• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Қараша, 2020

Барлық мәселе – ұлттық намыста!

520 рет
көрсетілді

Білікті журналист Бекен Қай­рат­ұлының «Egemen Qazaqstan» газетінің 7 қазан күнгі санында жарияланған «Дағыстандықтар дес бермей тұр» атты зерттеу мақаласының көлемі шағын болғанымен, арқалаған жүгі жүз атанның белін қайыстырғандай екен. Кейінгі елу жылда күрестің басы-қасындағы жұртшылық көп талқылап, жиі қаузаған әңгіме.

Кавказға әзірге жол түскен жоқ, бірақ бізден екі мың шақырым жердегі кілең кеуделі, тау өзеніндей күркіреп жүретін он сан халықтың ұлдары бізге шетінен балуан тәрізді елестейді. Бала, бозбала кезімізде Әли Әлиев, Шота Ломидзе, Левон Тедиашвили, одан сәл беріде Сослан Андиевтің аты дүркірей шықты. Кавказ балуандары содан бергі 40-50 жылда талайдың құтын қашырды, өз елдерінің құрамаларынан орын таппай ондаған мемлекеттің жыртығына жамау болды. Басқасын былай қойғанда, Жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан Ресейдің еркін күрес бойынша 74 және 76 килодағы намысын бір уыс чешеннің батыр ұлы Бувайсар Сайтиев 13 жыл бойы қорғап тұрды. Сондағы олжасы: 3 мәрте Олимпиада жеңімпазы, 6 дүркін әлем чемпионы!

Кавказдағы бізден саны 20-40 есе аз халықтардың күрестен алған тау-тау медальдарын Бекен інім ерін­бей санап шығыпты. Сараптамасы мен толғауын оқи отырып, алпыс жылда еркін күрестен бір әлем чем­пионын, небір Олимпиада же­ңім­пазын баптай алмаған бапкер ағалар мен замандастарға не айтарыңды білмейсің! Иә, білімі мен кәсіби деңгейі әлемдік дә­режедегі жаттықтырушы Қабден Байдосовтың тұсында Әбілсейіт Айханов, Аманкелді Ғабсаттаров және Аманжол Бұғыбаевты Мәскеу ресми жарыстарға жолатқан жоқ. Осы төрт ағамыздан жығылған талай балуан Олимпиада және әлем чемпиондары атанды. Нақты мысал: қара нардай қайратты Қабден Байдосов қазақ балуан­дарынан КСРО құрамасына бірінші болып енді. Байдосов өз салмағында Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионы, грузиялық Владимир Рубашвилиді екі мәрте жықты, құра­мадағы басқа мықтыларға да дес берген жоқ. Бірақ Одақ бапкерлері оны әлем және Еуропа чемпионаттарына апарған жоқ. Ал Әбілсейіт Айхановтан жеңілген Александр Иваницкий Олимпия ойындарында және төрт әлем чемпионатында топ жарса, 1972 жылы Олимпиада кілемін қыран жапқандай қылған Загалав Абдулбеков 1973 жылғы КСРО чемпионатында Аманжол Бұ­ғыбаевтан оңбай ұтылды. Аманжол ағамыз осы жолы Одақ чемпионатын тас-талқан ғып жеңіп шықты. Әйтсе де, сол жылғы әлем чемпионатына Бұғыбаев емес, Абдулбеков барып, екінші рет дүние жүзінің чемпионы атағына қол жеткізді. Қабден, Әбілсейіт, Аман­жол ағаларымыз таза қазақи ортада туып, ұлттық тамыры құнарлы бол­ған­дықтан, осындай деңгейге көте­рілді.

Жә, осы жерден тізгінді тартып, Бекен бауырдың «Кавказ балуандары неге күшті?» деген сауалына хал-қа­деріміз жеткенше жауап іздеп көрейік.

Біріншіден, Кавказ халықтары ұлттық салт-дәстүрге, тілге берік. Рухы күшті халықтар ғана ана тілін, ата дәстүрін көзінің қарашығындай сақтай алады. Кавказдықтар қаншама ғасыр отарлық езгіге түссе де, тілін, дәстүрін сатқан емес. Мысалы, Кеңес империясын отыз жыл билеген Иосиф Сталин өле-өлгенше орысшаны акцентпен сөйлеп өтті. Иә, ұлттық коды берік халықтың табиғаты оңайлықпен бұзылмайды. Мұндай ұлттың ерлері ер-азаматтық қалпын сақтай білсе, әйелдері отағасының тірлігіне көп килікпейді, әркім өз шеңбері аясында тірлік жасайды. Мұндай отбасында өскен ұландардың басым көпшілігі ер мінезді, қажырлы келеді. Мұндай жігіттер біреуден жеңілгенді бойына шақ көрмейді. Үнемі биікке ұмты­лады. Осындай сұрапыл намысы бар халықтың ұлдарының күрес майданында дүркін-дүркін топ жаруы – заңды нәрсе.

