• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Абай 05 Қараша, 2020

Көрмеде – хакім мұралары

789 рет
көрсетілді

Жуырда Ұлттық му­зей­де Абай Құнан­бай­ұлы­­ның 175 жыл­дық ме­­рей­тойына арналған «Абай және рухани мұра» атты ил­люс­тра­циялық-кітап көрмесі ашылды. Атал­ған шара М­ә­­де­ниет және спорт ми­нис­трлігінің қол­да­уымен һәм Ұлт­тық ака­­де­­миялық кітап­ха­на­ның ұйым­дас­ты­руы­мен өтіп отыр.

Ұлы ақынның шығар­ма­шылық мұрасын қазақ халқының рухани қазынасы және ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттап, жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруды мақсат тұтқан көрменің елордалықтар үшін бір ай бойы есігі ашық.

Үш бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімі Абай­дың өмір жолына арнал­ған. Мұнда «Абай елі» кітап альбомы қойылып, ақынның туған жері Жидебай шатқалы инсталляция арқылы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы) бейнеленеді. Сондай-ақ «Абай және Зере» образдары сахналанып, сол кез­дегі тұрмыс белгілері бар киіз үйдің едені, ақынның сү­йіп ойнайтын тоғызқұмалақ ойыны ұсынылған. Ашылу рә­сімінде ақынның тоғыз жа­сында жазған «Кім?» атты сатиралық шығармасы оқыл­ды. Ал «Абай оқыған кітап­тар» кітап көрмесінде Науаи, Низами, Саади, Жәми, Хафиз, Фирдоуси және А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Крылов, Шил­лер, Гете, Байрон, Гейне, Мицкевич және т.б. тура­лы ақпараттар беріліп, «Құ­нан­бай» және «Абай жолы» атты көркем фильм­де­рінен үзінді көр­сетілді. Сонымен қатар «Абай жолы» ро­маны бо­йын­­ша бір кітаптың көрмесі қо­йыл­ған.

Көрменің екінші бөлімі «Абай шығармашылығы және Абай­тану» деп аталыпты. Мұнда сирек кітаптар мен құ­жаттардан тұратын «Ұлы Абайдың алғашқы басылымдары» жинақталып, «Қара сөздері» бойынша бір кітаптың көрмесі қойылды. Абайды алғашқы танытқан тұлғалар – Ә.Бөкейхан, И.Бороганский, М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов және т.б. кітаптары мен құжат­та­ры да ұмыт қалмаған. Ал Абайдың танымдық және көр­кем мұралары инсталляция ар­қылы бейнеленіпті.

«Абай және қазіргі заман» деп аталған үшінші бө­лім­­де 10 тамыз – Абай күні­не байланыс­ты материалдар ұсынылған.

Айта кетейік ақынның өмі­рі мен шығармашылық мұ­ра­­сын орыс оқырмандарына алғаш таныстырған қоғам қай­­рат­кері, журналист, этнограф Әлихан Бөкейхан болатын. Оның бірінші мақаласы («Абай (Ибраһим) Кунанбаев – мүнаһиб (некролог)») 1905 жыл­дың қараша айында «Се­ми­­палатинский листок» газе­­тінің 250-252 сандарында жа­рия­ланды. Бір жылдан соң, «Семипалатинские областные ведомости» газетіне қайта басылып, кейін 1907 жылы «За­пис­ки Семипалатинского по­дотдела И.Р.Г.О.» атты кітап­қа да шықты. Ал 1991 жылы Тұрсын Жұртбайдың аудар­масымен «Жұлдыз» журна­лына жарияланған еді.

Игі шараға Ұлттық акаде­мия­лық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Ұлттық Музей директоры Арыстанбек Мұха­­медиұлы, түрколог, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ибраев, ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы қатысты.