Қостанайда Covid-19 жұқтырған науқастарды емдеуге арналған жаңа инфекциялық аурухана пайдалануға берілді. Қаланың шетіндегі ашық алаңда бір жаздың ішінде бой көтерген жаңа заманауи стационар қазір науқастарды қабылдай бастады.
Коронавирусқа қарсы күрес шаралары барысында салынған жаңа аурухананың ерекшелігі сол – сырттай қарағанда шағын ғана емдеу мекемесі сияқты. Алайда стационардың жоғары технологиялық заманауи құрылғылармен қамтылған арнайы зертханасы, диагностика орталығы, ота жасайтын бөлімі бар. Инфекциялық орталықтың басты ерекшелігі – мұнда дәрігерлер науқасқа арнайы қондырылған планшет арқылы қашықтан бақылау жүргізе алады.
Инфекциялық стационар облыстық ауруханаға қарайды. Мұнда науқастарды оттегімен қамтамасыз етудің орталықтандырылған жүйесі бар. Яғни 8 тонна сұйық оттегі арнайы цистернаға құйылып, қажет болған жағдайда әр төсекке орнатылған құрылғы арқылы науқасқа қосылады. Стационардағы қалдықтарды жоюдың тиімді жолын қарастыру да ескерілген. Қалдықтарды ұнтақтап, зарарсыздандырып, қоршаған ортаға зиян келтірмеуін қамтамасыз ететін арнайы жүйе жұмыс істеп тұр. Созылмалы гемодиализі бар және коронавируспен ауырған науқастардың қанын тазарту қажет болған жағдайда, гемодиализден өткізу үшін су тазартатын, су дайындайтын бірегей жүйе бар. Ол жансақтау төсектеріне қосулы тұрғандықтан, науқасты мазалап басқа жаққа ауыстырудың керегі жоқ.
Қабылдау бөлімінің ерекшелігі туралы да айта кеткен жөн. Мұнда КТ құрылғысы мен рентген аппараты тұр. Бұл құрылғылардың көмегімен ауруханаға түскен науқас бірден негізгі диагностикалық зерттеулерден өтеді. Барлығы заманауи жеңіл пластик материалдардан жасалған. Сондықтан тез жуылып, тез зарарсызданады. Әр палатада 2-3 төсек қойылған. Өте қолайлы, жарық әрі жылы. Науқастар дәретхана, арнайы тазартудан өткен ауызсумен қамтамасыз етілген. Бұл індет жұқтырған науқасқа да, оны емдейтін дәрігерге де психологиялық тұрғыдан қолайлы жағдай туғызады.
«Қазір науқастардың көбі амбулаториялық жағдайда емделіп жатыр. Сондықтан әзірше жаңа инфекциялық стационарда медициналық қызметкерлері жеткілікті. Алайда алдағы уақытта 200 науқасқа дейін қабылдайтын болсақ, бізге қосымша медициналық қызметкерлер мен парамедиктерді жұмысқа алуға тура келеді», дейді Айдан Нарымбаев.
Инфекциялық орталық 200 науқасқа шақталған. 20 орындық жан сақтау бөлімі, эндоскопиялық және ультрадыбыспен емдеу бөлімі тағы бар. Жаңа аурухананы таза және лас аймаққа бөліп тұратын 8 модуль қарастырылған. Орталық ғимараттарының қос қапталында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі есік бар. Коронавирус жұқтырып, ауруханаға жеткізілген науқастар бірінші есіктен кіреді. Ал дертінен айыққан адамдар ғимараттың екінші жағындағы басқа есіктен шығады.
Бір қабатты аурухана ғимаратының жалпы ауданы 6800 шаршы метр болады. А.Нарымбаевтың айтуынша, мұнда ауаны тазартып отыратын кері желдеткіш орнатылған. Яғни палатадағы лас ауа дәлізге шықпайды. Ауруханадағы барлық ауа арнайы зарарсыздандыру құрылғысы арқылы сүзгіден өтіп, тазартылған күйде далаға бөлініп шығады.
Қостанай облысы