Тісі ауырып дауа іздеп келген әрбір кісінің тісі мен ауыз қуысының үлгісін алып, одан арнайы протез жасайтындар – тіс техниктері. Бүгінде бұл мамандық жоғары сұранысқа ие. Осыдан екі жыл бұрын елімізде алғаш рет Талдықорған жоғарғы медицина колледжінде есту қабілетінен айрылған жандарды тіс технигі мамандығы бойынша оқытатын арнайы топ ашылған еді.
«Жастар корпусын дамыту» жобасының қатысушысы Асланбек Төлепбеков – тіс технигі мамандығы бойынша аталған оқу орнында тәлім алушылардың бірі. 2020 жылы Zhasproject жобасы жайында естіген кейіпкеріміз «Әлеуметтік тіс кабинетін» ашуды көздейді. Осылай әлеуметтік жоба байқауына қатысып, 1 млн теңге көлемінде қаржы ұтып алады.
Әлеуметтік жобаға Асланбекпен қатар Ілияс Әлімбаев, Мәншүк Найманова және Әлішер Төлепбеков сияқты жастар да қатысты. Қазіргі уақытта олар алған білімін тіс кабинетінде тәжірибемен ұштастырып жүр.
Әлеуметтік жобаның новаторы Асланбек бала кезінен өте зерек, алғыр болып, мектеп табалдырығында түрлі олимпиадалардың жүлдегері атанған. Ол 18 жасында жайсыз оқиғаға тап болып, бұл келеңсіз жағдай кейін оны тіс технигі болуға итермелеген. Жағына ота жасату кезінде күретамырына скалпель тиіп кетіп, Асланбек есту қабілетінен айрылып қалады. Бірақ дәрігердің бұл қателігі оның армандарына кедергі болмады. Қайта Асланбек бар жігерін жинап, мамандығы арқылы қарапайым халыққа көмектескісі келеді.
Қаладағы жекеменшік клиникаларда тіс техниктерін жұмысқа қабылдай бермейді екен. Алайда Асланбек пен оның достары бұған қамыға қоймайды. «Жастар корпусын дамыту» жобасынан алған сомаға олар жеке клиникасын ашты. Талдықорған жоғары медицина колледжі мен «Қазақ саңыраулар» қоғамының аудармашысы Марат Жұмабековтің қолдауымен жастарға тегін кабинет берілді. Zhasproject жобасы арқылы Асланбек бастаған жастар тіс кабинетіне қажетті медициналық құрал-жабдықтарды сатып алды. Қазір мұнда айына 10-нан аса адамға протез жасалып жатыр. Алдағы уақытта келушілердің саны әлі де өседі деген үміт бар.
Жалпы Талдықорған қаласында бір протездің бағасы – 30 мың теңге көлемінде. Мысалы, стоматологиялық клиникаға келген клиенттен арнайы ауыз қуысының үлгісі алынады, ол арнайы альгинатты тіс технигіне жолданады. Ал тіс технигі түскен тапсырысты үлгі арқылы орындап, кайта жөнелтеді. Осындай тіс протезін Асланбек пен оның жолдастары ақысыз жасап беріп отыр. Осылайша, халықтың әлеуметтік жағдайына қарасып, қолдан келген көмегін көрсетіп жатқан жастардың бұл ісі көпке үлгі.
Жас тіс техниктерінің алға қойған жоспары көп. Олар мұнымен тоқтап қалмай, 12 стоматологиялық қызмет түрін көрсетуді мақсат тұтып отыр. Жобадан бұйырған қаржы жастарға үлкен мүмкіндік беріп қана қоймай, айналасындағы ағайынға көмектесуіне жағдай жасады. Асланбек Zhasproject жобасы болашаққа батыл қадам жасауына жол ашқанын айтып, жастарға осындай қолдау болғанына ризашылығын білдірді.