Орал қаласында қазан айы ішінде карантиндік шектеу шаралары 77 мәрте бұзылған. Қалалық әкімдік пен қалалық полиция басқармасы, волонтерлер және қоғам белсенділері жүргізген мониторниг осыны анықтаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Батыс Қазақстан облыстық Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес енгізілген шектеу шараларының сақталуын қадағалау мақсатында көптеген нысандарға мониторингтік тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Орал қаласы бойынша мониторингтік топтардың бақылауында тұрған 170-тен астам нысан бар. Бірақ, көпшілік жиналатын, салтанатты іс-шаралар өткізу мақсатында жалға беретін жеке үй мен коттедждер өз кәсібін тоқтатар емес.
"Өткен қазан айында жүргізілген мониторинг нәтижесінде Орал қаласында жұмыс кестесін бұзған 22 нысан, жұмыс режимін сақтамаған 53 нысан анықталды. Карантин тәртібін бұзған 2 тұрғын да жауапқа тартылды", дейді Орал қаласы әкімі аппараты ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы Аслан Жармұханов.
Бүгінде кейбір мейрамханалардың, қоғамдық орындардың шектеу тәртібін бірнеше мәрте бұзғаны анықталған. Енді ол нысандардың қызметі сот шешімімен шектелуі немесе тоқтатылуы мүмкін.
Орал қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері М.Танауовтың қаулысына сәйкес, қараша айының 7-сінен бастап кешкі сағат 23.00.-ден таңғы 6.00.-ге дейін автокөліктердің жүруіне тиым салынды.
Қызмет бабымен немесе аса қажет жағдайда көшеге шығатын көлік иелері "http://www.STOPCOVID.KZ" сайтында тіркелуі тиіс.
Батыс Қазақстан облысы