Алматыда 660-тан аса қараусыз жатқан электр желісі қала балансына берілді. Бұл – қала тұрғындары үшін тиімді қадам. Енді мемлекеттік қызметтер тарифі әлдеқайда арзандайтын болады.
Қаланың Мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Рүстем Әлиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифингте Алматы әкімінің иесіз желілерді қала балансына беру тапсырмасы қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы баяндады.
Осы мақсатта биыл «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-да электр желілері мен жабдықтарының 117 нысанын беру рәсімі жүргізілді. 2019 жылы «АЖК» АҚ-на электр желілері мен жабдықтарының 544 нысаны тапсырылды. Барлығы екі жылда 661 нысан өтті.
«Бұл шаралар қала тұрғындарына сапалы коммуналдық қызметтерді алуға, тарифтердің төмендеуіне және жалпықалалық тарифтермен теңестірілуіне алып келеді», деді Р.Әлиев.
Сонымен қатар иесіз желілерді қала балансына беру коммуналдық қызметтерге төтенше жағдайларда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Өйткені бұл – тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы коммуналдық апаттардың басты себептерінің бірі.
Инженерлік желілерді иесіз деп тану рәсімі Азаматтық кодекстің 242-бабына сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда аудандық әкімдіктер тұрғындардың өтініштерін жинайды, энергия тиімділігі және инфрақұрылымдық даму басқармасы мен коммуналдық қызметтерді жеткізушілермен бірлесіп, қайталануды болдырмау мақсатында иесіз нысандардың тізбесі дайындалады. Бұдан әрі иесіз нысандар тізбесі Мемлекеттік активтер басқармасына жіберіліп, басқарма өз кезегінде нысандарды иесіз деп тану рәсімін бастайды.
АЛМАТЫ