• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 02 Қараша, 2020

Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесіне негізделген "Әліппе" мазмұны бекітілді

2510 рет
көрсетілді

Әліппені әзірлеуге бағытталған жұмыс тобы қорытынды шығарды. Жаңа оқулық негізінде келер оқу жылы балалар жаңа Әліппемен оқып, желтоқсанда Әліппемен қоштасады. Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

"Жұмыс тобы 20-дан артық отырыс өткізді. Ғылыми негізге, практикалық қолданымға байланысты бірнеше ұсыныс түсті. Соның бәрі зерделеніп, осы уақытқа дейін бағдарлама, оқулық жасап жүрген нақты авторлардың қатысуымен жұмыс тобы жұмысын аяқтады. Екінші мәселе, әліппенің оқу бағдарламасына қатысты оқулықтар әзірлеу жұмысы басталды. Бұл жұмыстың соңы ретінде алдағы 2021 жылдың қаңтар айында оқулықтар апробацияға енгізіледі. Ол үшін БҒМ апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізімін бекітті. Осы бекітілген мектептерде әліппенің бағдарламасы біріншіден зерделенетін болады. Содан кейін оқулық әзірлеуге байланысты барлық кезеңнен толық өтеді. Сараптамадан өткен оқулықтар оқу жылында мектептерге енгізіледі", деді вице-министр.

Вице-министрдің  айтуынша, жалпы, әліппені 2021-2022 оқу жылында енгізу жоспарланған екен. Осы жоспарға сай жұмыс жүргізіліп жатыр. (...) Әліппенің жалпы мазмұны Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесін пайдаланып жасалатыны айтылды. Бұл жүйе, біріншіден, оқушылардың біліміне қатысты нағыз талаптарды қарай білетін: дыбыстардың реті, қолдану жиілігі ескерілгенін алға тартты.

Ведомство өкілі әліппені оқытудың үш кезеңі барын атап өтті: әліппеге дейінгі кезең, әліппе кезеңі, әліппеден кейінгі кезең.

"Осының екі кезеңі Әліппе оқулығы арқылы, ал әліппеден кейінгі кезең Ана тілі оқулығы арқылы жалғасып іске асырылады. Бұрынғы оқулықта әліппеге дейінгі кезеңге көп көңіл бөлген. Қазіргі оқытылып жатқан пәннің ішінде де осы ерекшеліктерге тоқталған, бірақ өз ерекшеліктері нақты оқуға байланысты берілген. Содан кейін бүгінде ата-аналардың түсініспеушілігін тудырып жатқан тұстары бар. Бәрі ескеріліп, қазіргі жасалатын Әліппе оқулығы баланың неғұрлым физиологиялық жас ерекшеліктерін ескеріп жасалады. Өте маңызды – әліппе кезеңі. Әріп үйрету, дыбыс үйрету, буын үйрету. Осы кезеңге баса назар аударылған. Өздеріңізге белгілі, Әліппемен қоштасу желтоқсанда өтетін. Қазіргі принцип те осыған жасалып, Ана тілі оқулығына көшіп, жалпы оқушының сөз талғамы, сөзжасамын дамыту кезеңі осы Ана тілі кезеңі арқылы жүргізіледі", деді вице-министр.

Еске салайық, елімізде ата-аналар оқушыларға Әліппені қайтаруды талап етіп, наразы болған. Содан соң Білім және ғылым министрлігі жаңа әліппе Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде жасалатынын хабарлады.