• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Қараша, 2020

Отандық кәсіпкерлер дамудың жаңа бағдарларын белгіледі

345 рет
көрсетілді

Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының жетінші съезі алғаш рет онлайн форматта өткен болатын. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Атамекен» ҰКП бас­қар­ма төрағасы Абылай Мырзахметов атал­ған съездің мақсат-міндетінен хабардар етті.

«Ең басты оқиға съезге Мемлекет бас­шы­сының қатысуы болды. Делегаттар оның стратегиясын мұқият тыңдады. Пре­зидент белгілеген жеті қағидаттың екін­шісі кәсіпкерлікті қолдауға, шағын және орта бизнесті дамытуға арналды. Пре­зидент оны тағы да атап өтіп, алдымызға нақты міндеттер қойды. Соның бірі – бизнесті ынталандырудың жаңа тәсілдері. Осыған орай әлемдік озық тәжірибені ескере отырып, жаңа форматта, ең бастысы цифрландырылған форматта реттеу алаңын түгелдей қайта құру қажеттігі туындады», деді А.Мырзахметов.

Съезде ел Президенті мына мәселеге баса мән берді: «Жақын арада жерге қол жет­кізу секілді кәсіпкерлер үшін тағы да бір маңызды мәселе шешілуі керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет жер қатынастарын цифрландыру және отандық бизнестің ауыл шаруашы­лы­ғына арналмаған жер ресурстарына қол жеткізуін жеңілдету жөнінде заң жобасын дайындады. Сондай-ақ заңда жер қаты­настары мен сәулет саласында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде көрсету, жер учаскелерін беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту, мемлекеттік актіні, жерге орналастыру жобасын алып тастау және басқа да бірқатар маңыз­ды мәселе қарастырылған. Үкімет жыл соңына дейін аталған заң жобасын Парла­ментке беруі қажет».

Осыған орай Абылай Мырзахметов алдағы жыл Үкімет пен ҰКП бірлесіп жұмыс істейтін өте маңызды әрі мазмұнды жыл болатынын айтты. Кәсіпкерлер, сарапшылар тартылады.

«Президент пандемия жағдайында дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу бойынша Үкімет пен «Ата­мекен» палатасының бірлескен жұмы­сының рөлін де атап өтті. Дағдарыс мүмкін­діктер беретінін де айтты. Икемді болып, уа­қытпен бірге қадам басып, бәсекеге қабі­летті болу керек. Съезд делегаттары жақ­сы ақпарат, қолдау және бағдар алды деп ойлаймын», деді еліміздің бас кәсіп­кері.

А.Мырзахметов отандық ғылым мен бизнестің арасындағы алшақтықты азайту бойынша жұмыстар жүріп жатқанын айтты. Бұған ауыл шаруашылығы саласынан бірнеше мысал келтіріп өтті.

«Шығыс Қазақстан облысында Фарид Абитаев деген кәсіпкер күнбағыс егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Бұған қоса ол шаруа қожалығының қасынан тәжірибе шаруашылығын ашып, шетелден әкелген жетістіктерді климатымызға, жерімізге бейімдеп, өнімділікті 5-6 есеге арттырып отыр. Сонымен қатар Алматы облысы Талдықорған қаласының тұрғыны Алмазбек Садырбаев та ғалымдармен келісіп жаңа эмбрион ашып жатыр. Осын­дай жетістіктер бар. Соның барлығын нақты жолға қоюымыз керек», деді А.Мыр­захметов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер қандай да болсын ғылыми зерттеулер мен ғылыми жұмыстарға ол бизнестің өркен­деуіне әкелетін болса ғана қатысады. Негізінен олар шетелдің технологиясымен, шетелдің трансферт технологиясына ғана бағытталады.

Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіп­керлер палатасының басқарма төрағасы елімізде 5 жылдың өңірлік бағдар­ла­малар әзірленетінін жеткізді. Бұл ұсы­нысты Мемлекет басшысы қолдапты. А.Мырзахметовтің айтуынша, бағдар­лама әр өңірдің мамандануына және бәсекеге қабілеттілігіне байланысты әзірленеді. Қазақстанда кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдайлар жасалуда, бірақ шекарада орналасқан өңірлерге қосымша жергілікті бағдарлама ашу арқылы көмек көрсету жоспарланған.

«Бұл кәсіп ашуға, оны дамытуға септігін тигізеді. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Омбыға апарып сүт сатқысы келеді. Ал Омбының сауда орталығына өту үшін субсидия керек. Бұл ретте жергілікті бюджеттен көмектесу арқылы сүт сатуға, сүт шаруашылығын, сүт бизнесін сол өңірде дамытуға жағдай жасалады. Мұндай бес жылдық бағдарлама өз нәтижесін береді деп ойлаймын», деді А.Мырзахметов.

Ол сондай-ақ Үкіметпен бірге түрлі сцена­рий­лерді дамыту қарастырылып жатқа­нын атап өтті. Ең нашар жағдай орын алғанда қолданылатын бес негізгі бағыт анықталды.

«Бизнес салықтар, несиелер, жалға алу және коммуналдық қызметтер бо­йынша төлемдерді, сондай-ақ мәжбүрлі түрде босатылған қызметкерлер үшін әлеуметтік төлемдерді кейінге қалдыруды сұрайды. Егер бөлек тоқталатын болсақ, кәсіпкерлердің көбі арзан несие желілерін сұрайды. Қандай да бір түзетулер енгізуге болады. Қазір барлық бағдарламалар бо­йынша мөлшерлеме 6% екенін білесіздер, бірақ бизнес 2%-бен беруге болады дейді. Ресейлік тәжірибеде 0% екенін білеміз», деді Ұлттық палата басшысы.

Оның айтуынша, зардап шеккен салалар тізімі де кеңейтілмек. Зардап шеккен салалар тізімінде Ұлттық экономика министрлігі 29 саланы анықтады, бұл негізінен қызмет көрсету салалары. Пандемия кезінде барлық сала зардап шекті. Тікелей зардап шеккендер де бар. Олар – банкет залдары, бильярд сияқты қосалқы салалар. Олар әлі күнге дейін локдауннан шыққан жоқ. Біздің бағалауымыз бойынша, оларда 132 мыңнан аса адам жұмыс істейді және олар үлкен шығынға ұшырады. Ал жанама түрде миллионға жуық кәсіпкер зардап шекті, бұл – барлық қазіргі бизнестің 70%-дан астамы. Сондықтан аталған тізімді кеңейту және оған еңбек қорын төлеуден босату жағынан шығынға ұшыраған өңдеуші салалардың түрлерін енгізу үшін Ұлттық экономика министрлігіне ұсыныс жасалды.