Екіншіден, табиғаты бұзылмаған халық сонау ата-бабасынан мұра ас-суына берік. Кавказ халықтары атам заманнан таудың мөлдір суын ішіп, саф ауасымен тыныстап, тауда жайылған малдың етімен, жеміс-жидегімен қоректенеді. Ұлдарының қарулы, қайратты, еркін болуының басты себебінің бірі осында жатыр. Біздің спортшылар сонау ХХ ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарынан бастап негізгі дәстүрлі асы – қой және жылқы етін сиыр мен тауық етіне ауыстырып алды. Сол тұстағы спорт мамандары бұған мән берген жоқ. Спортшылар ұзаққа созылған жаттығу жиындары мен жарыс кездерінде негізінен орыс халқының тамақтану үрдісіне көшті. Ал біздің мамандар әлі күнге дейін қазақ спортшыларының ұлттық ерекшелігіне сай «меню» жасаған жоқ (Біз бұл мәселені қозғап едік. Құлақ асқан адам болған жоқ). Осыдан барып қазақ спортшыларының ағзасы ұлттық қасиетінен ажырай бастады. Кейінгі 20-30 жылда спорт интернат оқушылары негізінен сиыр және тауық етіне біржола көшті. Біздің балуан­дардың шешуші сәттерде күш-қуат, төзімділік жағынан сыр беріп қоюының бір ұшы осында жатыр. Қа­рапайым ғана сұрақ: ауыр жаттығуға қазы-қарта, жая жеп барған жақсы ма, әлде тауық жеп барған тиімді ме?

Үшіншіден, Кавказ отбасыларында ер-азаматтың орны бөлек. Алла тағала еркектерді отбасының иесі, асыраушысы қылып даналықпен жаратты. Алланың қалауымен әу баста орнаған осы заңдылықты уақыт өте келе адамдар түрлі сылтаулармен, әрқилы себептермен өзгерте бастады. Осы өзгерістер ер адамдардың үйдегі, қоғамдағы беделіне нұқсан келтірді. Кавказдықтар Жаратқан Иеміз белгілеген осы заңдылықты әлі күнге дейін берік сақтауы арқасында ол жақта ер мінезді жігіттер, отбасына ие болатын, дәстүрге берік, ата-анасының қабағын бағатын ұлдар Еуропа мен оған шектес мемлекеттерге қарағанда оларда әлдеқайда көп. Мұндай ортадан ел намысын қорғайтын өр кеуделі жігіттердің көп шығуы – заңды құбылыс. Мысалы, Дағыстанның ұлттық батыры Хабиб Нурмогамедов әкесі Абдулманаптың алдында құрақ ұшып тұрғанын талай рет көрдік. Кавказдың мұсылман чемпиондарының басым көпшілігі ата-анасын жұмыр жердегі барша адамнан артық қояды, ерекше аялайды. Ал ата-анасының алғысын алып, разалығына бөленген азаматтың кеудесі шалқақ, жолы ашық, абыройы жоғары болады.

Төртіншіден, Кавказ чемпионда­рының басым бөлігі иманды, көпшіл келеді.

Бесіншіден, күрес – Кавказ халық­тарының жауынгерлік қаруы әрі күнкөріс көзі. Ол жақта күрес – №1 спорт түрі. Кезінде әр қазақ баласы ат құлағында қалай ойнаса, кавказдықтар балуандық өнерге солай қарайды. Аумағы атшаптырым күрес залдары Кавказ балаларының ертеңгі үміті, болашақ кәсібі, елінің, әулетінің атын шығарар чемпиондар ұстаханасы десек, қателеспейміз. Сондықтан бұл өңірдің үлкендері ұлдарын аяғына нық тұра бастаған кезден күреске жегеді. Бекен Қайратұлы мақаласына арқау еткен авар, осетин, құмық, қарашай, адыгей, кабардин-балқар, лак, ноғай, тағы басқа ұлттардың ұландары көршілес әзербайжан, армян, грузиндер тәрізді дзюдо мен грек-рим күресіне көп бара қоймайды. Олар негізінен еркін күресті қолай көреді. Шағын ауылдардағы немесе қалалардағы еркін күрес залдарында жаттығулар ертеңнен кешке дейін толассыз жүріп жатады деседі. Бапкерлер біздегідей мектеп аралап, аула жағалап шәкірт іздемейді. Балалар күрес залдарына сыймай жатады екен.

