• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қараша, 2020

Бердібек Сапарбаев коронавируспен күреске барлық ресурстарды жұмылдыруды тапсырды

210 рет
көрсетілді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев коронавирустың екінші толқынына дайындық барысын пысықтады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Коронавируспен күресу стратегиясы бірнеше пунктен тұрады десек, олар – төсек орындары, медициналық қызметкерлер, дәрі-дәрмектер, қажетті жабдықтар, зертханалық зерттеулер, жеке қорғаныс құралдарымен қамту шаралары және мобильді топтардың жұмысы.

Бұл орайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев барлық қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыруды тапсырып, қауіпті инфекция өрши түскен жағдайда барынша дайын болуға шақырды. Облыстық жедел штабтың кезекті отырысында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев медициналық мекемелердің 100 пайыз дайын екенін айтты.

Облыста 2530 төсек-орын жасақталған, оның 253-і жан сақтау бөліміне тиесілі. Медициналық мекемелерде өкпенің 253 жасанды желдеткіш құрал, 706 оттегі баллоны, 542 оттегі концентраторы, 1009 импульстік оксиметр, 19 цифрлық рентген аппараты, 10 компьютерлік және 7 магниттік-резонанстық томографтар бар. Жақын арада   тағы 74 ӨЖЖ, жеті компьютерлік томограф, төрт цифрлық рентген аппараты, төрт оттегі станциясы, сондай-ақ, 74 бірлік жедел жәрдем көлігі, сегіз жылжымалы медициналық кешен, 100 көпфункционды төсек жеткізіледі деп күтілуде.

Бердібек Сапарбаев барлық реанимациялық төсектерді ӨЖЖ аппаратымен қамтамасыз етуді тапсырды.

Облыстың бас дәрігері амбулаториялық деңгейде де, стационарлық деңгейде де дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры бар екенін тілге тиек етті.

Жалпы, 4 410 медицина қызметкерін тарту жоспарланып отыр десек, оның ішінде 882 дәрігер, 1764 орта буын медицина қызметкерлері және сонша кіші буын медицина қызметкерлері бар. Облыс әкімі мен С.Д.Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетінің ректоры арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында қосымша 150 маман тартылмақ.

Өңірде жеті ПТР зертханасы бар. Міндет – зертханалық зерттеулердің тиімділігін, ПТР зертханаларының саны мен сыйымдылығын арттыру.

Облыс әкімі әлі де мобильді топтардың жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.

"Өкінішке қарай, коронавирустық инфекция қаупі әлі жойылған жоқ. Біз нақты және дәйекті түрде әрекет етуіміз керек. Тұрғындар немқұрайлылық танытқан сайын, коронавирусты жеңу мүмкін емес. Халық үйлену тойлары мен мерейтойларды өткізуді тоқтатпай отыр. Мұндай фактілерді анықтауы тиіс мобильді топтар ешқандай мардымды шара қолданып жатқан жоқ, рейдтерді тек есеп үшін жүргізуде", - деп ашуланды облыс әкімі.

Мысалы, Тараз қаласында 10-30 қазан аралығында мобильді топтар 3033 нысанды тексеріп, карантиндік режимді бұзғаны үшін тек 18 хаттама толтырған. Сарысу, Мойынқұм, Меркі, Жуалы, Қордай аудандарындағы мобильді топтардың да жұмысы ойдағыдай емес.

Жоғарыда аталған аудандар мен облыс орталығының әкімдері жағдайды түзететіндіктеріне сендіріп бақты.

Бердібек Сапарбаев кездесуге қатысқан дәріхана желілері өкілдерін жағдайдын кез-келген бағытта өршуіне дайын болу керектігін, туындап отырған мәселелер туралы ашық айтуға шақырды.