• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Мемлекеттік қызмет онлайн көрсетіледі

405 рет
көрсетілді

Жарты әлемді жайлаған пандемия айналдырған жарты-ақ жылдың ішінде қоғамға үлкен өзгеріс әкелді. Сол сәттен мемлекеттік мекемелердің көбі онлайн форматқа көшті.

Осы ретте мемлекеттік қызмет көрсету саласына да бірқатар өзгеріс енді. Тұрғындар Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ұзын-сонар кезекке тұрмайтын болды. Қызметтің көбі – онлайн. Халық тек қағаз жүзінде көрсетілетін қызмет­терді алуға барады. Халықпен тікелей жұмыс істейтін азаматтардың қызметі де үлкен өзгеріске ұшырады.

– Мен ХҚО-да көп жылдан бері жұмыс істеймін. Біз күн сайын клиент­­тердің жүздеген сұрағы­на жауап береміз, кеңес береміз. Қалыпты жағ­дайда жұмыс істей жүріп, аяқасты қашықтан қызмет көрсетуге көшкенде жауабымыздан гөрі сұрағымыз көп болды, – дейді Өскемен қаласындағы №3 ХҚО маманы Гүлнұр Нұрчина.

Наурыз айының соңында еліміз бойынша ХҚО-лар жабылды. Қызмет алушылар барлық қызметті egov.kz электронды порталы арқылы алуға мәжбүр болды. Бұл жерде мем­лекеттік корпорация басшылығы қызмет алушыларға барынша көмек беру керек екенін түсініп, 1414 call-орта­лы­қтың жұмысын күшейтті.

Мемлекет үшін қызметтен халық­тың денсаулығы әлдеқайда ма­ңызды еді. Сондықтан да Шығыс Қазақстан облысында 250-ден астам халыққа қызмет көрсетіп отырған маман үйлеріне қайтарылды. Олар азаматтарға 1414 телефон нөмірі бо­йынша қашықтан кеңес беруге көшті. Төтенше жағдай кезінде үйден жұмыс істеген кеңесшілердің бірі Өскемен қаласы №3 ХҚО маманы Ләззат Ахметаллинова еді.

– Алғашында өте қиын болды, күніне 200-250 қоңырауға дейін қабылдадық. Біз үшін бұл сынақ сияқты, – деп еске алады Ләззат.

Олардың жұмысы телефон арқы­лы кеңес берумен шектелген жоқ. Көп ұзамай порталда ЭЦҚ-ны қашық­тан алу іске асырылды, eGov.kz порталында бейнекамера арқылы азаматтарды сәйкестендіру мәселесі туындады. Ол үшін республика бойынша 800-ге жуық қызметкерге, ал Шығыс Қазақстан облысы бойынша 120 қызметкерге жаңа міндет жүктеліп, олар виртуалды ассистент және бейнеконсультант болып жұмыс істей бастады.

ХҚО бейнеконсультанты Жанат Оспановтың айтуынша, электронды форматқа көшу халық үшін оңай болған жоқ. Кейін бәрі онлайн фор­матқа үйренісіп кеткенімен,  бар­лы­ғы смартфоннан бас ала алмай қалды.

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында карантин шаралары қайта күшейтіліп келеді. Ірі қалалардың ХҚО-ларында қағаз қызметтері тек алдын ала броньдау бойынша ғана көрсетіледі.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» фи­лиалының директоры Азамат Есем­булов­тың айтуынша, броньдауды енгізген кезде көптеген клиент түсінбей, онлайн алуға болатын қа­рапайым анықтамалар үшін ХҚО-ға баруды қоймаған. Ал бүгін азамат­тардың үйде отырып қыз­мет алуы әлдеқайда ыңғайлы және қауіпсіз. Оған көпшіліктің көздері жетті де.

Қаперлеріңізге сала кетсек, бүгін­гі күні мемлекеттік қызметтердің 80%-ын eGov.kz электрондық үкімет порталы, eGovKzBot2.0 telegram-боты және eGovMobile мобильді қосымшасы арқылы алуға болады.

 

Шығыс Қазақстан облысы