирады. Сонымен қатар Грекияның Самос аралында қатты жер сілкінген. Аралда екі жасөспірім көз жұмды. Батыс Самос қаласының мэрі Александрос Лимперистің айтуынша, қабырға құлаған кезде бір адам жарақат алған.
Апаттың дүмпуі басылған соң Анадолы халқы жан-жақтан Измирге ағылып, көмек көрсетуге асыққан-ды. Зілзала салдарынан бүкіл әуе рейсі тоқтап, телефон байланысы істен шықты. Сондай-ақ құтқарушыларға кедергі келтірмес үшін қалаға басқа шаһардың көліктерін уақытша кіргізуге тыйым салынды.
Жалпы, Түркияда зілзала жиі болып тұрады. Биыл қаңтарда Түркияның Элязыг провинциясында болған жер сілкінісінен 30 адам қаза болып, 1600 адам жараланған-ды. 2019 жылы Грекия астанасы Афинада да жер сілкініп, қаланың біраз бөлігі жарықсыз қалған. 1999 жылы Түркияның Измит қаласында күшті жер сілкініп, 17 мың адам қаза болған.
Ғалымдардың есептеуінше, алдағы 30 жыл көлемінде Эгей теңізінде өте күшті жер сілкінісі болуы мүмкін. Оның салдарынан теңізді жағалай қоныс тепкен қалалар қатты қирауы ықтимал. Мұндай апаттың бетін аулақ қылсын дейміз.
Жер сілкінісіне байланысты Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис телеүндеуін кейінге қалдырды. Ресми Анкараның хабарлауынша, Грекия мен Түркия сыртқы істер министрлері телефон арқылы сөйлесіп, апаттың салдарымен бірлесіп күресуге келіскен.
Бұған дейін Грекия мен Түркия арасында Жерорта теңізіне байланысты дау туған болатын. Элладалар елінің премьер-министрі Кириакос Мицотакис туиттердегі парақшасында «Айырмашылықтарымызға қарамастан, бүгін халқымыз апатпен бірге күресетін сәті келді», деп жазды.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған да туиттердегі парақшасында барша грек халқының қайғысымен ортақтасып, кез келген қиын сәтте көмектесуге әзір екенін жеткізді. «Көрші елдердің қиын кезеңде көмек қолын созуы өмірдегі басқа нәрселерге қарағанда әлдеқайда құнды», деп жазды Ердоған.
Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлының хабарлауынша, Қазақстан елшілігі мен Бас консулдығы сол аймақта оқып жатқан 147 студентпен байланыс орнатқан. Оларға Қазақстанның Құрметті консулы мен достары қажетті моральдық-материалдық көмек көрсетіп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты жедел көмек байланыстары орнатылды.
Измирдегі қайғылы жағдайға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Измир провинциясындағы жер сілкінісі салдарынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтар туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алғанын жеткізіп, бауырлас түрік халқына шынайы тілекші ел ретінде, қажеттілік туындаған жағдайда, қазақ халқы мен Үкіметі тиісті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Елбасы Түркияның Измир провинциясында жер сілкінісі салдарынан тұрғындардың зардап шегіп, қаза болғаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдады.