• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 02 Қараша, 2020

Жиынтық бағалау басталды

1108 рет
көрсетілді

Індет қос бүйірден қысқан күрделі кезеңде қажетті сақтық шараларын барынша ескере отырып, жаңа оқу жылы жалғасып жатыр. Қазір мектептерде бірінші тоқсан аяқталуға жақындады. Оқушылар 28 қазаннан бастап тоқсандық жиынтық бақылау тапсыруды бастады.

 

Қашықтан оқыту кезіндегі жиынтық бағалау 2-11-сыныптарда аптасына 2 және одан да көп апталық жүктемесі бар оқу пәндері бойынша формативті бағалау, бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) жүргізіледі. 2-11-сыныптарда аптасына 1 сағат оқу жүктемесі бар оқу пәндері бойынша формативті бағалау, БЖБ жүргізіледі және олардың негізінде жарты жылдыққа баға қойылады, ТЖБ жүргізілмейді.

1-сыныпта білім алушылардың оқу же­тіс­­тігі бағаланбайды. Жылдық баға қойыл­майды. БЖБ және ТЖБ саны бір күнде үш жиын­тық бағалаудан аспауы керек. 2-4-сыныптарда БЖБ және ТЖБ уақыты реттелмейді, әр пән бойынша 2 тапсырмадан аспайды. Ал 5-11-сыныптарда 3 тапсырмадан артық берілмейді.

БЖБ және ТЖБ кестесін мектеп әкім­шілігі әзірлейді. Бұл бойынша тапсырма­ларды мұғалімдер пәндер бойынша специ­фикацияға сәйкес өздері дайындайды.

Білім және ғылым министрлігінің Мек­теп­ке дейінгі және орта білім комитетінің төр­айымы Майра Мелдебекова БЖБ мен ТЖБ жұмыстары оқу жылының соңына дейін тек электронды түрде сақталатынын мәлімдеді.

«Барлық мектепте жиынтық бағалау жұмыс­тары бөлім бойынша өтті. Ендігі мәселе – осы оқу жылының бірінші тоқсанын қалай қорытындылаймыз, жиынтық бағалау­дың нәтижесін қалай шығарамыз? Жалпы, білім беру ұйымдарында оқу пәндері күні және уақыты тұрғысында әрбір мектепте өзі­нің кестесі бойынша жасалады. БЖБ мен ТЖБ жұмыстары оқу жылының соңына дейін тек электронды түрде сақталады. Бұл бойынша бізге көп сұрақтар келіп түсе­ді. Біраз мектеп әкімшіліктері осыны қа­ғаз түрінде шығарып, соны сақтап қоюға нұс­қау береді екен. Оны істеудің қажеті жоқ. Электронды түрде дайындағаннан кейін, солай ғана сақталуы керек», деді М.Мелдебекова.

Оқу жылының екінші тоқсанында мектепте оқыту форматтары бойынша алдын ала есептеулер жүргізілді. Екінші тоқсанда оқу форматтары бойынша балалардың болжамды саны: қашықтан оқыту форматында – 2,2 млн, дәстүрлі форматта – 1,2 млн, оның ішінде кезекші сыныптарда (1-5-сынып) – 800 мыңнан аса бала, шағын жинақты 4 010 мектепте – 434 мың оқушы, 13 халықаралық мектепте 3 мыңға жуық оқушы (1-7 сынып) білім алады.