• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 04 Қараша, 2020

Жаһандану және постмодернизм

859 рет
көрсетілді

Әлемдегі дамыған мемлекеттерде жаһандану үдерісінің шапшаң дамуының өзіндік себептері бар: бұл жағдай сол елдердің шығарған өнімдерінің сатылу аясын кеңейтеді. Жаһандану процесі америкалық, батысеуропалық, араб, қытай, үнді мәдениеттерін күшейтсе, «даму кезеңіндегі экономикаға» ие елдердің мәдениеттерін керісінше әлсіретеді. Экономикаларының сыртқы елдерге тәуелді болуы, жалпы мәдениеттің жойылуына, ұлттық мәдениет құндылықтарына негізделген отандық өнім шығарушылардың азаюына немесе тіпті біздегідей ұлттық өндірісіміз жоқ дейтіндей жағдайға әкеледі. Басқа елдердің мәдениетіне тәнті кісілер ұлттық өндіріс өнімдерін менсінбейді. Сапасыз өнім ретінде қабылдап, сатып алмайды. Бұл жағдайды, мысалы, араб мәдениетіне еліктейтін апа-қарындастарымыздың ұлттық киім дәстүрлерінен алшақтап, арнайы бутиктер ашып, сол елдерден киім тасуынан көреміз.

Әбу-Дабиге барған бір сапарымда қаланың ең үлкен киім дүкенінде болдым. Сонда жергілікті арабтарды көрдім. Әйелдері мәдениеттеріне сай ұзын қара көйлектер киіп, қара көзілдірік таққан. Қасындағы ерлері жерге дейін жететін ақ матадан тігілген ұлттық киімдерімен дүкен аралап жүр. Кейін көрдім, әйелдерінің көйлектері үш-төрт мың доллар, көзілдіріктерінің өзі бір-екі мың доллар тұратын көрінеді. Өз киімін киген, өз тілінде сөйлескен және өздері сол жердің иесі екені білінетін араб елі мақтауға тұрар ел екен. Сонда, екінші қабатта тұрған мен өзімнің үсті-басыма карап өттім: шалбарым түріктікі, көйлегім тағы біреудікі, қалта орамалыма дейін біздің елдің заты емес, барлығы шетел өнімі екен. «Қазақстандық» деген ештеңем жоқ. Үсті-басымда елімізді танытатын бір зат болмағанына ішімнен өкініп, сол кезде «Енді шетелге шықсам, ең болмаса ұлттық тақиямды киіп шығамын», деп сөз берген едім. Арабтардың киген киімі, жүріп-тұруы, арабша сөйлескендері өздеріне жарасады. Неге? Себебі олар – арабтар. Бірақ осыған байланысты бір түсінбейтін де жайт бар. Неге қазақтың біразы, кейбір халық қалаулыларына дейін осылардың жүріс-тұрысына, өмір сүру салттарына тәнті болып, ұқсағылары келеді? Тек қана діни көзқарастарына жүгініп, бұл сауалға жауап іздесек, жаңыламыз. Негізгі себеп, арабтардың жаһандануға төтеп бере алғандығы, өз мәдениетін сақтай отырып, мәдени құндылықтарын тауарға айналдыра білуі, біздің арамыздан да тұтынушы табуы. Және бай, дәулетті ел болуы. Дәулет пен байлық басқа ел мәдениетіне қызығушылық тудыратын, солай қарай тартатын магнит сияқты. Байқап қарасаңыз, бір елдің тілін үйренуге құштарлық сол елдің қаншалықты бай-дәулетті болғандығымен тікелей байланысты. Сондықтан да мен ұлтшыл ба­уырларыма қазақ мәселесін тілден бастамауымыз керек деп жиі айтамын.

Тіл мәселесі шенділер біздің қолымызға уақытша ойнай тұрсын деп берген ойыншық сияқты. Нәтижеге жете алмай, шаршап, өкініп, өз-өздерімен таласып жүрсін дегендей. Бұл уақытта, нағыз «мемлекетшілер» әртүрлі жолдармен ел байлығын иеленіп, жан-жаққа сатып, ақшаларын шетелдерге шығарып үлгеруі үшін. Ұлт болашағына жанашырлар алдымен «Неге қазақша сөйлейтіндер, осы елдің иесі – қазақ елі кедей?» деген сауал қойып, соған жауап іздеуден бастауы керек. Елдің тілін басқа түгілі өз азаматтарымыз да менсінбейді, себебі қазақ тілі кедейлердің тілі деген түсінік басқа ұлт өкілдері мен қазақ тілін керек деп те санамайтын қандастарымыздың арасында кең етек алуда. Жастарымыздың өзі ана тілін білсе де, сөйлескілері келмейді. Қазақ тілін кедейдің, арба тасығандардың тіліндей көріп, тіл арқылы кедейлік вирусы жұғатындай көреді.

