Шартарапты шырмаған COVID-19 індетінің таралу көрсеткіші бойынша ең алдыңғы қатарда АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей болса, олардан кейінгі орынға Франция мен Испания шықты.
Әлемдік сарапшылар бүгінде вирус жұқтыру мен оның құрбандарының саны жарияланып отырған мәліметтерге сәйкес келмеуі мүмкін екенін айтады. Себебі тест тапсыру деңгейі барлық елде бірдей емес, бұған қоса ауру санын жасырып, кемітіп көрсетуді де жоққа шығаруға болмайды.
* * *
Scientific American басылымында 26 қазанда жарық көрген ғылыми мақалада COVID-19 вирусына толерантты адамдар бар екені айтылады.
Қытай мен Америка ғалымдары мұндай адамдардың бойында COVID-19 дамымайтынын, вирус бар екені белгісіз күйде өтетінін атап өтті. Алайда ондай адамдар ағзасында COVID-19 ұзақ уақыт сақталып, ауру тасымалдаушы болады. Мысалы, вирус анықталған 3 пациентте бұрыннан созылмалы сусамыр, гипертония тәрізді аурулар болғанымен, оларда COVID-19 белгілері ағзаның толеранттылығы арқасында еш білінбеген.
«Бұл адамдарда ауру белгілері айқын көрінбегенімен, вирустың ағзада 50 күндей ұзақ сақталуы олардың вирусқа қарсы тұрудағы жоғары иммунитетінен емес, жоғары толеранттылығына байланысты», дейді ғалымдар.
* * *
Ресейлік Абдулло Ходжаев атты дәрігер-отоларинголог COVID-19 індетінен соң иіс сезу қабілетін қайтару әдістерімен бөлісті.
Маманның айтуынша, иіс сезу қабілеті қайта оралу үшін ауа ағыны жүйке талшықтарына тікелей келіп тұратындай жағдай қажет. Сол үшін тамырларды тарылтатын препараттар қабылдап, мұрынды теңіз тұзының ерітіндісімен жиі шайып тұру керек. Ал тұзды үйде де ерітіп пайдаланса болады. Сондай-ақ В тобындағы дәрумендер мен поливитаминдер ішу керек. Пациенттер ішімдік пен никотиннен мүлде алыстап, осы тәсілдерді қолданса, иіс сезу тезірек қалпына келеді.
* * *
ДДҰ басшысы Тедрос Аданан Гебрейсус күз бен қыс айларында солтүстік жартышар тұрғындарына COVID-19 қауіп-қатері қатты төніп тұр деген болжам жасады.
«Кей мемлекеттер үшін алдағы айлар қиынға түседі, олар вирус таралуы қауіпті аймақ саналады», дейді ол.
Расында, бүгінде солтүстік жартышардағы мемлекеттерде вирустың өршуі адамзат баласын алаңдатады. Еуропаның теңіз жағасындағы жылы да қолайлы түбектерін жайлаған мемлекеттер ауру зардабын тартуда. Испания, Италия тұрғындары арасындағы ауру таралу көктемдегі вирус тасқынын жолда қалдырды. Сол себепті Апеннин түбегін жайлаған жұрт үшін барлық кинотеатр мен спорт залы, бассейн мен театр атаулының есігі тарс жабылды. Мейрамханалар мен барлар белгілі бір уақытқа ғана ашылады және көпшілігінде тапсырыс бойынша үйлерге жеткізіп беру қажеттілігі ескертілген.
* * *
Германиядағы Солтүстік Рейн-Вестфалия премьер-министрі Армин Лашет федералды аймақтың денсаулық сақтау саласын күшейту қажет деп санайды.
Сол үшін бундесвердің және аймақ билігінің мыңдаған қызметкері аймаққа барып, COVID-19 таралуын ауыздықтау бойынша мақсатты түрде жұмыс істейтін болады. Бұған қоса Германия халқын маусымдық тұмаудан сақтау үшін де іс-шаралар қабылданған. Осы мақсатта мемлекет 27 млн вакцина сатып алған көрінеді.