Алматыдағы кыз-келіншектер мен көпбалалы аналар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін қолға алынған «Бақытты отбасы» бастамасы бұдан былай басқа бағытта жұмыс істеуі бек мүмкін. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тағдыр тәлкегіне тап болған әйелдерді әлеуметтік қолдау орталықтарына барған кезінде осындай шешім қабылдады.
Қала билігі үшін өткен жылы Алматының әр ауданында «Бақытты отбасы» әлеуметтік қолдау орталықтарын ашу басты мақсат болса, биыл оның тиімділігі алдыңғы қатарға шығып отыр. Мұндай орталықтар әйелдердің, әсіресе көпбалалы аналардың іскерлік белсенділігін арттыруға септігін тигізуде.
– «Isker Ana» бағдарламасы арқылы бизнес дағдыларына үйретуді бастап, инновациялық жобаларды іске қосу үшін гранттар ұсындық. Ақмарал Басирова құрған Алатау ауданының «Бақытты отбасы» орталығы бір жылдың ішінде Алматының өзге аудандары үшін ғана емес, еліміздің басқа өңірлері үшін де үлгі бола білді», дейді орталықтардың тіршілігімен танысқан шаһар басшысы.
Әкімнің айтуынша, мұнда әйелдерге кеңес беріліп қана қоймайды. Қиын жағдайға тап болған әйелдердің өздеріне қайта сенуіне, өздеріне ұнайтын нәрсені таңдап, өмір салтын толығымен өзгертулеріне көмектеседі. Аналар балаларға өз еңбегімен ақша табуға болатынын көрсетеді. Күн сайын мұнда 150-ге жуық әйел келеді. Бір жылдың ішінде 25 мың әйел адам 31 бағыт бойынша түрлі курстарда білім алды.
Алматы әкімі бір жыл бұрын орталыққа бапкер ретінде келген Мөлдір Жүнісбекованың өмірін мысалға келтірді. Ол 500-ге жуық әйелді оқытса, соның 200-і бүгін жұмыс тапты. Тіпті ол жаңа жұмыс орындарын құруда. «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша 2,5 млн теңге көлемінде грантқа ие болған Мөлдір 10 әйел еңбек ете алатын тігін цехына арналған жабдықты сатып алды.
Бастаған ісін баянды етіп отырған Мөлдірге шаһар басшысы: «Сәттілік серігіңіз болсын! Жақсылыққа сеніңіз! Біздің тарапымыздан әрдайым қолдау мен көмек болады», деп демеу білдірді.
Жыл басынан бері Алатау ауданының «Бақытты отбасы» орталығында 27 мың әйелге «Іскер ана» бағдарламасы бойынша ақпараттық-консультациялық-ресурстық қолдау көрсетілді. Тренингтер мен курстарда 25 мың адам оқыды.
Сонымен қатар «Бизнес Бастау» жобасы бойынша 537 әйел білімін жетілдірді, олардың 300-і грант алып, киім жөндеу, кондитер, шаштараз, маникюр салондарын ашты, балалардың даму кітаптарын жасап, автокөлік мұқабаларын тігіп және басқа да салалар бойынша өздерінің кәсіптерін бастады.
Екі әйел «Бизнестің жол картасы-2025» аясында инновациялық жобаларды іске асыруға 2-ден 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алды. Өндіріс шеберханаларын ашу үшін алаңдар беріліп, ал өнімдерін сату үшін базарлардан 50-ге жуық орын бөлінген.
АЛМАТЫ