Мемлекеттік органдарда елдің ішінен шыққандар көп, бірақ өз арасында, жұмыста орысша сөйлейді. Егер орысша сөйлессең, саған деген сый басқа, бірақ қазақшаға көшсең, мәртебең сол мезгілде «девальвацияға» ұшырайды.

Қазақша сөйлейтіндерді қандай жолмен дәулетті қыламыз деген сауалға жа­уап ең маңызды мақсатымыз бен мәселеміз болуы керек. Қазақша сөйлегендер дәулетті болған кезде ғана, қазақ елінің тілін үйренгісі келетіндер ішімізден де, шетелден де табылады. «Қазақ тілі жалғыз мемлекеттік тіл болса, барлығы түзелер» деген түсінік дұрыс дейік, бірақ мұның қасында қазақша сөйлегендерді дәу­летті қылу, ел байлығынан үлес бері­луі, кәсіпкерлікке үйренуге кең түрде жағ­дай жасалуы тілді сақтап, дамыту­дың алғышарттарының бірі екенін ұмыт­пайық.

Жаhанданудың тигізер пайдалы жағын қабылдап, Америка, Батыс Еуро­па­дан келетін кейбір жат үрдістерге қалай қарсы тұруға болады? Бұған жол көр­сетер ғылыми ағым – постмодернизм. Бұл термин түптеп келгенде модернизмге қарсылықтан туындаған түсінік. «Постмодернизм» осы заманнан кейінгі соңғы заман. Қазақша оны «соңғы осы заманшылдық» деп те атауда. Яғни жаhандануға – дәстүрлердің, діндердің, мәде­ниет және идеологиялардың ұқсас болу кешендік үрдісіне, модернизмге қарсы постмодернизмнің өз мәдениеті­міздің ішінен үлгілі дәстүрлерді жаңар­та отырып қолданылуы. Еліміздің мента­ли­теті, ерекшелігі жаһандану кезеңінде өшіп, жоғалуына жол бермейтін кешенді түсінік.

Біріккен Араб Әмірліктерінде бол­ғанымда Әбу-Дабидегі біз тоқтаған мейрамхананың қарсы жағына қарасам, салынып жатқан құрылыста ақ көйлек, қара костюм киген, галстук таққан, ақ каскадағы бірнеше кісінің құрылыс басында жүргенін көрдім. Түс кезі еді, күн болса жанып тұр. Тапа-тал түсте шіреніп не қылып жүр, кино түсіріп жатыр ма деп ойлап қалдым. Сөйтсем, бұлар құрылыстың қалай салынуын тексеріп жүрген ағылшындар екен. Олар сөйтіп, күннің ыстығына қарамай, көйлектерінің соңғы түймесіне дейін салып, галстук тағып, костюммен жүретін көрінеді. Үнді фильмдерінде құм арасында, шыжыған ыстыққа қарамай, барлық түймесін тағып жүретін ағылшын әскерлері көз алдыма келді. Таңертең ас ішерде, жұмысқа келгендей костюмшең тамақ ішулері де еске түсті. Тамақ ішерде тәртіпті отырулары, ас ішу салттары, пышақ-қасықты қалай ұстауы – барлығымыз білетін ағылшын мәдениетіне тән ерекшеліктер. Осының бәрін сақтауы, қазірге дейін жоғалтпауы, ағылшын елінің жаһандануға қарсы қояр амалдарының біреуі ғана. Жаһандану кезеңінің ағылшындарға пайдалы жақтары көп болса да, өзіне тән өмір сүру мәдениетінен айырылғылары жоқ. Туризм, кино арқылы миллиардтар тауып отырған Британия өз мәдениетіне сүйсінушілерді, ағылшындардай болғысы келер басқа елдердің дәулетті кісілерін, ақшаларымен бірге өзіне тартуда. Жаhандану олардың мақсатына жұмыс істеуде, бүкіл ағылшын мәдениеті біртұтас тауарға айналды. Жаһандану кезеңінде өз мәдениетінен үлгі таба алмаған біздің де кейбір жастарымыз ағылшын мәдениеті, өмір сүру салттары бағытына қарай сырғи көшуде. Жаһанданудың нашар үлгілеріне біз – қазақтар қалай төтеп береміз, бұл процестердің алып толқындарында ағаш қайықпен жүзіп аман қала аламыз ба? Жоқ әлде басқа елдердей мәдениетімізді қорғау үшін, постмодернизм жолымен ескіден келген дәстүрлерімізді жаңалай, заманауи мәдениет кемесін құрып, мәдениетіміздің құндылықтарын қорғауға дайындаламыз ба? Ұлтымыздың бай мәдениетінің ішінен болашақ жастарымызға рухани қорек болар, күнделікті өміріне пайдалы үлгілерді алып, жаһан мәдениетінің ортасында лайықты орын ала аламыз ба екен? Яғни бір үлгі болар салт-дәстүрімізді бізге ғана маңызды зат ретінде дамытпай, біздің мәдениетіміз арқылы басқа елдердің ісіне жарайтын, маңызды құндылыққа айналдыра білеміз бе?

