Кейінгі уақытта инстаграм желісін қолданушылар арасында күтпеген жаңалық орын алды. Күтпеген деуге де негіз бар. Инстаграм арқылы миллионер атанып жүрген көп блогер мұндай өзгеріс болатынынан үміт үзіп кетіп еді. Бірнеше жылдан бері жаһандық трендтен түспей тұрған «фото галерея» әлемі блогерлердің екінші тынысын ашқандай.
Жаңартулардың алғашқы легі 50 000 блогерге қуаныш әкелді деуге болады. Өйткені инстаграм осынша адамға ақылы стикер таратты. Жазылушы саны миллиондаған блогерлер тікелей эфир арқылы ақылы стикерлерді пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Стикерлердің бағасы 0,99, 1,99 және 4,99 долларды құрайды. Сатып алғаннан кейін олар тікелей эфир чатындағы пайдаланушы атының жанында пайда болады. Олардың көмегімен көрермендер тікелей эфирдегі адамға қолдау көрсете алады. Бұл ауыз толтырып айтар жаңалық болмаса да, жасөспірімдер мен инстаграм фанаттары үшін қуанышты жаңалыққа айналды. Әсіресе танымал блогерлерге жазылушыларының ықыласын білдірер «ойыншыққа» айналып үлгерді деуге болады.
Ал екінші жаңалықтың біршама маңызды екенін атап өту керек. Енді инстаграмда чат боттарын құруға болады. Жаңартылған Facebook Messenger API-і батырмалары мен медиа файлдарды пайдаланып Direct-тегі сұраныстарға автоматты түрде жауап беруге мүмкіндік туды. Сондай-ақ бұл батырмалар корреспонденцияны CRM-ге біріктіруге мүмкіндік береді.
Үшінші жаңарту инстаграмда 15 секундық қысқа видео-жазба қалдыруға құмар жандарға арналыпты. Әрине, оларға ұнай қоймайтын жаңалық болуы мүмкін. Өйткені әдетте лентадан жылтың ете қалатын тұтас жарнамалардың орны енді Stories-Selection-ға ауысты. Бұл – жарнаманың жаңа форматы пайда болды деген сөз. Мұның ерекшелігі де жоқ емес. Бір жарнамада бірден бірнеше өнімді көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Мұнда танымал Instant Experience сияқты шаблон негізінде жарнама жасауға болады. Десе де, жаңа формат әлі барлық жарнама берушілерге қолжетімді емес. Құрастырушылар бұл үшін аздаған уақыт керек екенін айтып отыр.