Банкке бара қалсаңыз, менеджерлер несие тарихын бұзып алмауды қадағалап тапсырады. Ал бұзылса не болмақ? Несие тарихын түзеп, қалпына келтірудің жолы бар ма?
Коронавируспен қатар келген дағдарыстың қарқыны да, салқыны да қатты. Жаһанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырғандай әсер қалдыруда. Бұл жолғы дағдарыс халықтың мойнындағы қарыздық жүктемені шамадан тыс көбейтіп жіберді. Бір жағынан алғанда бұл заңдылық секілді. Өйткені Қазақстан тарихында алғаш рет карантин жарияланып, төтенше жағдай енгізілді. Соның салдарынан бизнес субъектілерінің жұмысы тоқтады. Адамдар уақытша жұмыссыз қалды. Міне, осы кезде халықтың төлем қабілеттілігі төмендеді. Қазір екінің бірінде несие бар. Ал жұмыссыз қалған шақта несие міндеттемесін орындау мүмкін емес еді.
Сондықтан қайда барып, не істерін білмей аңтарылған жұртқа мемлекет көмек қолын созды. Яғни жеке және заңды тұлғаларды 2020 жылдың 16 наурызы мен 15 маусымы аралығында несие төлеуден босатты. Оны кейін төлеуге рұқсат берді. Мұндағы мақсаттың бірі халықтың несие тарихын бұзып алмауына көмектесу еді.«Бірінші несие бюросы» ЖШС өткен жылы мемлекеттік органдардың біріне арнайы зерттеу жүргізген екен. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Қазақстанда несиені көп жағдайда 25 пен 45 жас аралығындағы әйелдер алады. Оларды банктердің белсенді аудиториясы десек те болады. Ал 45 жастан асқан адамдар несиені сирек рәсімдейді. Олар негізінен автомобиль немесе ипотека алғанда кредиттің көмегіне жүгінеді.
– Көп жағдайда орта жастағы әйелдер мен ерлер несиені төлеу мерзімін кешіктіреді. Төтенше жағдай кезінде тығырыққа тірелгендер де – солар. Бұл ретте, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің несие тарихын оңалтуға қатысты арнайы қаулысы шыққан болатын. Алайда қаулы әлі жүзеге асырылған жоқ. Өйткені бірқатар шектеу бар. Атап айтқанда несие бюросының қандай да бір мәртебе қоюға, несие тарихына өзгерістер енгізуге құқығы жоқ. Сондықтан біз қазір Агенттікпен оңалтуды шынымен қажет ететін қазақстандықтарға көмектесу үшін аталған тетікті заңдық тұрғыдан реттеу жөнінде диалог жүргізіп жатырмыз. Бірақ несие тарихын оңалту қарызды кешіру дегенді білдірмейді. Осыны қаперде ұстаған жөн. Бірінші несие бюросының базасындағы деректер 15 жұмыс күні сайын жаңартылып отырады, – дейді Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева. Несие демекші, қазір қазақстандық коммунистер жеке тұлғаларға несие рақымшылығын жасау туралы бастама көтеріп жүр. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров арнайы депутаттық сауал да жолдады. Алайда Үкімет коммунистердің бастамасын қолдаған жоқ.«Несие рақымшылығын қолдану туралы ұсыныс тізбекті реакцияға және барлық қарыз бойынша міндеттемелердің жаппай орындалмауына алып келеді. Бұл банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және банктердің салымшылармен басқа да клиенттер алдындағы міндеттемелерін орындау қабілетіне қауіп төндіреді. Осыған байланысты бұл ұсыныс қолдау таппайды» делінген Үкіметтің ресми жауабында. – Шын мәнінде, рақымшылық пен несиені кешіруге байланысты кез келген ұсыныс тиімсіз. Өйткені кредиторлардың барлығын жеке инвесторлар деп қарастырған жөн. Бұл ретте қаржы ұйымдары қарыз алушыларға тиімді жағдайлар ұсынады. Қарызды қайтаруды кейінге қалдыруға, қарызды қайта құрылымдауға, қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді. Іс жүзінде қарыз алушылардың оң жамбасына келетін құралдар өте көп. Ал қарызды есептен шығарып, кешіре салу дұрыс емес. Мұның арты масылдыққа алып келеді. Несие алушылардың жауапкершілігін төмендетеді. Бұл туралы көптеген сарапшы пікір білдірді. Премьер-министр Асқар Мамин да несие рақымшылығы болмайтынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл жердегі біздің позиция мынадай: егер қарыз алушы несиені өтей алмаса, міндетті түрде кредиторға жүгінуі керек. Өз кезегінде қаржы ұйымы қарызды қайта құрылымдауға қатысты ұтымды ұсыныстар білдіріп, қарыз алушының жағдайына түсіністікпен қарауы керек, – дейді Ә.Нұрғалиева.
Еске сала кетейік, Бірінші несие бюросы қазіргі таңда 500-ден аса ақпарат тасымалдаушы жүйемен жұмыс істейді. Олардың қатарында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес ұйымдар бар. Соңғысына микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, несие серіктестіктері және тағы да басқалары жатады.
Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 1,5 млн-ы мүлдем несие алмаған. Ал қалғаны соңғы 16 жылда кем дегенде бір рет несие алып көрген.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша заңды тұлғалардың несие портфелі 8,2 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері несие алу көрсеткіші 1,7 пайызға немесе 139 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл ретте 30 мың шағын және орта бизнес субьектісі қарыз алған. Биыл оларға 5,85 трлн теңге несие берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 пайызға немесе 102,5 млрд теңгеге көп.