• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қараша, 2020

Компания сыйлаған көлік

249 рет
көрсетілді

Өңірдің медицина мекемелері тағы да жаңа жедел жәрдем көліктерімен толықты. Бұл жолы «УАЗ» маркалы 12 көлікті «Каспий құбыр консорциу­мы» АҚ сыйға тартты.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің айтуынша, пандемияның екінші толқынына жан-жақты дайындық жасалып отыр. Үкімет тарапынан, әсіресе медицина саласын қажетті көліктермен қамтамасыз етуге қолдау көрсетілді. Наурызда банктердің бірі сегіз жедел жәрдем көлігін сатып алуға демеушілік танытыпты. Ал бір ай бұрын облыстық жедел жәрдем стансасына 22 жедел жәрдем көлігі берілді. Енді жыл соңына дейін тағы 18 көліктің әкелінетіні жос­парлануда.

– Жақында Индер, Исатай, Қызылқоға, Мақат және Махамбет ауданына жылжымалы диагностикалық медициналық зертхана кешені берілді. Қазір аудандардағы диагностикалық медициналық кешенде дәрігерлер күніне 150 адамды қабылдап, алпыстан астам ауруға диагноз қоя алады. Облыстық обаға қарсы күрес стансасы жылжымалы ПТР зертханасымен қамтылды, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

«Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қа­был­диннің айтуынша, жыл сайын әлеуметтік әріптестік аясындағы жобаларға 3 млн доллар бөлінеді.

– Әлеуметтік бағдарламаның шеңберінде балабақша, мектеп, ауруханалар, демалыс орындары, спорт алаңдары салынып жатыр. Жыл аяғына дейін медицина мекемелеріне компьютерлік томография аппаратын алып беруді жоспарлап отырмыз, – дейді Қайыр­гелді Қабылдин.

Жедел жәрдем көліктері Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Мақат, Махамбет аудан­да­рындағы медицина ұйымдарына берілетін болды.

 

Атырау облысы