• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қаржы 02 Қараша, 2020

Несиеге неге құмар осы жұрт?

634 рет
көрсетілді

Осы күні банктерден несие алмаған адамды күндіз қолыңа шам алып іздесең де табуың қиындау-ау. Көбінің басында 1-2 несиеден бар, бір банктен қарыз алып, екіншісіндегіні жауып жүргендері қаншама. Әу баста несие дегеннен басымызды алып қашатын едік, қазір бұған әбден ет үйретіп алдық. Аяқасты ақша керек бола қалса, көбінің айтатыны жалғыз ауыз сөз – «Тәуекел, көп болса кредит алармын...»

Осы мәселеге қатысты ойымызға жақында Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықовтың Фейсбук парақшасындағы жазбасы түрткі болды. Палата директоры Ұлттық банктің статистикалық деректерін талдау барысында облыс тұрғындары арасында тұтынушылық несиелеудің артқанын, соған сәйкес қарыз жүктемесінің жедел өсіп келе жатқанын жазады. Осы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс тұрғындарының банктен алған тұтынушылық несиесі 161 млрд теңгені құрап отыр. Бұл – республикалық көрсеткіштен 2 есе жоғары. Оның үстіне тұтыну несиелерінің 85%-ы кепілдендірілмеген. Мысалы, 2015 жылы өңір тұрғындары алған тұтынушылық несие сомасы 84,9 млрд теңге болған екен. Бар болғаны 4 жыл ішінде бұл көрсеткіш 2 есеге жуық өскен. Осы кезең ішінде қызылордалықтардың жалақысы 1,5 есе (2015 жылғы маусым – 118 мың, 2020 жылғы маусым 187 мың теңге) ғана көтеріліпті. Осылайша тұтыну несиелерінің ұлғаюы табыстың өсуінен 80%-ға асып тұр.

– Банк секторының несиелік портфеліндегі тұтыну несиелерінің үлесі бойынша Қызылорда облысы 58,1 пайыз көрсетіп, республикада төртінші орында, ал жан басына шаққандағы тұтынушылық несие бойын­ша (200 381 теңге) тоғызыншы орында тұр. Бұл өңірдегі әр отбасы орта есеппен 962 мың теңге болатын тұтыну­шылық несие арқалап жүр деген сөз. Облыс тұрғын­дары алған 29,4 млрд теңгелік ипотекалық несие есепке кірмейді, – дейді палата директоры.

Ең қиыны, тұтынушылық несие аймақтағы экономика­лық өсудің драйвері бола алмай тұр. Өйткені ол көбіне бұрын­ғы қарызды қайта қаржыландыруға, импорттық тауар, тұрмыстық техника, смартфон сатып алуға және той-то­ма­лақ өткізуге жұмсалады. Ал бұл үрдіс жалпы өңір­лік өнімнің өсуін тежейді. Несиені алу бар да, төлеу бар. Өңір­де банк алдындағы берешегін кесімді уақытта өтей ал­мағандардың мерзімі өткен қарыздары да тез өсіп келеді. Осы жылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша мұның сомасы 9,2 млрд теңгеге жеткен. Осыдан 2 жыл бұрын­­ғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, мерзімі өт­кен қа­­рыз­­дың 5%-ға немесе 379 млн теңгеге ұлғайғаны байқалады.

Енді мына көрсеткішке көз салайық. Өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес үлесі 1 қыркүйектегі дерек бойынша республикадағы жалпы санның 3,5 пайызын (46 674 бірлік) құрайды. Ұлттық банктің мәліметінде аймақтағы шағын кәсіпкерлікке берілген несие мөлшері 27,4 млрд теңге болып отыр. Бұл еліміз бойынша осы саланы несиелендірудің 1,2% пайызы.

– Тұтынушылық несиені шүлен таратқандай әркімге ұстататын екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлікті қаржы­ландыруға келгенде кібіртіктеп қалып жатыр. Шағын кәсіпкерлікке берілген кредит үлесі облыстағы банк секторының несие портфелінің 9,9 пайызына әзер жетіп тұр, бұл республикалық көрсеткіштен 1,6 есе төмен, – дейді Ғ.Жақсылықұлы.

Мынадай да мәселе бар, облыстағы шағын және орта бизнестің дені жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары. Сондықтан халықтың мерзімі өтіп кеткен қарызы шағын кәсіпкерліктің несиелік тарихына да әсер ететіні белгілі. «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік палатасындағы «Бастау» оқыту курстарын бітірген кейбір түлектердің бұрын қарызын өтеуді кешіктіргендіктен шағын несие алуға мүмкіндігі жоқ. Бұл аймақтағы шағын кәсіпкерлікті қаржыландыруға, несиенің шын мәнінде несібеге айналуына кедергі келтіріп отыр.

 

Қызылорда облысы