Қиналған жанға көмек қолын созатын қазалылықтар тағы бір игілікті іс жасады. Осы аудандағы Қ.Пірімов ауылының азаматтары мүмкіндігі шектеулі отбасына үй салып, жаңа баспананы қажетті жабдықтармен де қамтамасыз етті.
Осы ауылдың байырғы тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Орысбай Науханбаевтың ауласын жыл сайын су басып қалады екен. Былтырғы оразада ауыл азаматтары өзара ақылдасып, жаңа баспананың іргетасын да құйып қойған еді. Бірақ биылғы көктемде үздіксіз жауған нөсер суы ақсақалдың үйін толық басып қалыпты. Осы ауылдағы №92 орта мектеп мұғалімі Сәбит Ықыласов осы жағдайды Фейсбуктегі парақшасында жариялаған соң, жерлестерінің жағдайына алаңдағандар қатары күрт көбейген.
– Ауылдағылар ғана емес, еліміздің әр түкпірінде жүрген азаматтар да хабарласып, көмек қолын созатынын жеткізді. Солай болды да. Небәрі 3 күннің ішінде 1,6 млн теңге ақша жиналды. Осылайша, біздің қайырымдылық ісімізге ауылдың үлкен-кішісі де, сырттағы тілекші ағайын да бір кісідей атсалысты. Үйдің құрылысын салуға бір тиын да ақша жұмсамадық. Үйдің іргетасын құюдан бастап, кірпішін қалап, шатырын жабу, сыртын сылап-әрлеу жұмыстарына дейін ауылдың жігіттері атқарды. Күніне 100 адамға дейін келген уақыт та болды. Сондықтан бұл іске атсалысқан барша азаматтарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтамыз, – дейді Сәбит Ықыласов.
Асарлатқан ауыл азаматтарының арқасында Орысбай Науханбаевтың отбасы қазір жылы да жайлы үйге көшіп алды.
– Мен туғаннан ІІ топ мүгедегімін. Әйелім де – мүмкіндігі шектеулі жан. Біз тұрмақ мына заманда тепсе темір үзетін азаматтардың өзі әп-сәтте үй салып алуы неғайбыл ғой. Су басқаннан жыл сайын қабырғалары сөгіліп бара жатқан баспанамның жайы қабырғама батып, ойланып жүргенде үйдің іргетасы да құйылды, азаматтардың арқасында кірпіш пен ағаш келді. Керектің бәрін жігіттердің өздері тапты. Жерлестерімнің арқасында жақында жаңа үйге қоныс аудардық, – дейді Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Орысбай Науханбаев.
Азаматтар осы ауылдың тағы бір тұрғыны Бектілеу Ізтілеуовтің үйіне де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар тозығы жеткен баспананың еденін, терезесін және шатырын толық ауыстырып, қазір іші-сыртын сылап жатыр.
Қызылорда