• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қараша, 2020

Қостанай облысында карантин талабы қатая түсті

337 рет
көрсетілді

Қостанай облысында кітапхана, музей, галереяларға, сондай-ақ, өнерсүйер қауым көп жиналатын көрмелерге 65 жастан асқан адамдардың бас сұғуына тыйым салынды. Мәдени нысандарға келушілердің саны 30 адамнан аспауы тиіс, деп хабарлайды Egemen.kz.

65 жастан асқан егде кісілер азық-түлік дүкеніне, дәріханаға, емдеу мекемелеріне бару қажет болғанда немесе  қоқыс шығаруға тура келген жағдайда ғана көшеге шыға алады. Аймақтың бас санитарлық дәрігері В.Нечитайло қол қойған қаулыға сәйкес, талап сақталмаған жағдайда тәртіп бұзған қарттарға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.  

Сонымен қатар, қоғамдық моншалар мен сауналар бір адамды кем дегенде 4 шаршы метрлік орынмен қамтамасыз етуі керек. Бұл нысандар жұмыс күндері жуынушыларды міндетті түрде жазбаша түрде алдын ала тіркеуге қою арқылы таңғы 8.00-ден 21.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Онда да жуын бөлмесінде моншаға сиятын адамның 30%-ының ғана болуы талап етіледі.  

Жабық спорт нысандары (спорт кешендері, спорт мектептері, спорт клубтары, жаттығу залдары, фитнес-орталықтар, спорттық-сауықтыру орталықтары)  7:00 ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді. Жаттығуларға қатысушылардың саны 5 адамнан аспауы қажет.

Ұжым немесе топ болып табиғат аясына шығуға, көрнекі орындарды аралауға шектеу қойылды. Мұндай экскурсияларға тек құрамында әрі кеткенде 3-4 адамы бар   отбасылық топтарға ғана рұқсат етіледі.

Сондай-ақ балалар мен ересектерге қозғалыс құралдарын (электромобиль, педальды автомобиль, картинг, гидроскутер, т.б.) жалға беру орындарының жұмысына да тыйым салынды.

Азық-түлік және басқа да тауарлар сататын ашық сауда орталықтары жұмыс және демалыс күндері 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал жабық сауда орталықтарына демалыс күндері жұмыс істеуге шектеу қойылды.

Діни мекемелер демалыс күндері  де жұмысын тоқтатпайды. Алайда 1 адамға 5 шаршы метр қарастырылып, келушілер ғимаратқа сиятын адамдардың 30 пайызынан аспауы керек.