«Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жылғы 30 шілде күнгі №144 санында жарияланған журналист Қазбек Құттымұратұлының «Ғарифолланың есімі тізімге неге кірмеді?!» атты мақаласын оқып, қолыма қалам алып отырмын. Жоғарыдағы жазбада айтылғандай, әйгілі әнші, Қазақстанның Халық әртісі, 1934 жылы Алматыда өткен халық көркем өнерпаздарының бірінші бүкілқазақстандық слетінің дипломанты Ғарифолла Құрманғалиевтің тізімнен сызылуы кездейсоқ жіберілген қателік емес деп ойлаймын.
Ән бар – әнші бар. Әншінің шеберлігі – әнді халықтың жүрегіне ұялататындай етіп орындауына байланысты екендігі даусыз аксиома. Ендеше, Ғарифолланың кемеліне келтіре орындаған «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Ақ кербез», «Ісмет», «Боз жорға», «Он алты қыз» т.б. халық әндерінің орындау стилі бұзылмай бүгінгі күнге жеткендігі осы Ғарекеңнің арқасы емес пе?!
Қазақ өнерінің тарихында Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын», «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек», М.Төлебаевтың «Біржан – Сара», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операларында күрделі партияларды алғаш рет шырқаған да осы Ғарекең.
Ғарифолланың әншілік орындау шеберлігін қайталауға болатын шығар, бірақ асып түсу мүмкін емес деген ойдамын. Оның орындаған әндерінен нағыз қазақтың болмыс-бітімін көруге болады. Ән орындағанда даусы Алатаудың биік шыңынан асып шексіздікке сіңіп жатқандай сезімге бөленесіз. Көз алдыңа қазақ халқына тән буырқанған дауылды теңіз, жұлқына шапқан ат, жайылған шексіз сары далада толқыған ақ селеу мен аңқыған жусан иісі елестеп, еріксіз сезім тудырады. Сыңсу жоқ, құлшынған қайрат пен алып күш байқалады.
Заманымыздың көрнекті музыка маманы, композитор Нұрғиса Тілендиев өзінің бір естелігінде Ғарифолланың аузынан естіген: «Мен әнді Мұхиттың немересі Шайқының атына мінгесіп жүріп, дәл өзінен үйрендім» дегенін айтады. Демек, Ғарифолла әнші Мұхиттың өнерін дәл бастау-бұлағынан үйреніп, бүгінгі ұрпаққа жалғастыратын әншілер тобын тәрбиелеп,ізба-сарларын дайындап кеткені.
Әншінің төл шәкірттерінің бірі Бөрібай Картен алғаш рет Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында Қамбар Медетов атындағы өнер мектебінің қабырғасында дәстүрлі әншілер сыныбын ашып, әнші мұрасын жалғастырса, дәстүрлі әншілер Сәуле Жанпейісова, Айгүл Қосанова т.б. сахна төрінде Ғарифолланың әншілік өнерін дамытуда. Міне, сол себепті мақала авторы көрсеткендей ұлыларды ұлықтаумен айналысатын тиісті мекемелер мен жауапты адамдар газетте көтерілген ұсыныстарды ескеріп, тізімді толықтырып, халық пікіріне де құлақ асып отырса дейміз.
Жақсат ҚАРЛЫҒАШОВ,өлкетанушы