Елордада карантин және шектеу шараларын бірнеше рет бұзған 25 кәсіпкерлік нысаны бар. Бұл туралы бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиева брифингте хабарлады.
«Кәсіпкерлік субъектілері шектеу және карантин шараларын бұзуды жалғастыруда, олардың арасында тұрақты түрде тәртіп бұзушылар бар. Барлығы Нұр-Сұлтан қаласында 25 нысан тіркелді, онда бірнеше рет шектеу және карантин шаралары бұзылған. Оларға қатысты аудандық полиция басқармаларынан 140-тан астам материал келіп түсті. Бұл қоғамдық тамақтану және ойын-сауық мекемелері - клубтар, караокелер», - деді Жанна Пірәлиева.
Жалпы бұл мекемелерге 15 миллион теңге айыппұл салынды. Барлығы 836 жеке, лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері шектеу және карантин шараларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бөлім бастығы Азамат Садықов жаңа заң бұзушылық жағдайлары туралы айтты.
«Мейрамханаларда ауқымды отбасылық іс-шаралар өткізу үрдісі байқалады. Мысалы, 25 қазанда мобильді топ Сембинов көшесінде карантин режимін бұза отырып жұмыс істеген «Сұңқар» мейрамханасын анықтады. Мекемеде «Қалжа тойы» шарасын өткізген 50-ден астам келуші болған. Жалпы, қала бойынша карантинді бұзудың 2029 жағдайы тіркелген. Олардың 213-і маска тағу тәртібін елемеуге қатысты», - деді Азамат Садықов.
Қала тұрғындары барлық санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтауы, аса қажеттілік болмаса адам көп жиналатын жерлерге бармауы тиіс.