Жаһандану біздің өзгешелігімізді, ерекшелігімізді шайып кетпеуі үшін қазіргі кезеңді кешегі қазақтың көшпелі ел мәдениетін, ескі түркі, номад мәдениетінің жалғасы ретінде көрсете білуіміз, дүние мәдениетінде лайықты орын алуға негіз болар алғы шарттардың бірі. Сонымен, ескірді деген салт- дәстүрлерімізді жаңарта отырып, мемлекет идеологиясында, туризм саласында және басқа алаңдарда қолданып, пайда түсіре алуды үйренуіміз қажет. Жаһандану кезеңінде мәдениетімізді қорғайтын заманауи құралдар қалып­тастыру маңызды. Яғни жаңа кезеңде қолдануға жарар дәстүрімізді жаңартып, қазақ мәдениетін көрсететін, өшпейтін, дүниеде танымал үрдіске айналдыра алатын жолдар керек.

Үлкен, ғажайып дейтіндей емес, бірақ бүгінгі тақырыпты тереңірек аша алатын бір-екі мысал келтіре кетейін. Қырғыз ағайындардың жылда өткізетін «Көшпелілердің ойындары ретінде» фестивалін алайық. Қырғыз елінің мәдениетімен таныстыратын, экономикасын дамытатын дүние жүзіне танымал туризм шарасына айналды. Екінші бір мысал, түріктердің әлемге белгілі тағамы – дөнерді алайық. Барлық елдерге таралған фастфуд қаншама түрікке жұмыс, пайда табуға мүмкіндік берген тағам түрі. Ұлттық тағам мәдениетін қорғайтын, дамуын көздейтін үлгілердің бірі.

Сөйтіп мемлекетіміздің идеоло­гиясы­ның түп-тамыры, қайнар бұлағы сана­луы тиіс қазақ мәдениеті, дүние жүзін қам­тыған жаһандану процесінде жоғалып кету қаупі бар кезеңнен өтуде. Мә­дениет – ұлт және мемлекетті бірік­тірер құндылықтардың бүтіні, кешікпей қалыптасуы қажет «ұлттық идеологияның» іргетасы. Жаhандану – технологияны дамытатын, дүниені бір кішкентай ауыл жағдайына келтіріп, мәде­ниеттердің, экономикалардың тікелей араласуына жағдай жасайтын дүние дамуының жаңа үрдісі. Бұл дүние жүзін қамтыған объективті процесс, бұдан шекараны жапсаң да, құтыла алмайсың. Кіріспеймін десең, дамудың соңғы жағынан бірінші орын аласың. Бұған қарсы күресудің керегі де жоқ. Тек қана, мәдени құндылықтарымыздың лайықтыларын жаңалай, жаңа жағдайда қолданып, дүниежүзі тұтынушыларына ұнайтын заманауи үрдіс – тауарға айналдырып hәм мәдениеттер арасы күресіне және пайда табу көзіне айналдырып, бәсекелестікке дайын болу. Сонда ғана болашақтағы жаһан мәдениетінің ортасынан өзімізге лайықты орынды ойып алуымызға, мәдениетіміздің дамуын қамтамасыз етуімізге мүмкіндік туады.

 

Бейбіт КҮЛМАҒАМБЕТ,

қоғам белсендісі 

ҚАРАҒАНДЫ