Ауа райы күрт құбылып, қара жерге қатқақ тұрып, қар басып қалғанына қарамастан Қостанайда абаттандыру жұмыстары толастамайды. Ашық демалыс орындарындағы бос жерлерге жасыл желек әсем шыршалар отырғызылды. Жөндеуден жаңа өткен көшелердің жағалауындағы кәрі ағаштар кесіліп, орнын жас көшеттер басуда.
Биыл жаз бойы жөндеу жұмыстары жүргізілген Әл-Фараби, Чкалов, Арыстанбеков көшелерінің бойына үйеңкі мен терек көшеттері отырғызылып жатыр. Бұл көшелерде бұрыннан өсіп тұрған кәрі ағаш балтаға жығылса, оның орнына 10 көшет отырғызылады.
– Чкалов көшесін қайта жөндеуден өткіздік. Жоба бойынша бұл көшенің бойына 200 ағаш отырғызылу керек. Бұл жердегі жұмыс аяқталған соң, саябақтардың бос алаңқайларын көшетпен толықтырамыз, – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы Нұралы Есіркепов.
Мұның сыртында, екі аптадан бері облыс орталығындағы Гашек көшесі мен триатлон саябағында, сондай-ақ жастар сарайының айналасына жетіжылдық шыршалар бой тіктей бастады. Тамырын жапқан топырағымен бірге Ақмола облысынан әкелінген мыңнан астам шырша қаланың бірнеше жеріне отырғызылады. Мамандардың айтуынша, қазір адам бойындай болып қалған жасыл шыршалар кейін 5 метрге дейін көтеріледі екен.
Ағаш көшеттері арнайы жалданған мердігерлердің күшімен отырғызылып жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында жыл соңына дейін 3 мыңнан астам жасыл желек отырғызылады.
Қостанай облысы