Қазақстандық суретшілер Алмагүл Меңлібаева және Ербосын Мелдібековтің шығармалары британдық көрерменге жол тартты. Лондондық Cromwell place көркемөнер галереясына олар өздерінің өзектілігі жоғары ескі және жаңа туындыларын шығарды.
Мәселен, Ербосын Мелдібековтің «Трансформер» атты арт-инсталляциясы Өзбекстандағы шағын саябақ туралы сыр шертеді. Бір қызығы, соңғы 100 жыл ішінде ол жердегі ескерткіш 9 рет өзгерген. Жаңа идеология қабылданған сайын монумент те жаңа кейіпке еніп отырған. Британдық сарапшылар қазақстандық суретшінің бұл туындысын өмірлік маңызы зор дүние деп бағалайды. Өйткені осы жазда Англияның оңтүстік-батысында орналасқан Бристоль қаласында да осыған ұқсас жағдай тіркелді. XVII ғасырда құл саудасымен айналысып, дәулетке кенелген Эдвард Колстонның ескерткішін нәсілшілдікке және зорлық-зомбылыққа қарсы «Қаралардың өмірі маңызды» қозғалысының белсенділері тұғырынан құлатты.
Cromwell place көркемөнер галереясының басқарушы директоры Престон Бенсонның пікірінше, «Трансформер» көрмедегі үздік туындылардың бірі. Оның пайымдауынша, қазір батыс қоғамында да дәл осындай жағдай, ал шетел көрермені осындай дүниелерге сусап жүр. Көп жағдайда олар қазақстандық талантты суретшілер жайлы және бітімі бөлек өнер туындылары туралы біле бермейді. Сондықтан Орталық Азияның бай тарихы мен мәдениеті жайлы көпшілік хабардар болуы керек.
Алмагүл Меңлібаева мен Ербосын Мелдібеков Лондонда COVID-19 инфекциясы екінші толқынының басталуына байланысты көрменің ашылуына келе алмады. Мұнда суретшілерді алматылық «Аспан» галереясы таныстырды. Қазақстанда олар 14-ке жуық ортаазиялық суретшінің қатысуымен жылына бірнеше рет көрме ұйымдастырып келеді. Бұдан былай Cromwell place галереясының мүшесі ретінде «Аспан» галереясы Ұлыбритания астанасында жылына төрт рет отандық шығармашылық өкілдерінің өнерлерін көпшілік назарына ұсынбақ.
«Аспан» галереясының директоры Меруерт Қалиеваның айтуынша, шетелде біздің авторларға деген сұраныс жоғары. Ербосын Мелдібеков және Алмагүл Меңлібаева сияқты суретшілердің туындылары әлемдік мұражайлардың төрінде тұр. Олардың еңбектерін Лондон көрерменіне ұсынудағы басты мақсат – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін коллекционерлер мен мұражай кураторларына қазақ өнерін паш ету.
Мәселен, «Ленин шыңы» деп аталатын кәдімгі ас үйде пайдаланылатын тостақаннан жасалған өнер туындысы Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің шекарасында орналасқан тау туралы сыр шертеді. Оның құны 15 мың еуро және төрт нұсқасының үшеуі сатылып кеткен. Сатып алушылар арасында Гонконгтегі заманауи өнер мұражайы да бар.
Қарапайым көрермендер де қазақстандық авторлардың өнерлеріне тәнті. Олар Лондон төрінде ұйымдастырылған көрмеден ерекше әсер алғандарын жасырмайды.
Ғалымжан ҚАРАМАНҰЛЫ,
арнайы «Egemen Qazaqstan» газеті үшін
Ұлыбритания