Дәстүрлі қазақы ортада қоғам, адам және қоршаған табиғи ортаның арасындағы тереңге кеткен сан-салалы қатынас уақыт озған сайын кейін қалып бара жатқаны жасырын емес. Кейбір этнографиялық атаулар мен ұғымдар қолданыстан алыстаған сайын ұмытылып, көнеріп те қалды. Десе де соның кейбірін жаңартып, жаңғыртып кәдемізге асыра алсақ қой деп кейде қиялға ерік береміз.
Жуырда Кунсткамера қорындағы фотосуреттерді парақтап отырып, мына бір көрініс назарымды аударды. Ақ шаршасын басына тарта салып, қос білегін түрініп, нан қарудың қамына кіріскен қазақ әйелінің пеш қасындағы күйбеңі фотограф объективіне ілінген екен. Фотосурет 1950 жылы Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында түсірілген. «Нан пісіріп отырған қазақ әйел» деп көрсетілген. Анықтап зер салсаңыз нан жаятын тақтайдың астында ағараңдап жатқан әлдебір ақ матаны аңғарасыз. Бір қарағанда елеусіз көрінетін төселген жайма тегін жатқан жоқ, оның өзінің лайықты атауы, белгілі бір қызметі бар. Яғни ұн елегенде, қамыр жайғанда астына салатын осынау ақ тері жайманы сыпыра деп атаған екен. Әдетте сыпыраны иленген қой-ешкінің тұтас терісінен жасайды. Ол үшін сойылған малдың терісін алдымен жүнін ішіне қаратып орап, жылы жерге қояды. Бір-екі күн тұрған терінің жүні өздігінен жидіп түседі. Жидіген тықыр терінің иін қандыру үшін айран немесе айранның сарысуына қарабидай ұнын қосып дайындаған игер орайды. Әрине, шаруаға дағдыланған халық арасында тері жұмсақ болуы үшін теріні жидітудің сан түрлі тәсілі де қолданылатыны сөзсіз. Бірақ замана тынысына, шаруа ыңғайына орай қиыншылығы басым мұндай жайманы қазір ешкім жасамайды, оның орнына бірнеше қабат матадан тігілген кенепті жая салған оңай екені рас. Мұндай көне жәдігерлер тек музейлерден, содан соң осындай ескі фотосуреттерден ілеуде бір ұшырасып қалуы мүмкін.
Нан жабу, бауырсақ пісіру немесе асылып жатқан еттің жаймасын дайындау үшін алдымен осы сыпыраны жаяды. Қамырды илеп, бірнеше зуала дайындағаннан кейін сыпыраның үстіне нантақтайды қойып, оқтаумен ыспалап бөлек-бөлек жайып шығады.
Сыпыра халық түсінігінде дастарқан тәрізді береке, молшылық әкелетін, отбасының ынтымағын жарастыратын қасиетті бұйым саналған. Сондықтан сыпыраны теріс бүктеме деген ырым сөз де сақталған. Нан жайылып болған соң, сыпыраның ішіне аздап ұн мен ашытқы қалдырып, алдымен ішкі жағын беттестіре екі бүктеп, кейін екі жақ шетін теңестіре қайырып, ортасына қарай теңдей бүктеп, жоғарыға қойған.
Сыпыра байлық пен молшылықтың нышаны саналғандықтан, мол дәулетке ие болып отыр деген мағынада «сыпыраның ішінде отыр», «қойдың сыпырасы» екен деген мағынада бағалау мәніндегі фразеологизмдер қалыптасқан. Мұндай бейнелі сөздерді өзге де түркі халықтарынан кездестіруге болады, мәселен, қырғыз тілінде «қудайдың супурасы» деген сөз «оты мол жер» дегенді білдіреді екен. Одан бөлек, біз сыпыра сөзін XIV ғасырда Тоқтамыс пен Едігенің тұсында өмір сүрген Сыпыра жыраудың ныспысымен байланыстыра есіткен едік. Жыраудың есімі «Ер Тарғын», «Телағыс», «Құбағұл» сынды бірталай батырлар жырында аталады. Сыпыра жырау шығармашылығы көптеген түркі халықтарының әдебиетінде ел бірлігінің ұраншысы, данагөй абыз ретінде көрініс береді. Ноғайлықтарға Сыбыра йырау, башқұрттарға Сыбрй йырысы, татар халқына Сафардау, қырымдықтарға Сыпыра жырау ретінде белгілі. Қай тұсынан алып қарасақ та береке-бірліктің көрінісі болған сыпыра сөзінің мағынасы жақсылыққа үндейтінін байқаймыз. Осынау сыпыра сынды сөздерге жан бітіріп, күнделікті тұрмысқа енгізуді ойластырсақ қарабайырланып, жалаңаштанып бара жатқан ауызекі тіліміздің бір жыртығы бүтінделер ме еді деп іштей «дәметіп» қалатынымыз жасырын емес.
Қазір күнделікті тұрмыстағы ұғымдардың бір ізге түспегені соншалық қазақша икемдеп, баламасын іздеп қиналмайтын болдық және терминологиялық сөздіктердің төңірегіндегі мәселелердің талаптан шыға алмай отыруы жазылмай жүрген мәселе емес. Қазақ тіл білімінің терминдерді реттеу, бірізге түсіру жұмыстарының нәтижесін түсіну үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Мысалы, қаладағы кез келген дүкенге кіріп, бақылап, құлақ салып тыңдасаңыз жаңа қазақтардың бүгінгі бет-бейнесіне қайран қалар едіңіз. Шұбарланған тілі я қазақша, я түбегейлі орысша емес, екеуінің қосындысынан өсіп-өнген мүлдем жаңа тілмен сайрайды. «Маған бір пачка сағыз беріңізші», «Мына сүт свежий ма», «Доча, чуть күте тұршы» дегендей құлаққа түрпідей тиетін тіл қатысу өміріміздің өзіне айналды. Қарап тұрып жылап алуға да болады.