Агломерация есебінен ұлғайып келе жатқан Алматыдағы бос жатқан жерлерде тұрғындар ортақ игілігін көретін қоғамдық орындар пайда болды. Жуырда Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы Абай даңғылының бойындағы ағаштарды қайта отырғызуға шешім қабылдағанын және дәл осы күндері бұл іске тиісті мекемелер кірісіп те кеткенін жазған едік.
Таяуда қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданын аралап, қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылу барысымен және инфрақұрылымдық мәселелердің қалай шешіліп жатқанымен танысты. Шаһар басшысы иесіз бос жатқан жерлердің орнында пайда болған бірқатар демалыс орындарында болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында «Ақбұлақ», «Шапағат», «Қарасу» шағын аудандарында скверлер салынды және жөнделді. Сонымен қатар Мөңке би көшесінде воркаут алаң іске қосылды.
Осы жұмыс сапары туралы қала әкімі өзінің Instagram парақшасында «Спорттық және балалар аймағы балдырғандарға толы болса, аллеяда ақсақалдар серуендеп жүр. Тұрғын үйлердің маңайы қаңырап бос тұрды дегенге сену қиын. Мұндағы тұрғындармен әңгімелесіп, жаңа қоғамдық кеңістіктерді күтіп ұстауға шақырдым», деп жазды.
Сондай-ақ қала әкімі 78 гектар жерге әлеуметтік белсенділер мен эко-белсенділердің күшімен жыл басында салынған қарағайлы орманды абаттандыру барысымен танысты. Жол картасы шеңберінде онда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, суару жүйесі қарастырылған. Жалпы, Алатау ауданында жасыл желектердің аумағы екі есеге жуық көбейеді, жасыл желектер саны 355 мыңға жетеді, оның 176 мыңы биыл Jasyl Almaty бағдарламасы аясында отырғызылады.
Сонымен қатар Бақытжан Сағынтаев жол салу және жөндеу учаскелерін қарап шығып, «Ұлжан» және «Өжет» шағын аудандарында инженерлік желілер мен сыртқы жарықтандыру жүйесін салу барысымен танысты.
Осыдан кейін қала басшысы арнайы барған «Бақытты отбасы» аудандық көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау орталығында жыл ішінде жүргізілген өзгерістердің нәтижелері таныстырылды. Оның нәтижесі көпбалалы аналардың белсенді өмірге араласуы десек болады. Жыл басынан бері 25 мың әйел «Isker ana» бағдарламасы бойынша негізгі тренингтер мен курстардан өтті. 537 әйел «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқыды, оның 300-і грант алып, әртүрлі бағытта өз кәсібін ашты.
Электрокарларды тіркеу қызметі іске қосылды
Сәтімен басталған сәрсенбіде қалалық Жасыл экономика басқармасы «Медеу» мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортына кедергісіз жету үшін тоқпен жүретін көліктерді тіркейтін электронды онлайн сервисті іске қосты. Бұл қызмет кіріп-шығуға мәліметтер базасына енгізу іс-әрекетін жеңілдету үшін жасалған. Бұрын электромобильдер иесінен «Медеу» саябағының кеңсесіне келіп, тиісті өтініш жазу талап етілетін, ал бұл қолайсыздық тудырады.
Жаңа қызметте қарапайым форманы толтыру жеткілікті және қарастырғаннан кейін 1 жұмыс күні ішінде автокөлік электронды базаға енгізіледі. Медеудегі шлагбаум автоматты түрде мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін оқып жұмыс істейді. Онлайн-өтінімді басқарманың www.almatyeco.gov.kz ресми сайтында «Электромобильдерді тіркеу» бөлімінде қалдыруға болады.
Бұл арада 2016 жылдан бері қозғалыс жүктемесін және қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайту мақсатында осы аумақта тұратын жеке және заңды тұлғалар мен қызмет көрсететін қызметкерлерден басқа, «Шымбұлақ» трактінің ерекше қорғалатын табиғи аймағына автокөлік құралдарының кіруіне шектеу қойылғанын еске сала кету керек. Бірақ электромобиль иелеріне ерекше қорғалатын табиғи аумаққа шектеусіз кіруге рұқсат етіледі.
«Сонымен қатар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда электромобильдер үшін барлық қажетті инфрақұрылым бар екенін хабарлаймын. «Медеу» табиғи саябағында 4 қуаттандыру стансасы, ал «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортында 3 қондырғы бар, оның әрқайсысы 22 кВт-тық Type 2, Mode 3 типті екі портпен жабдықталған», дейді Қоғамдық насихат және жасыл экономика қызметінің басшысы А.Райымбаев.
АЛМАТЫ