Алтыншыдан, тауда туған, тау­да ойнаған, тауда мал жайлап, тас қопарған баланың тынысы кең, қуаты мол, қаны қызу келеді. Мысалы, Дағыстан астанасы, талай атақты ба­луандар шыққан Махачкаланың бір қапталы Каспийдің жағалауымен ұштасса, екінші жағы Тарқы Таумен шектесіп жатыр. Ал Солтүстік Осетия ас­танасы, балуандар ұстаханасы іспетті Владикавказ қаласы біздің Алма­ты тәрізді тау етегінде орналас­қан. Бувайсар Сайтиевтің кіндік қаны тамған Хасавюрт қаласы да таулы өңірде тұр. Бұған бүкіл Кавказ тауларын жайлаған жүздеген ауылды қосыңыз.

Осы жерде Қазақ елі тәрізді Кавказ жұрты да орыс патшасы, одан кейін Кеңес империясы тарапынан аяусыз отарлауға ұшырағанын айтуға тиіспіз. Оларда да біздегідей жергілікті халық­тың жастарын спорттың классикалық түрлеріне жолатпау үрдісі қатты жүрді. Соның салдарынан Кавказ балалары негізінен балуандық жолға түсуге мәжбүр болды.

Байыптап қарасақ, біздің чемпион­дардың да басым көпшілігі ұлттық негізін, қазақи табиғатын сақтаған отбасынан шығыпты. Шоқыр Бөл­текұлы, Октябрь Жарылғапов, Қаб­ден Байдосов, Әбілсейіт Айха­нов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әлжан Жар­мұхамедов, Жақсылық Үшкем­піров, Қанат Байшолақов, Алмас Мұ­са­беков, Дәулет Тұрлыханов, Асқар Шайхиев, Кәрімжан Әбдірахманов, Мәулен Мамыров, Ермахан Ыбы­райымов, Болат Жұмаділов, Мұх­тархан Ділдәбеков, Бекзат Саттар­ханов, Бақтияр Артаев, Асхат Ша­харов, Ақжүрек Таңатаров, Дәулет Ниязбеков, Ерболат Байбатыров... Жүздеген чемпиондарымызды шы­нашақтай кезінен танып, бабына келтіре шыңдаған майталман бап­керлеріміздің де басым бөлігі – ұлттық нәрін сақтаған ауыл азаматтары. Қазір жағдай өзгерді. Жаһандану тұсында қазақ жұрты қалаға қарай үдере көшті. Қалада баяғы қазақи үрдісті, салт-дәстүрді, аталар жолын, тіпті тілдің өзін сақтап қалу оңай емес. Ал чемпион балуандары әр ауылынан ондап, жүздеп өріле шығып жатқан Кавказ халықтарының дені әлі күнге дейін тау қойнауында, сонау құз-қиядан сарқырай төгілген өзен, бұлақ жағасында, самырсын мен шырша жамыла, тірлік кешіп жатыр. Біздің ұлттық санамыз, қазақи қалпымыз кешегі дүркін-дүркін жойдасыз аштық пен екі ғасырлық жабайы қырғыннан әлі қалпына келген жоқ. Соның өзінде Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев, Шәміл Серіков, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұр­лыханов, Қанат Байшолақов, Алмас Мұсабеков, Айтжан Шаңғараев, Асқар Шайхиев, Мәулен Мамыров, Бақтияр Байсейітов, Асқар Шахаров сынды жампоздарымыз кімге қарсы салсаң да тайсақтап, шегінген емес. Ал кейінгі толқын балуандарымыздың Кавказ жігіттерінен кем соғып жүргені жанға бататынын қалай жасырамыз? Себебі кейінгі ширек ғасырда біздің ұлт қазақи менталитетін әлсіретіп алды, ең қымбат байлығымыз – ана тілінің қадірін түсірдік, соның салдарынан ұлттық тамырымыз бұрынғыдай қуат­ты емес. Тоқетері, ұлттық саясат салтанат құрмай, ұлттық рух жалындап жанбай, балуандар көші түзеледі дегенге сену қиын.

 

Қыдырбек РЫСБЕК